Бүгін кешке футболдан Қазақстан құрамасы Финляндиямен кездеседі

Бүгін кешке футболдан Қазақстан құрамасы Финляндиямен кездеседі
Сурет: Kazfootball.kz

Бүгін футболдан ұлттық құрама үшін маңызды ойын.

Жерлестеріміз «Астана-Арена» алаңында Финляндия футболшыларын қабылдайды. Қос команда 9 ұпаймен Еуропа чемпионатына іріктеу турнирінің H тобында көш басында келеді. Қазақстан құрамасының капитаны Асхат Тағыберген ойыншылар матчқа тас-түйін дайын екендігін айтады. Ал команданың бас бапкері Магомед Адиевтің пікірінше, Финляндия тактикалық ойынға басымдық береді. Алайда Адиев шәкірттері қарсылас команданың ойынын саралап, өз жоспарын түзген. Бұған дейін Қазақстан мен Финляндия төрт мәрте кездесті. Төртеуінде де ұлттық құрама ұтылған еді. Дегенмен, осы жолы есені қайтаруға мүмкіндік бар. Астана-Аренадағы жанкүйерлер қолдауы да жігіттерге жігер берері сөзсіз. Кешке стадионда ине шаншыр орын болмайды. Себебі, 30 мың билеттің бәрі де екі апта бұрын сатылып кеткен. Жақында ғана Түркияның Бешікташ клубына ауысқан Бахтиер Заинутдинов та құрама сапында.

«Қазір құрамадағы көңіл-күй жақсы. Жастар да тәжірибелі ойыншылар да қатарымызда. Финляндия құрамасының ойындарын көрдік. Өте мықты команда. Тартысты кездесу болады деп ойлаймын. Жанкүйерлердің қолдауын сезіп жатырмыз. Соларды қуанту үшін жақсы нәтижеге қол жеткізуге тырысамыз», - дейді Ұлттық құрама футболшысы Бахтиер Зайнутдинов.

Матч кешкі сағат 20.00-да басталады. Ұлттық құрама ойынын «Қазспорт» арнасынан тікелей эфирде тамашалауға болады.