«Құрылыс» термині сәулет және қала құрылысын қамтымайды

«Құрылыс» термині  сәулет және қала құрылысын қамтымайды
Сурет: Astanatv.kz

«Қалаларға құрылыс кодексі емес, қала құрылысы кодексі керек» дейді басқосуға қатысқан сарапшылар.

«Алматыбасжоспар» ҒЗИ алаңында «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметінің нормативтік-құқықтық саласындағы соңғы өзгерістер» тақырыбымен өткен «дөңгелек үстел» үлгісіндегі жиында қала құрылысы саласының сарапшылары құрылыс кодексінің олқылықтарын талқылап, ой-пікір,  ұсыныстарын ортаға салды. Жиынды жүргізуші Қазақстан қала құрылысшылары одағының президенті,  сәулетші Любовь Нысанбаева аталған кодекс жобасында аумақтық жоспарлау, қала құрылысын аймақтарға бөлу және аумақты жоспарлау негізінде аумақтың кешенді әрі тұрақты дамуын қамтамасыз етуге байланысты қала құрылысы қызметінің міндеті мен қағидаты жоқтығын алға тартты.

«Қала құрылысы блогы басымдыққа ие болуға тиіс. Кодексте көліктік, әлеуметтік, инженерлік құрылымды жобалаудың барлық қағидаты, тарихи мұра, жасыл қаңқа, экологиялық және сейсмикалық қауіпсіздікті сақтау басымдықтары, жобалау мен іске асыру кезінде жұртшылықпен, елдімекен тұрғындарымен өзара іс-қимылда жазылуы қажет», -- деп атап айтты Л.Нысанбаева.

«...Бұған қоса, кодекстің атауын «құрылыс кодексіне» өзгерту оның қолданылу аясын тарылтады. Өйткені «құрылыс» термині сәулет және қала құрылысы саласын қамтымайды» дейді сарапшылар. Биылғы 17 қаңтарда ҚР Парламент депутаттары ҚР Құрылыс кодексі  жұмысын қабылдаған болатын. Кодекс пен ілеспе заңдардың жобасы сәулет пен қала құрылысының прогрессивті және жүйелі тетіктерін белгілеуге, құрылыстың барлық кезеңін онлайн режимде бақылауға мүмкіндік беретін е-құрылыс ақпараттық жүйесін енгізуге бағытталған. Десек те, сарапшылардың пікірінше, кодекс айтарлықтай жетілдіруді қажет етеді.

Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры, қалалық мәслихаттың құрылыс, сәулет, урбанистика және жер қатынастары жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов қала құрылысы кодексінің қалалар  инфрақұрылымы мен тыныс-тіршілігін дамыту әрі жақсартуға негіз екенін, сонымен қатар қоғам мен бизнестің көптеген мүддесін қозғайтынын атап өтті.

«Бұл жағдайда құжатпен жұмыс істеу қиындық туғызады. Сондықтан, маңызды құжат кәсіби қауымдастық, нарық субъектілері мен жалпы жұртшылықтың талқысына түсіп, оны толық қайта өңдеу талап етіледі. Тиімді жұмыс істеу үшін қала жоспарлаушыларына, сәулетшілерге, дизайнерлерге, сарапшылар мен құрылысшыларға нақты алгоритм мен білікті заң қажет. Дегенмен, еліміздегі құрылыс саласы ондаған қолданыстағы заң мен заңға тәуелді актілер жиынтығынан биік болатын нақты реттеуші тетікке ие емес», -- дейді Н.Шоқанов.