Йод – адамның қалыпты өсуі мен дамуына қажетті микроэлемент

Йод – адамның қалыпты өсуі мен дамуына қажетті микроэлемент болып табылады. Адам организміне тағам мен судан түсетін қажетті йод мөлшерінің жетіспеуі йод жетіспеушілік аурулары мен қалқанша безінің жұмысының бұзылуына әкеліп соғады.
Йод жетіспеушілігі ауруларының мәселесі әлемдік денсаулық сақтау саласында маңыздыларының бірі болып саналуда. Оның маңыздылығы аталған аурудың кең етек жаюымен анықталуда. Өткен жылғы денсаулық сақтау ұйымының берген мәліметі бойынша, әлемде 650 млн. адам осы дертпен күресуде. Ал 2 млрд. адам ағзасында осы дерттің айқын белгілері көрініс берген.
Йод жетіспеушілігі ағзаға қалыпты қабылданып отыратын йодтың жеткілікті дәрежеде болмауынан пайда болады. Сондай-ақ, балалар арасындағы йод жетіспеушілігі салдарынан бала ақыл-ойының артта қалуындағы әлсіз көріністерден критинизмге дейін жетеді, көңіл күйінің тұрақсыздығы, депрессияға ұшырауы мүмкін. Әлсіздік, ұмытшақтық, есте сақтау қабілетінің төмендеуі, оқушылар зейіні шоғырлануының төмендеуі ашуланшақтыққа ұшырайды. Сонымен қатар, жүйке жүйесімен қоса барлық ағза зардап шегеді. Балалар бас сүйегі ішіндегі қысымға байланысты бас ауруына, әлсіздіктің пайда болуына, терінің сұрлануына шағымданады. Астеникалық синдром көріністері, кардиологиялық өзгерістер – ырғақтың бұзылуы, АҚ жоғарылауы немесе төмендеуі, инфекциялық және суық тию ауруларының жиілеуі, екінші иммундық жетіспеушілігі салдарынан өткір аурулардың созылмалы түрге өтуі, бұлшық ет сұлбасының әлсіреуіне байланысты дене бітімінің өзгеруі болуы мүмкін. Осының барлығының себебі – йодтың жетіспеушілігінен болады. Күнделікті ағзаға йод түсіп тұрғанымен, ағзаға сіңуіне кедергі жасайтын себептер де көптен кездесуде. Адам ағзасында микроэлементтің сіңуіне кедергі жасайтын бірнеше себептерін: дұрыс тамақтанбау, микроэлементтер мен дәрумендер жеткіліксіздігін айта кету керек. Анықталған мәліметтер бойынша эндемиялық жемсау дертіне қыз балалар көп шалдығады. Бұл дерт түрі 6-7 жастан басталып, баланың жасы өскен сайын ұлғая түседі.
Осы орайда, ауданымызда балалар мен оқушылар арасында жыл сайын өткізілетін тереңдетілген медициналық қорытынды бойынша анықталған йод тапшылығы аурушаңдығына сауықтыру жұмыстары өз дәрежесінде жүргізілмеуде. Атап айтсақ, йод тапшылғы анықталған балалар арнайы мамандандырылған дәрігерлермен тексерілмейді, мектеп жанындағы жазғы сауықтыру лагерлерінде тек ғана дәрі-дәрмектер беруімен ғана шектелуде.
Адам өзінің денсаулығын күту өз қолында екенін ескеретін болсақ, йод жетіспеушілігінің алдын алуда дұрыс тамақтану басты рөл атқарады. Йодтың 90 пайызын адам тағамнан алады, ал қалғандарын судан алады. Тағам арқылы йодты қабылдау экономикалық, физиологиялық, рационалдық жағынан дұрыс деп есептелсе де, қазіргі таңда ол жеткіліксіз болып отыр. Йод жетіспеуінің алдын алудың ең бір тиімді жолы – йодпен байытылған теңіз өнімдерін (теңіздің ұсақ жәндіктерін, теңіз балықтарын, теңіз балдырларын, теңіз қырыққабаттарын) тағамға пайдалану болып табылады. Және де ет, сүт, жұмыртқа ағзаға йод беретін негізгі тағамдар екенін есте ұстаңыз. Бірақ ет пен балықты қайта-қайта мұздатқанда ондағы йод жойылып кетеді. Көкөністер ішінде – қызылша, шпинат, қызанақ, сәбіз, картоп, орамжапырақ, пияз, бұршақ, сарымсақ, ал жеміс-жидектер ішінде – құрма, алма, жүзім, шие, қара ала шабдалы, грек және балқарағай жаңғақтарында, ал жармалар ішінде – қара құмық және тары құрамында йод мол. Сондықтан күнделікті өмірде аталмыш тағамдарды жиі пайдалану – йод жетіспеушілігін болдырмаудың басты жолы болып табылады. Әлсіз топтар, ерте жастағы және мектеп жасындағы балалар арасындағы йод жетіспеушілігін жою үшін топтық алдын алу жұмыстарын жүргізу қажет. Ол үшін әлемдік тәжірибеге сай 100, 200 мкг. йодид, йодомарин таблеткаларын қолдану қажет. Осыларды ұсына отырып, біз өзгеріске түскен қалқанша безі гормондар синтезін қайта қалпына келтіруге ықпал етеміз.
Сондықтан жоғарыда айтқанымыздай, күнделікті тағамның құрамына ерекше мән беру керек.
Йодты тұтыну қажеттілігі адамның жасына байланысты. Соңғы мәліметтер бойынша, ДДҰ ның және ЮНИСЕФ ұсынылған йодты күнделікті тұтыну қажеттілігінің мөлшерін ұсынып отырмыз:
Емшектегі балаларға және сәби жастағыларға (5 жасқа дейін) – тәулігіне/90 мкг.
Мектеп жасындағы балаларға (5-12 жас) – тәулігіне/120 мкг.
Ересектер үшін (12 жас) – тәулігіне/150 мкг.
Емізулі баласы баржәне жүкті әйелдерге – тәулігіне/250 мкг.
Вахит СЕЙДУАЛИЕВ,
Алатау аудандық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы.
Анара САДЫРБАЕВА,
санитарлық-гигиеналық қадағалау бөлімінің бас маманы.