Қазаққа отаншыл  реформаторлар керек

Қазаққа отаншыл  реформаторлар керек
сурет: n.qamshy.kz

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауы толығымен экономикаға арналды. Соның ішінде өңдеуші өнеркәсіп орындарын көптеп салу туралы бірқатар тапсырмалар берілді.

Осы ретте белгілі экономистердің, қаржы саласының білгірлерінің парасатты пайымдауларын білгенді құп көрдік. Осыған орай экономист, қаржы сарапшысы Мақсат ХАЛЫҚПЕН тілдестік.

 

«Бәрін кадр шешеді»

  Бұл жолғы Жолдау бірыңғай экономикалық бағытқа арналды. Осыған қатысты өзіңіздің ой-пікіріңізді білдірсеңіз…

– Иә, Мемлекет басшысының Жолдауы түгелімен экономикалық мәселелерге бағытталды. Өңдеуші өнеркәсіпті жандандыру қажеттігін көрсетті. Шикізатты экспорттап отыратын бағыттан бас тарту керектігін меңзеді. Соның ішінде аралық, тереңдетілген өнімдерге көңіл бөліп, өндірістік саясатты жүргізу туралы бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді. Одан кейін ауылшаруашылық саласы, логистика, ІТ, жасыл экономика бәрінің негізгі драйвері болатыны анық. Сондықтан осы салаларға көңіл бөлсек, көп нәрседен ұтарымыз айқын. Бізге оптимистік көзқарастағы адамдар қажет. Шенді-шекпендінің көп болғаны мемлекеттік қызмет істерін баяулатады. Қазақта «қойшы көп болса, қой арам өледі» деген ұлағатты сөз бар. Осыдан-ақ логика қайда жатқанын ұға беріңіз. Қазақстанға экономика, бизнес, білім мен ғылым, жаңа технология, инвестиция тілін білетін, өз ұлтын сүйетін қазақи менеджерлер қажет.

Еліміздің ішкі өнімін алдағы 7 жылда 2 есеге арттыру жайында тапсырма берілді. 450 миллиард долларға жеткізу туралы талап қойылды. Сондай-ақ, Үкіметке кемі 6-7 % жалпы ішкі өнімді қамтамасыз ету тапсырылды. Қаржы сарапшыларының пікірінше, әлгі межеге жету жолында 10% өсім лазым. Жаңа айтқанымдай, мемлекеттік бағдарламаларды жедел іске асыратын, іскер азаматтар ауадай қажет.

– Өңдеуші өнеркәсіпті қолға алу нендей игі өзгерістерге бастайды?

Өңдеуші өнеркәсіп туралы жеке-дара айтылғандығы қуантады. Айтып қана қоймай, зауыт, фабрика, цех салу жөніндегі ұсыныстарды іске асыра берген жөн. Бұл ел экономикасын түрлендірудің негізгі бағыттарының бірегейі. Мойындайық, біз шикізатты елміз. Дәлірек баяндағанда, мұнай мен газға тәуелді болып келдік. Халықаралық терминде бұндайды «голландық ауру» деп санайды. Яғни ешнәрсе өндірмейді. Тек қана шикізат құрсауында қалады. Байқағанымыздай, дәп қазіргі сәтте өңдеуші өнеркәсіпті мықтап қолға алу межесі тұр. Елде қандай өндірістің мүмкіндігі бар, соған қарап алға қарай жылжу міндет.

Бұрынғы мемлекеттік бағдарламаларда өндіріс жайы көп ескерілмеген. Соның бірі – планшет шығаратын зауыт. Шын мәнінде ондай өндірістік қуаттылық, білікті кадрлар, технологияларымыз жеткіліксіз бола тұра, соны істемекші болды. Ақыры сол жобаға бөлінген ақша талан-таражға ұшырады. Осындай бос әурешіліктен арылайық. Сол себепті, не істей алатынымызды, өзіміздің күш-қуатты бағамдап барып іске кіріссек, нұр үстіне нұр. Нақтырақ айтсақ, мұнайды жер астынан тонналап қазып алып, экологияны нашарлата бергенше, мұнай-химияны дамытайық. Металды шикізат күйінде шетелге сата бермей, металл өңдеп шығарайық. Сонда Қазақ елінің өндірістік қуаттылығы артады. Бұл өз кезегінде экономикалық өзгерістерге алып келеді. Қазынаға түсетін ақша едәуір көбейіп, бюджет еселенеді. Өйткені, бір салалар дамып жатса, онда әртүрлі өнімдер шыға бастайды. Қарапайым ғана мысал айтып өтейін. Кофетеримен айналысатын достарымыздың өзі бұрын стақанды сырттан алдырса, енді оны өзімізде жасай бастапты. Тіпті ыстығы сақталсын деп сыртына орап беретін қағаздың өзі шықпаған ғой. Көрдіңіз бе, бірінің жасаған өнімі екіншісіне пайдалы болып тұр. Негізі, қосалқы өндірістер де көп пайдалы.

