Батыс Қазақстанда төрт адамды жарақаттаған қасқыр құтырған болып шықты

Батыс Қазақстанда төрт адамды жарақаттаған қасқыр құтырған болып шықты
Cурет: Ашық дереккөз

Оқиға 7 мамырда Шоқтыбай ауылында болған

Батыс Қазақстан облысында төрт адамды жарақаттаған қасқыр құтырған болып шықты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Шыңғырлау ауданының әкімі Әлия Мұханбетжанованың айтуынша, оқиға 7 мамыр күні Шыңғырлау ауылдық округіне қарасты Шоқтыбай ауылында болған еді.

«Қасқырдың басын зерттеу қорытындысы оның құтыруға шалдыққандығын көрсетті. Қазіргі кезде Шоқтыбай елді мекенінде 60 күнге шектеу қойылды. Барлық үй жануарлары егіліп, аулаларға дезинфекция жұмыстары жүргізіледі. Шоқтыбайда барлығы 69 аула бар, 273 тұрғын тұрады. Қасқырдың тісі тиіп, жарақат алған тұрғындар емін жалғастыруда», - деді ҚазАқпарат тілшісіне Ә.Мұханбетжанова.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда төрт адамға қасқыр шапқанын жазған болатынбыз.