Қазақстандық каратэшілер әлем кубогында 23 алтын медаль еншіледі

Қазақстандық каратэшілер әлем кубогында 23 алтын медаль еншіледі
Сурет: Elorda.info

Болгарияда киокушинкай-кан және шинкиокушинкай-кан каратеден жастар арасында әлем кубогы өтті.

Жыл сайын дәстүрге айналған бәсекеге биыл 22 елдің 350-ден астам татами шебері жиналды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Қазақстан ұлттық құрамасының 45 өкілі жарыс басталғаннан бастап-ақ, жоғары нәтижелер көрсетіп, жүлделі орындарға ие болды. 

Нақтырақ айтқанда, Қазақстан құрамасы жарыстың екі күнінде 23 алтын, 9 күміс пен 12 қолаға қол жеткізді. 

Соның ішінде Нұр-Сұлтан қаласының құрама командасының қоржынында 13 алтын, 6 күміс жүлде. 

Қазіргі кезде әлемдік ареналарда үздік нәтиже көрсетіп жүрген елордалық Антон Зимарев, Мақсат Искаков және Рахат Жанғабыловтар осы жолы да Әнұранымызды асқақтатып, көк Туымызды желбіретті.

Қазақстан құрамасы әлем кубогына осымен 5-ші рет қатысты. Каратэшілердің ең үздік нәтижесі 2019 жылы 9 алтын, 17 күміс, 22 қоламен тіркелген болатын.

Ал биыл Қазақстан құрамасы әлем кубогында жалпы командалық есепте бірінші орынды жеңіп алды. 

Осылайша, 22 мемлекеттен суырылып шығып, қазақстандық каратэшілер әлемдік рекорд орнатты.

Айта кетейік, әлем чемпионатында топ жарған спортшылар Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайына 12 шілдеде 07:55-те қонады.