 

«Қазақ жолы» ұстанымы болса екен

– Біз АҚШ сияқты дамыған державаға айналуымыз үшін ең бірінші қай тұстарымызды өзгертуіміз қажет?

Америка Құрама Штаттары жер шарындағы ең дамыған ел ғой. Алпауыт экономикасы қалыптасқан. Өндірістік орындары жеткілікті. Барша қаржы нарығын жаулап алғалы қай заман. Демократия салтанат құрып тұр. Әрине, әрнәрсенің екінші тұсы болады. Алайда, әлгі артықшылығы көптеген кем-кетікті жабады.

АҚШ жұртшылығында ең қатты бағаланатын құндылықтар бар. Олар – менің даусым, менің салығым. Әрбір америкалық дауыс бере алатынына мақтанышпен қарайды. Green kart, туристік визамен жүргендер екінші сұрыпта болып саналады. Өйткені, әлгілер дауыс бере алмайды, ішкі өміріне қатысуға құқығы жоқ. Американдықтардың кейбірі көшеде мүсәпір болып жүрсе де, америкалық екендігіне мақтанышпен қарайды. Себебі, олар АҚШ президентін, Штат мэрін сайлауға құқылы. Соған өздері атсалысады. Сонымен қоса дауыстары бірнәрсені шешеді. Соны сезеді. Сондықтан қанша салықтары көп болса да, төлеуден қашпайды.

Қазақ елінің биік мақсаты болса, неғұрлым құлашын кең серпіп, соған жетуге талпынса түбінде жетеді. Жуық арада биік шыңға шықпасаң да, белгілі бір төбеге жетерміз. Жаһандағы ең дамыған державалар сияқты болуды мақсат етіп қойғанымыз дұрыс. Данышпан Абай атамыз «болмасаң да, ұқсап бақ» деп көреген ой қалдырыпты. Дамыған елдердің жүріп өткен жолын қарайық. Қай жерден ұтты, қай бүйірден дөп түсе алмады. Былайша айтқанда, анализ жасайық. Кез келгені кезеңімен дамиды. Біз дамушы ел болып есептелеміз. Индустриялы ел болудың керек қадамдарын өтейік. Біріншіден ішкі нарықта қазақстандық тауарлардың үлесі басым болуы шарт. Бәсекеге қабілетті болған соң, әлемдік аренада экспортты арттыра аламыз.

Біреулер дамыған елдермен дамушы елді салыстыруды жөн санамайды. Дегенмен, олардан артықшылықтарымыз да жетеді. АҚШ-та адам құқықтары заңмен қатты қорғалған. Әрбір еңбек адамына жұмыста жасалған жағдайлар таңдандырады.  Әрбір жұмысшы өзін қауіпсіз сезінеді. Әркімге жеке-дара азамат ретінде қарайтындығымен ерекшеленеді. Ол жақта «мынау олигархтың баласы, үлкен көкесі бар» деген стереотип жоқ. Ондай адамдар өздерін барынша ұқыпты ұстауға тырысады. Заң бұзса, сотта істі болып тұрып, миллиондаған доллар айыппұл төлейді. Бай-бағландардың, лауазымды тұлғалардың өздері де, балалары да өздерін мәдениетті ұстауға тырысады. Мінеки, біздегі құндылықтарды салыстырғанда осылар бірден көзге түседі. Бізге де өмір сүру дағдымызда біраз өзгеріс керек екендігін байқаймыз.

