Еңбек биржасы: жұмысшыларға сұраныс көп

Еңбек биржасы: жұмысшыларға сұраныс көп
Сурет: 24.kz

Шілде айында бос орындар мен жұмыс іздеушілер арасындағы алшақтық сақталды, ал орналастырылған резюмелер ЭЕБ-дағы сұраныстың тек 59%-ын ғана қамтыды. 

«Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ мәліметі бойынша, шілде айында Электрондық еңбек биржасында 81,7 мың бос жұмыс орны және 47,9 мың резюме орналастырылған, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz  

Маусым айымен салыстырғанда, ЭЕБ-дағы бос жұмыс орындарының жалпы саны 15%-ға, ал резюмелер саны 3%-ға азайды. Жекелеген мамандықтарға келетін болсақ, бос жұмыс орындары санының ең елеулі өсуі сауалнама жүргізу жөніндегі сұхбаттасушы (+2,2 мың), хат алмасу жөніндегі көмекші (+0,9 мың) және статист (+0,6 мың) сияқты кәсіптер бойынша байқалды. Біліктілігі жоқ еңбекке байланысты кәсіптер арасында бос жұмыс орындарының өсуі тауарларды жинақтаушы, базардағы сатушы және буып-түюші тұрғысында аталып отыр. 

Сонымен қатар, орналастырылған резюмелердің қарқыны көрсеткендей, шілде айында кіші медициналық қызметкерлер мен мектеп оқытушылары арасында белсенділіктің артуы байқалады. Мәселен, бір ай ішінде ЭЕБ-дағы фельдшерлер резюмесінің саны 421 бірлікке, мейіргерлер – 237 бірлікке, бастауыш сынып, шет тілі, дене шынықтыру және спорт мұғалімдері тиісінше 283, 271 және 266 бірлікке өсті. Педагогикалық қызметкерлер арасындағы белсенділікті жаңа оқу жылының жақындауымен байланыстыруға болады. 

ЭЕБ-дағы резюмелер мен бос орындар санын салыстыру, білікті еңбек ресурстарына сұраныстың өзгергенін көрсетеді. Шілде айында күзетшілермен, автокөлік жүргізушілерімен және санитарлармен қатар, сауалнама жүргізу бойынша жоғарыда айтылған сұхбаттасушыларға (2595 бос орынға 48 резюме), хат алмасу бойынша көмекшілерге (1 резюме және 923 бос орын) және статистерге (10 резюме және 665 бос орын) тапшылық байқалды. Біліктілікті қажет етпейтін еңбекке сұраныс өткен кезеңдердегідей өзгеріссіз қалды – ЭЕБ-де жүк түсірушілердің, қара жұмысшылардың, ас үй жұмысшылары мен аула сыпырушылардың жетіспеушілігі байқалады.