Елімізде «сән-салтанатымен» тұратын ауқаттылар салық төлеуі мүмкін

Елімізде «сән-салтанатымен» тұратын ауқаттылар салық төлеуі мүмкін
Сурет: Nalogikz.kz

Қазақстанда байлық салығы енгізілуі мүмкін.

Бұл туралы  Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Салық реформасы аясында «сән-салтанатқа» салық салуды енгізген жөн. Мұның орта тапқа қатысы жоқ, бұл салық тек аса қымбат жылжымайтын мүлік және автокөлік сатып алған кезде салынады», - деп мәлім етті.

Айта кетейік, елімізде 2023 жылы жаңа Салық кодексі әзірленеді. Онда оның ең түйткілді тұсы саналатын салықтық әкімшілендіру мәселесі түгел қайта жазылады. Біз өз кезегімізде бұл мәселеге қатысты халық пікірін естіп қайттық. Пікірлер сан түрлі.

«Жақсы өмір сүргің келсе, төлеуің керек. Қолдаймыз, әрине. Біз сол салық арқылы медицина, мектеп, басқа да бюджеттік салаларда жұмыс істейтін, тіпті түрмеде отырғандардың да ақшасын сол салықтан төлейді. Халықтың салығынан төленетін нәрселер ғой. Әрине, қолдаймыз, ақша Үкіметке түссе, пайдасы болады ғой бізге де».

«Кәсіпкерлер бар, бай кәсіпкерлер. Олардан салық алған дұрыс деп есептеймін. Өйткені ол салық біздің бюджетке түседі. Сондықтан бюджетіміз бай болса, халықымыз да бай болады, еліміз де бай болады».

«Егер шынымен жүзеге асырылатын болса, өте жақсы бастама. Бұл азаматтар арасында ұзақ уақыттан бері айтылып келетін мәселе. Ең бастысы, айтылғандай іске асырылса дейміз. Алайда, шыны керек, менің сенімім аздау», - дегенге саяды пікірлер.