Енді МӘМС жүйесіндегі статусты банк қосымшалары арқылы тексеруге болады

Енді МӘМС жүйесіндегі статусты банк қосымшалары арқылы тексеруге болады
Сурет: интернеттен

Ол үшін банк қосымшасының «Мемлекеттік қызметтер» бөлімін таңдап, «МӘМС» бөлімшесіне ЖСН енгізу керек.

МӘМС жүйесіндегі статус пен төлемдерді банк қосымшалары арқылы тексеруге болады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Медициналық қызметтерді пайдаланушылар бұдан былай өз мәртебесін Қазақстан Халық банкі, ЦентрКредит Банкі және Kaspi Bank мобильді қосымшалары арқылы тексере алады, деп мәлімдеді Медициналық сақтандыру қорының Алматы қалалық филиалы.

Өткен 12 айға жасалған төлемдер мен сақтандыру мәртебесі туралы мәліметті Халық банкінің қосымшасы арқылы тексеруге болады. Ол үшін Halyk мобильді қосымшасына тіркеліп, «Мемлекеттік қызметтер» бөлімін таңдап, «МӘМС» бөлімшесіне ЖСН енгізу керек. Сонымен қатар, Halyk банктің қосымшасы арқылы медицина ұйымына тіркеу туралы ақпаратты да алуға болады. Ол үшін «Мемлекеттік қызметтер» бөліміне кіріп, «Анықтамалар» батырмасын басу қажет. Тұтынушының тұрғылықты мекенжайы, тіркелген емхана атауы және күні көрініп тұрады.

Өткен 12 айдың төлемдері мен мәртебені ЦентрКредит Банкінің қосымшасы арқылы да білуге болады (BCC.KZ мобильді қосымшасына тіркеліп, «Мемлекеттік қызметтер» бөліміндегі «МӘМС туралы ақпарат» бөлімшесі, ЖСН).

Сондай-ақ, бұл мәліметтер Kaspi.kz мобильді қосымшасында да қолжетімді. Ол үшін «Мемлекеттік қызметтер» бөліміне кіріп, ары қарай «МӘМС мәртебесі» батырмасын таңдау керек.

Егер соңғы 12 ай ішінде жарна жасалмай қалған айлар болса, берешекті банк қосымшалары арқылы өтеп, «Сақтандырылған» статусына ие болуға болады.

Естеріңізге сала кетсек, бұл ақпаратты:

  • Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы
  • fms.kz ресми сайты
  • Telegram-дағы @SaqtandyrýBot
  • 1414 байланыс орталығы
  • Damumed мобильді қосымшасы
  • Электронды үкіметтің egov.kz порталы арқылы да анықтап білуге болады.