Өзіміз жақында бір топ адам болып Мичиган университетінде сабақ алдық. 14 күн Америкада болып қайттық. Сол кезде жоғары айтқан дүниелерге куә болып келдік. Профессор келген қазақтардан тест алды. Оның аңғарғаны, қазақтар қиялшыл, сезімге берілген, эмоциямен жұмыс жасайтындығын айтты. Әсіресе, кәсіпкерлерден осы қасиеттерді сезді. Американдықтар реализммен күн көреді. Әр нәрсені реалды тұрғыда қарастыру, фантастикаға жол бермеу керектігі айтылды. Олар «Американдық арман» дегенді ұстанады. Соған жетуге талпынады. Осының бәрін көріп-біліп келіп, қазақтың өз жолы болғаны жөн деген тұжырымға тоқтадық. Бұл жайында бірқатар белгілі адамдар айта бастаған да болуы керек. Біздіңше, «Қазақ жолы» деген позиция болса дейміз. Бірақ армандап жүре бермей, белгілі бір деңгейде алға мақсат қойып, соған жету керек. Бизнесте де корпоративтік мәдениет деген ұғым өте жоғары екен. Сол жұмысшыларға жасалған жағдайлар, өндірістік мүмкіндіктері, жұмыс үдерісін жүйелеу бәрі-бәрі қарастырылған. Үлкен өндіріс орындарын конвейерлік жүйеге қою жағы реттелген. Үлгі аларлық тәжірибелер жеткілікті.

 

Жастарға жағдай жасайық

– Шетелде оқып, алпауыт компанияларында жұмыс істеп жүрген қазақ жастарын ел мүддесіне қызмет еттіру үшін қайтпек керек?

Дүние жүзіне атағы дардай Google, Apple сынды ірі компанияларда жұмыс істеп жүрген қазақ жастары баршылық. Ішкі құрылымын жасап, соларды пайдаға кенелтуге септесіп жүр. Тура соларда қандай еңбек шарттары жасалса, бізде де сондай компаниялар құрылуы керек. «Самұрық қазына» ҰАҚ бар. Бұған да оптимизация керек. Соған «Болашақ бағдарламасы» арқылы бітіріп келген жастарды орналастырады. Онда мемлекет үлесі басым. Сондықтан да тиімсіз менеджер саналады. Ол мекемеде тамыр-таныстықпен басшы болып отырғандар жетерлік. Арғы жағы айтпасада түсінікті. Шеттен оқып жұмыс істеп келген білімділер істің көзін білмейтін оларға мойынсұнып жұмыс істемейді. Сөйтеді де қайта шетелге кетіп, басқа елдің бағын жағады.

Қазақстанда бәсекелестік қалыптассын десек, шағын және орта бизнесті дамытуға бар күшті салайық. Жаңадан компаниялар құрайық. Ұдайы айтып келеміз, мемлекет бизнесті өз қамқорлығына алып, әбден дамып кеткенше қолдауды аямау қажет. Жаңа заманауи форматта компаниялар құрылса, соның ішінде корпоративтік мәдениет қалыптасса, шетелде нәтижелі жұмыс жасап жүрген азаматтар Отанға оралады. Өздерінің жиған-терген біліктілігін ортаға салады.

Бір байқағаным, Қазақстанда жалақыны өте аз төлейді. Мүмкіндігінше қазақ жастары Еуропада, АҚШ, Канада, Оңтүстік Корея, Жапония сынды дамыған елдерде жұмыс істеп келгені дұрыс деп есептеймін. Оған ешқандай шектеу қоймайық. Қайта соларға жол ашу керек сияқты. Онсыз да жастарымыз көбейіп, жыл сайын мектепті, ЖОО бітірушілер қатары артып барады. Мың тәубе! Қазағымыз өсіп-өніп өркендей берсін. Әр жыл сайын еңбек нарығына 350 мыңнан астам жастар шығып жатыр. Олардың бәрі осында жұмыс тауып жатқан жоқ. Сондықтан шетелге барсын, көрсін, үйренсін, қаржы тапсын, соңында елге оралса дейміз. Ағылшын тілін тез меңгеріп кететіндей курстар дайындаған абзал. Бәрібір түптеп келгенде, көпшілігі қайтып келеді. Өйткені, біз үнемі ата-анамызды, бауырларымызды, ағайын-туысты ойлап тұрамыз. Туған жерді жақсы көріп, іштартамыз. Қаракөздеріміз жай қайтып келмейді. Өздерімен бірге озық мәдениет, білім, тәжірибе, кейбірі қомақты қаржы алып келеді. Сол тәжірибе мен білім ел дамуына үлес қосады деп ойлаймын.

