Болат ЖОЛАМАНҰЛЫ: Басты кедергі – іздеушілері жоғында

Болат ЖОЛАМАНҰЛЫ: Басты кедергі – іздеушілері жоғында
Сурет: Mk-kz.kz

Үгіт-насихат жұмысын күшейтуіміз қажет. 

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Сөздің ең ұлысы – тарих» депті. Тарих іздену мен зерттеуден ғана тұрмайды, сондай-ақ ақтауды да қажет етеді.  Мамырдың соңғы күні – Саяси қуғын-сүргін мен ашарлық құрбандарын еске алатын азалы күн. Халыққа қарсы жасалған геноцид құрбандарын еске алу күні күнтізбеге басылып, ресми түрде аталып келе жатқанына биыл 25 жыл. Арада ширек ғасыр өтсе де, сол зұлмат кезеңнің  әлі де ашылмаған ақиқаты жоқ емес, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

Қуғын-сүргін көрген, ашаршылықтан қаза тапқандарды еске алу күні қарсаңында Алматы қаласы бойынша саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның мүшесі Болат ЖОЛАМАНҰЛЫМЕН қуғын-сүргін құрбандарына қатысты әңгімелескен едік. 

  • Ел Президенті құрбандарды толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрып, осы бағытта арнайы тапсырма берген болатын. 2 жылдай уақыт өтті. Осы іске қатысты қандай шаралар атқарылуда?
  • Қала әкімінің былтырғы өкімімен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі қалалық комиссия құрылып, онда 38 адам жұмыс істейді. Оның құрамына жетекші ғалымдар, тарихшылар, мұрағаттардың, ғылыми-зерттеу институттарының қызметкерлері, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің өкілдері және т.б. кіреді.

Туыстары қуғын-сүргінге ұшыраған және ақталмаған азаматтармен қабылдаулар мен кездесулер кестесі ұйымдастырылды.  Комиссияның жұмыс топтарының мүшелері 12 археологиялық экспедиция жүргізді. Сондай-ақ, Ресей Федерациясының Мемлекеттік мұрағаттарында, Мәскеу, Уфа, Самара, Қазақстанның облыстық мұрағаттарында, Алматы облысының мұрағаты және мұражайлар қорларында жұмыс жүргізілді.

 Отбасылық мұрағаттарды, жазба естеліктерді зерделеу үшін қалалық комиссия мүшелері мен қаланың студент жастары арасынан еріктілер тобы құрылды. Еріктілердің қатысуымен Алматыда тұратын қуғын-сүргінге ұшырағандардың туыстарымен және жақындарымен байланыс орнатылды.

2022 жылдың бірінші тоқсанында Алматы қаласының арнайы мемлекеттік архивтерінде, Қазақстан Республикасы Президентінің архивінде, Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архивінде іздестіру-зерделеу жұмыстары жүрді. Басты назар бұрын зерттелмеген «Құқығынан айырылғандар», «Тергеудегілер», «Тұтқындар» санаттарына аударылды.

Алаш қозғалысы қайраткерлерінің санаты бөлек жұмыс тобына жүктеліп, басқа санаттар бойынша да ізденістер жалғасуда.

  • Қазіргі күні құрбандардың тізімін анықтау, зерттеу жұмысындағы негізгі кедергі не?
  • Өңірлік пен мемлекеттік комиссия мүшелері осы жұмыс бойынша нақты ұсыныстарымызды бергенбіз. Енді республика көлемінде негізгі мәліметтерді бір орталыққа біріктіру мәселесі тұр. Қуғын-сүргінге тап болған адамдар әр өңірден ұсталған, сондықтан бұрындары құжаттар жабық болатын болса, бүгін олардың бәрін қарауға, зерттеуге кедергі жоқ. Қауіпсіздік комитетінің, Ішкі істер органдарының архивтерімен жұмыс істеуге рұқсат берілді. Біздің жұмысымыз ақталмаған, ақтауға жататын адамдарды тауып, заңдық негізі болса ұсынамыз. Заң тұрғысынан ақталуға жата ма, ол жағын анықтап айналысатын прокуратура өз шешімін айту керек.

Қиындық пен кедергі де жоқ емес. Ол –  құрбан болған адамдардың артында іздеушісі  қалмағаны. Ірі қайраткерлер болса, олар туралы құжаттар молынан сақталған. Ал қарапайым адамдар салық  төлемегені үшін, саудамен айналысқаны үшін дейік, сотталып, жазаға ұшырағандар мүлдем ескерусіз қалған. Әрине, 1 жыл ішінде анықтау мүмкін емес. Алматы қаласы бойынша астық, ет, т.б. дайындап, ұжымдастыру бойынша жазаланған қандай шаруалар болуы мүмкін деп алғашқыда күмәнданған едім. Зерттеу барысында Алматы қаласының өзінде тек астық даярлау, ұжымдастыру барысында сотталып, жазаға ұшыраған мыңдаған адам бар екеніне көзіміз жетті. Ол үшін Алматының 1920–1930 жылдардағы тарихын, тұрғындарының санын, құрамын, қала шекарасын, қандай шаруашылық аумақтардың кіргенін, т.б. жақсы білу керек. Осының бәрін зерттеу үстіндеміз.

