Қызылорда облысында үш елді мекенде шегірткелер қаптап кетті

Қызылорда облысында үш елді мекенде шегірткелер қаптап кетті
Cурет: 24.kz

4 мың 600 гектар жер саяқ шегірткеге қарсы химиялық өңдеуден өтті

Қызылорда облысы Шиелі ауданының 3 елді мекенінде саяқ шегіртке қаптап кетті. Бұл туралы Almaty-akshamy.kz  «Хабар24» телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Осыған орай шаруашылықтар зиянкестерге қарсы дәрі шашу жұмыстарын жүргізді. Жалпы биыл Шиелі ауданы бойынша 30 мың гектардай жер зерттеліп, 4 мың 600 гектары саяқ шегірткеге қарсы химиялық өңдеуден өтті. Сонымен қатар шаруашылық құрылымдарының 5 мың гектардай жеріне зиянкестерге қарсы препараттар себілді.

Мұнан бөлек аса қауіпті азиялық шегірткеге қарсы шаралар да жоспарлы түрде жалғасуда. Бұл ретте аудан бойынша 12 мың 440 гектардан астам жер залалсыздандырылған.

«Бестам, Еңбекші және осы кент орталығына бұлтты дауыл келіп, арнайы табиғи құбылыстың әсерінен болған. Біз дер кезінде улау мекемелерімен бірігіп өңдедік. Ешқандай да егінге залалын тигізген жоқ», - дейді Шиелі аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мұрат Әшірбеков.