Бұл жолы Бубликтің жолы болмады

Бұл жолы Бубликтің жолы болмады
inform.kz

Теннисші Александр Бублик Мадрид турнирінде ұтылып қалды

Қазақстанның бірінші, әлемнің 33-ракеткасы Александр Бублик Мадрид мастерс турнирінің екінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz.

Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда рейтингте өзінен бір саты жоғары тұрған сербиялық Миомир Кецмановичпен шеберлік байқасты.

Бұған дейін қарсыластар өзара бір рет кездесіп, өткен жылдың қыркүйегінде елорда турнирінде А.Бублик 2:6, 6:3, 7:5 есебімен жеңген еді.

Бұл жолы сербиялық спортшы брейк жасап, бірінші партияны өз есебіне жазды – 6:4.

М.Кецманович екінші сетте де сол қарқынынан жаңылған жоқ – 7:5.

Бір сағат 18 минутқа созылған матч барысында А.Бублик 19 эйс жасағанымен, одан аса көп пайда көре қойған жоқ. Есесіне эйске қол жеткізбеген қарсыласы 7 брейк-пойнттың екеуін мүлт жіберген жоқ. М.Кецманович екінші айналымда әлемнің 4-ракеткасы, «Үлкен дулыға» турнирлерінің 21 дүркін чемпионы, испаниялық Рафаэль Надальмен ойнайды.

Жүлде қоры 6,7 млн еуродан асатын ірі жарыс 8 мамыр күні мәреге жетеді.