  • Құжаттардың негізгі дереккөзін қайдан аласыздар?
  • Жұмыс топтарының мүшелеріне барлық мемлекеттік және қалалық мұрағатта, ҚМДБ-ның арнайы мұрағаттарында, полиция департаментінде, Алматы қаласының прокуратурасында жұмыс істеуіне жағдай жасалды.

2022 жылдың бірінші тоқсанында Алматы қаласының арнайы мемлекеттік архивтерінде, Қазақстан Республикасы Президентінің архивінде, Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архивінде іздестіру-зерделеу жұмыстары жүргізілді. 

Ресей Федерациясының Мемлекеттік мұрағаттарында, Мәскеу, Уфа, Самара, Қазақстанның облыстық мұрағаттарында, Алматы облысының мұрағаты және мұражайлар қорларында жұмыс жүргізілді. 

  • Ақталғандар немесе ақталмағандар жөнінде нақты статистика келтіре аласыздар ма?
  • Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі қалалық комиссияның 2021 жылы жүргізген жұмысының нәтижесінде Қазақстан мен Ресей Федерациясының мұрағаттарында 2500-ден астам іс сарапталып, саяси қуғын-сүргіннің ақталмаған құрбандары ретінде 652 тұлға анықталды.

2021 жылдың және ағымдағы жылдың бірінші тоқсанындағы қорытындысы бойынша арнайы архивтерде 1486 адам туралы мәліметтер, оның ішінде соттан тыс органдармен сотталған 762 адамның ақталмағандығы анықталған болатын. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда.

  • Бұрын да көп адам ақталды ғой, енді кімді ақтау керек?
  • Иә, көбісі ақталған. Енді саяси қуғын-сүргін құрбандарының мына санаттары заңды әрі саяси жағынан міндетті түрде толық ақталуға тиіс. Қоғамдық-саяси, рухани, қызметтік, ғылыми, мәдени және шығармашылық салаларда мемлекеттік қудалау мен қуғын-сүргінге ұшырағандар саяси тұрғыдан ақталуға тиіс. Қазақстанның тәуелсіздігі үшін күрескен басқа қоғамдық-саяси қозғалыстар мен ұйымдардың қатысушылары, жекелеген қаһармандар, дінге қызмет еткені үшін саяси қуғын-сүргінге ұшыраған дәстүрлі дін өкілдері саяси тұрғыдан бағаланып, ақталуға тиіс. «Сопы» арнайы операциясы мен басқа да дінге қарсы науқандардың жүздеген, мыңдаған құрбаны әлі күнге дейін ақталған жоқ. Ал Ресейде бұл санат сонау 1996 жылы РФ Президентінің жарлығымен ақталды.

1917 жылдан бастап 1930-шы жылдардың ортасына дейін Қазақстанда кеңес үкіметін күштеп және заңсыз орнатуға, таптық, тектік, ұлттық және діни белгісі бойынша қудалауға қарсы, сондай-ақ тәркілеу, ұжымдастыру, мал, астық дайындау жөніндегі және басқа да саяси науқандарға қарсы бой көтерген 372  ресми емес деректер бойынша 400-ден астам халық көтерілісіне қатысушыларға саяси баға беріп, олар да ақталуы керек деп санаймын.  Барлық көтеріліс бойынша сотсыз, тергеусіз өлтірілген адамдардың жалпы санын анықтау аса маңызды.

  • Мемлекет басшысы «100 мыңға жуық азаматымыз қуғын-сүргінге ұшырап, соның 20 мыңнан астамы атылды» деген деректі келтірді. Осылардың нақты санын анықтай алмай отыруымыздың себебі неде?
  • Ғылыми түрде оқулықтарда ресми дерек ретінде «105 мың азаматымыз ұсталып, соның 25 мыңы атылды» деп жазып жүрміз. Қазір біз үшін тізімдерін анықтауда айтарлықтай қиындық жоқ. Барлық мәлімет орталықтандырылып жатыр. Ертең әр аймақ өздерінің зерттеу жұмысының нәтижесі ретінде анықтаған тізімдерін атын атап, түсін түстеп жібереді. Орталық комиссия қорытады. Сонда нақты ортақ саны шығады. Бұған дейін мұндай мүмкіндік болған жоқ. Мысалы, менің жұмыс тобым Алматыда байлар, кулактар, шаруалардың қаншасы жазаланып, сотталған, тіпті атылғаны туралы қорытынды мәліметімізді ұсынамыз. Қалғаны республикалық комиссияның күрделі шаруасы болмақ.
  • «Туысым, ата-бабам осы жерде қуғынға ұшырап еді, әлі ақталмады» деп көмек сұрап келетіндер бар ма?
  • Әрине, ондай адамдар жетерлік. Сол үшін де қала әкімдігі жанынан құрылған қалалық комиссияның «жедел желісі» бар. Былтырдың өзінде азаматтардан қуғын-сүргінге ұшыраған туыстары туралы ақпаратты іздеу бойынша 100-ден астам қоңыраулар түскен. Ол бізге немесе архивке анықтау үшін бірден жіберіледі.

Отбасылық мұрағаттарды, жазба естеліктерді зерделеу үшін қалалық комиссия мүшелері мен қаланың студент жастары арасынан еріктілер тобы құрылды. Сол еріктілердің қатысуымен Алматыда тұратын қуғын-сүргінге ұшырағандардың туыстарымен және жақындарымен байланыс орнатылды. Бұл бағыттағы үгіт-насихат жұмысын күшейтуіміз қажет.

Сұхбатыңызға рахмет!