Елімізде 24 қаңтардан бастап мектептер қайтадан офлайн форматқа көшеді

Елімізде 24 қаңтардан бастап мектептер қайтадан офлайн форматқа көшеді
Сурет: 24.kz

Оқушылардың оқу форматында күнде өзгеріс болып жатыр

2022 жылғы 24 қаңтардан бастап Қазақстан бойынша барлық білім беру ұйымы дәстүрлі түрде офлайн форматта жұмыс істейтін болады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 24.kz-ке сілтеме жасап.

Мұндай шешімді Коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия қабылдады. ҚР БҒМ мәліметінше, білім беру ұйымдары мынадай алгоритммен жұмыс істейді. Мектепке дейінгі ұйымдар (балабақшалар) балаларды ата-аналарының өтініші бойынша қабылдайды. 600 балаға дейін оқушысы бар жалпы білім беретін мектептерде – толыққанды офлайн оқу.

600-ден астам оқушысы бар мектептерде офлайн оқыту кезінде толымдық жобалық қуаттың 50%-інен аспауы тиіс. Бұл жағдайда БҒМ 1-4 сынып оқушыларын олардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, дәстүрлі форматта оқытуды ұсынады. Себебі бастауыш сынып балаларына қашықтан білім алу қиынға соғады. 5-11 сынып оқушыларына келер болсақ, мектеп әкімшіліктеріне балаларды штатты форматта оқыту, ауысымдар мен ішкі ауысымдардың жұмысын ұйымдастыру, кейбір пәндер бойынша сабақтарды қашықтан оқыту форматына ауыстыру туралы ата-аналардың өтініштерін ескеру ұсынылады.

Мектептерден тыс ұйымдардағы оқу: жеке сабақтар толыққанды офлайн форматта, 15 адамға дейінгі топтық сабақтар штаттық режимде, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған түзету кабинеттерінде (орталықтарда) жеке сабақтар мен 8 адамға дейінгі топтық сабақтар штаттық режимде жүргізіледі. Еліміздің колледждері мен ЖОО-ларында оқыту аралас форматта: практикалық, лабараторлық, семинар сабағы, өндірістік іс-тәжірибе штаттық режимде, дәрістер онлайн форматта өтеді.