 

Сөзден іске көшейік

– Айлық сәл көбейсе, азық-түлік бағасы шарықтайды. Осыны шешудің жолдары бар ма?

 Иә, бұл мәселе бар. Айлық көбейсе, тұрмыс ауырлай түсетін болды. Соның қарапайым жолдарын біраз айттық. Енді нақты азық-түлікке келейік. Бағаны тұрақтандыру үшін өзіміздің шаруаларға жағдай жасау керек. Импортты алмастыратын тауар шықса, онда бұны реттеуге болар еді. Өзімізде түрлі заттар өндірілмейінше, осы сценарий жалғасын таба береді.

Қазақстанда қандайда бір тауарлар өндіріле бастап, дүкен сөрелерін отандық өнім қаптай бастаса, түйткілді түйін шешіледі. Жалақыға ақша қосса, аз ғана импорттық тауардың бағасы өсіп кететіні сондықтан. Мысалға туризмді дамыту үшін, сервистік қызметтерді дамытсақ болады. Бұл да жаңа тың бағыт. Сонымен қатар, пайдалы іс. Сөзден іске көшейік.

 

Алаш идеясына негіздеп, ұлттық экономика жасайық

– ХХ ғасырдың басында Алаш орда үкіметі құрылған болса, нарықтық экономикаға тез бейімделіп, ұлттық мемлекет қалыптасар ма еді?

Е-е, шіркін-ай десеңізші. Әрине! Ұлтымыздың ұлы тұлғары Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов сияқты саяси қайраткерлер арманына жеткен болса, «Алаш орда» мемлекеті құрылған болса, нарықтық экономика жолына 100 жыл бұрын түскен болар едік. Ұлт қайраткерлері қазақты 20–25 жыл бойы билеп тұрса, онда бүгінгі Қазақ елі мүлдем басқа сипатта өмір сүрген болар еді деп есептейміз.

Ол кездегі тұлғалар өте интеллектуал болды. Олардың жасап шыққан ұлттық жоспары, Жапония сияқты ел жасаймыз деген мақсат-мұраты болған. Аграрлық елден, технократиялық елге айналуды көздеген жоспары болатын. Ол үкімет небәрі 5 жылдай қызмет атқарды. Сталиндік террор атып, репрессияға ұшыраса да, тұтастай ағартушылық бағытта үлкен еңбек жасап кетті. Ал егер алаштықтар ширек ғасыр елді басқарған болса, нағыз Орта Азияның барысына айналар едік. Біздің ойымызша, қазіргі қазақ экономикасы Алаш идеясына негізделе отырып, ұлттық экономика жасап шығарса дейміз. Тағы қайталап өтейін, тамыр-таныстық, жемқорлық дегенді тамырымен жою қажет. Сонда ғана ойлағанымызға жетеміз. Елге жаны ашитын қазақ азаматтары ел тізгіндеуі керек.

– Әрбір жан өзінің әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін қандай істерді тездетіп қолға алған жөн. Экономист ретінде көпшілікке берер кеңесіңіз…

Менің ойымша, бірінші кезекте халықтың жағдайын жасау керек. Азаматтардың ең төменгі табысын ұлғайтқан дұрыс. Бұл тетіктер атқамінерлерде. 2024 жылдан бастап ең төменгі жалақы 85 мың теңге болады деді. Әлемде орташа жалақының 3/1 бөлігін ала салады екен. Бізде орташа жалақы 365 мың теңге. Демек, ең төменгі жалақы 121 мың теңге болуы қажет деген сөз. Ал келер жылы ол тағы өседі. Сөйтіп, 130–135 мың теңгеге барады. Осы межеге жетуге болады. Ол үшін әр салада әділет заңы орнауы шарт.

– Үлкен рахмет!

Сұхбаттасқан Олжас ЖОЛДЫБАЙ.