Чипси қатерлі ісік ауруын тудыра ма?

Чипси қатерлі ісік ауруын тудыра ма?
klike.net

Әлеуметтік желіде чипсидің қатерлі ісік ауруын тудыратыны жайлы емші Мария Смаринаның жалған видеосы тарады, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz stopfake.kz сілтеме жасап.

Смарина өз видеосында чипсидің құрамының бір бөлігін оқиды, бірақ ДНҚ-ның бұзылуына және қатерлі ісіктің пайда болуына нақты қандай өнім немесе қоспа түрткі болатынын айтпайды. Чипси қатерлі ісік ауруын тудыруы мүмкін бе және не себептен? 

Чипси – көпшілік жақсы көретін тағам. Олардың құрамы өндірушіге байланысты өзгереді, әдетте мынадай өнімдер мен заттардан тұрады: картоп, бидай немесе күріш ұны, картоп немесе жүгері крахмалы, өсімдік майы, тұз, сүт қышқылы, хош иістендіргіштер мен дәмдік қоспалар (мысалы, паприка ұнтағы, пияз және т. б.), сондай-ақ Е621 натрий глутаматы, E627 натрий гуанилаты және E631 натрий инозинаты сияқты тағамдық қоспалар.

Кейбір ғалымдар картоп пен жарма мен кофе дәндері сияқты басқа да тағамдар қатерлі ісік ауруын тудыруы мүмкін деп санайды. Ауру тағамның өзінен емес, оны әзірлеу процесінде пайда болатын акриламид затынан болады. Әсіресе, өнімді қуырғанда және пісіргенде немесе жоғары температурада өңдеген кезде.

Акриламид – өсімдік тектес тағамдарда қант пен аспарагин амин қышқылы арасындағы табиғи химиялық реакция нәтижесінде түзілетін зат. Акриламид фри, чипстер, құрғақ таңғы ас, печенье, тосттарда және кофеде болады.

Жануарларға жүргізілген тәжірибелерде акриламид қатерлі ісіктің дамуына түрткі болды. Алайда, қолданылған акриламид деңгейі оның адамдар тағамындағы деңгейден әлдеқайда жоғары болды. Сондай-ақ адамдармен жүргізілген зерттеулерде акриламид пен қатерлі ісік арасындағы байланыс анықталған жоқ. Яғни, қазіргі уақытта акриламидтің канцероген екендігіне нақты дәлелдер жоқ.

Дегенмен, Халықаралық қатерлі ісіктерді зерттеу агенттігі (IARC) акриламидті адам үшін ықтимал канцероген ретінде жіктейді. Ал АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмек сапасын қадағалау басқармасы (FDA) және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) осы салада зерттеулер жүргізу қажеттілігін мойындайды.

Жалпы алғанда, чипсидің құрамына белгілі өнімдер мен E621 натрий глутаматы, E627 натрий гуанилаты және E631 натрий инозинаты сияқты тағамдық қоспалар кіреді. Көбінесе олардың барлығы өнімнің дәмін жақсарту үшін қосылады. Сонымен қатар натрий глутаматы көптеген тағамдарда табиғи түрде болады және ағзада өздігінен қалыптасады.

Бұл тағамдық қоспалардың барлығы қауіпсіз. Сонымен қатар натрий глутаматы мен натрий гуанилатының адам денсаулығына әсерін анықтайтын зерттеулер жүргізілді. Оның ішінде тәбетке, семіздікке және метаболизмнің бұзылуына, мидың жұмысына және қатерлі ісіктің пайда болуына әсері зерделенді. Нәтижесінде зерттеушілер тағамдық қоспалар мен адам денсаулығының нашарлауы арасында ешқандай байланыс таппады.

Демек, чипси қатерлі ісік ауруын тудырады деген пікір дәлелсіз. Себебі азық-түлік құрамындағы акриламидтің канцероген екенін дәлелдейтін зерттеулер жоқ. Тағамдық қоспалар да ДНҚ-ның бұзылуына және қатерлі ісіктің пайда болуына әкелмейді және денсаулыққа басқа да зиян келтірмейді.