Ішкі істер министрі Самат Әбішке қатысты ақпаратпен бөлісті

Ішкі істер министрі Самат Әбішке қатысты ақпаратпен бөлісті
Сурет: Exk.kz

Самат Әбішке қатысты қозғалған ешқандай қылмыстық іс жоқ.

Орталық коммуникациялар қызметінде Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов журналистер сұрағына жауап берді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Almaty.tv сілтеме жасап.

Олар министрден Ұлттық қауіпсіздік қызметінде жұмыс істеген  бұрынғы президенттің туысы Самат Әбіш пен Ішкі істер министрлігінің бұрынғы басшысы Ерлан Тұрғымбаевқа қатысты істер қашан қаралатыны жөнінде сұрады.   

«Ішкі істер органдарында оларға қатысты ешқандай шаралар тіркелмеген. Сондықтан біздің өндірісте не Тұрғымбаевқа, не Самат Әбішке қатысты қозғалған ешқандай қылмыстық іс жоқ», - деп жауап берді Марат Ахметжанов.

Сонымен қатар, министр қаңтар оқиғасы кезіндегі адамдарды азаптаған полицейлер жөніндегі журналистер сұрағына жауап бере алмады. Марат Ахметжанов болжам ретінде немесе естігенін айтып, нақтыланбаған ақпаратпен бөліспейтінін, бұл істер оның құзыретіне жатпайтынын алға тартты.

«Бұл біздің өндірісімізде емес. Ол полицейлерге қатысты қандай шара қолдану керек, олар қамақта ма, басқада ма, оны құзырлы орган шешеді. Олардың өндірісінде өз тергеушісі бар, қадағалайтын прокурор бар. Азаматтардың процессуалдық құқығын шектейтін іс-әрекеттер прокуратура құзіретінде. Сол үшін де ешқандай болжам айта алмаймын», - деді ол.