Дәрігерлерге орнатылатын ескерткішке байқау жарияланды

Дәрігерлерге орнатылатын ескерткішке байқау жарияланды
Сурет: Проза.ру

Дәрігерлер мемориалы қазақстандықтардың өміріне қауіп төндіретін вирусқа табандылықпен, бірлесе, ынтымақтаса отырып көрсеткен қарсылықтың, жаңа өмірге деген үміттің, дәрігерлерге деген алғыс пен мәңгілік естеліктің символына айналуы тиіс.

Ескерткіш композициясы қолданыстағы сәулет және қала құрылысы ортасына үйлесімді түрде сәйкес келуі қажет. Жобаны жасағанда мықты материалдар (мәрмәр, гранит, қола, т.с.с.) қолданылуы керек, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Байқаудың мақсаты –  Қазақстан Республикасында орнатылатын ескерткіштер мен монументтер жөніндегі мемлекеттік комиссияға ұсыныс енгізу үшін көркем-сәулет және мүсіндік композиция жасау арқылы денсаулық сақтау саласының қызметкерлеріне пандемия жағдайындағы қажырлы еңбектері үшін орнатылатын ескеркіштің ең үздік тұжырымдамалық мүсіндік-көркемдік шешімін анықтау.

Ескерткіш Алматы қаласы, Алмалы ауданы, Төле би көшесі, 94 мекенжайында орналасқан Асфендияров атындағы ҚазҰМУ бас корпусының алдына орнатылмақ. 

1. Байқау шарттары 

Байқауға барлық ниет білдірушілер, сондай-ақ авторлық ұжымдар қатыса алады. Байқауды өткізу мерзімі - 2022 жылғы 31 қаңтарынан 16 наурызға дейін. 2022 жылдың 16 наурызынан кешіктірмей жіберілген жұмыстар 050000, Алматы қаласы, Достық даңғылы, 56, Алматы қалалық мәдениет басқармасы, №4015 кабинет мекенжайында қабылданады.

Басқа қалалардың авторлары пошта түбіртегінің нөмірін алдын ала хабарлай отырып, жобаларды белгіленген мерзімнен кешіктірмей, Алматы қалалық мәдениет басқармасының мекенжайына жібереді. Байқауға жобалар алты таңбалы санмен көрсетілген ұрандармен ұсынылады. Ұран конкурсқа ұсынылған жобаның барлық материалдарының жоғарғы оң жақ бұрышында, сондай-ақ ұрандық конвертте (биіктігі 1 см) жазылады. Ұранмен жабылған конвертте жоба авторының тегі, аты және мекен-жайы көрсетілген ақпараттық парақ болуы керек.

Екі беттен аспайтын қысқаша түсіндірме жазба 2 данада ұсынылады. «Тімеѕ New Roman» қарпі, өлшемі №14, бір жоларалық интервал сақталуы тиіс. Жазбада ескерткіштің негізгі идеясы, көркемдік шешімі және кеңістікті ұйымдастыру принциптері көрсетілуі керек.

Байқау қорытындысы бойынша шешімді Алматы қаласының тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі комиссиясы қабылдайды.

Байқау шарттарын бұза отырып ұсынылған жобалар конкурсқа жіберілмейді және комиссияда қаралмайды.

2. Байқаудың жобалық ұсыныстары мен ұсынылатын материалдарды рәсімдеуге қойылатын талаптардың құрамы:

1. Масштабы 1:10 жоба эскизі (мүсін композициясы);
2. Масштабы 1:200 бас жобасы (сызба жобасы);
3. Ескерткіштің (мүсіндік композицияның) 2 қасбеті және 1:20 масштабты 1 перспектива;
4. Түсіндірме жазба.
Жобалар өлшемі 60х80 см планшетпен ұсынылады. Графикалық орындау әдісі – макеттің түсі, техникасы және материалы – автордың қалауы бойынша. 

Қосымша ақпарат пен анықтаманы 8 (727) 272-11-09 телефоны бойынша алуға болады.