Қасым-Жомарт Тоқаев: Заң алдында бәрі тең

Қасым-Жомарт Тоқаев: Заң алдында бәрі тең
almaty-akshamy.kz

Заң алдында бәрінің тең болуы – мемлекетіміздің ұзақ мерзімді дамуының негізгі шарты. Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты ұлықтау рәсімінде айтты, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Шынайы заң үстемдігін қамтамасыз етпей, әділетті әрі нарықтық экономиканы құру, жеке меншікті қорғау, бәсекелестікті дамыту, сыбайлас жемқорлықты жою мүмкін емес. Сондықтан заң алдында бәрінің тең болуы – мемлекетіміздің ұзақ мерзімді дамуының негізгі шарты. Барлық мәселе, әсіресе түйткілді және даулы проблемалар конструктивті диалог арқылы, ең алдымен, Парламентте шешілуге тиіс. Алдағы Сенат және Мәжіліс сайлауы осы мүмкіндікті береді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы «түрлі көзқарас, бірақ біртұтас ұлт» қағидатын қатаң сақтауымыз керектігін баса атап өтті.

«Біз «бірлігіміз – әралуандықта» формуласында көрініс тапқан халқымыздың тарихи жетістіктерін жан-жақты еселеуге тиіспіз. Қоғамда араздық туғызатын және ұлттың бірлігін бұзатын, түптеп келгенде, мемлекетімізге қарсы бағытталған арандатушылық әрекеттерге қатаң тосқауыл қойылады», - деді ҚР Президенті.