Баспана – жарты бақыт

Оңтүстік астана тұрғын үй бағасы жағынан еліміздегі ірі қалалардың көшін бастап тұр.

Кейінгі кезде қазақстандық азаматтардан «Алматыдан пәтер алғанша Түркияда теңіздің жағасынан коттедж алған арзанырақ» дегенді жиі естиміз. Расында солай ма? Мегаполистегі үй бағасы неге қолжетімсіз? Президент Қ.Тоқаев зейнетақы қорындағы қаржының бір бөлігін еліміздегі азаматтардың баспана жағдайын жақсарту үшін алуға рұқсат бергеннен кейін Алматыда пәтер, жер бағасы өзгерді ме? Армандаған шаршы метрлерге жету үшін қанша ақшау жинау керек? Міне, осы сұрақтарға жауап іздеп көрдік.

Қайтсем қолым жетеді?

Алматы шаһарынан үйлі болу қашан да оңай болмаған. Қалаға арман қуып келіп, оқу оқып, жұмыс істеп, отбасын құрған жастар тұрмақ, Алматыда біраз жыл өмір сүріп келе жатқан орта жастағы адамдардың өзі бала-шағасымен талай жыл пәтерден-пәтерге көшіп жүріп, бір баспанаға зорға жетеді. Жеткені жетеді, жете алмайтыны қаншама? Әрине, мегаполис болған соң мұнда өмір қайнап жатады, жан-жақтан ағылушылар көп. Қалтасы қалың байлар да осында, бір айлықтан бір айлыққа әрең жететін немесе жалдамалы жұмыспен бір күндік табысына өмір сүретін күнкөрісі төмен адамдар да осында. Табысы орташа қарапайым азаматтар депозитке жылдар бойы ақша жинап, бір үйге жетем дегенше бай-қуатты адамдар бірнеше үйді иемденіп алатыны да жасырын емес. Біреулер зәулім сарайлар салып алса, біреулер тірнектеп жүріп бастаған үйінің құрылысын немерелі болғанша жалғастыра береді.

2021 жылдың қаңтар айында қазақстандықтар зейнатақы қорындағы жинағының бір бөлігін баспана жағдайын жақсартуға пайдалану үшін өтініштер беруді бастаған болатын. Осы орайда еліміздегі ірі қалаларда тұрғын үй шаршы метрінің бағасы шарықтап кете ме деген қауіп болғаны рас. Өйткені, «халық айтса, қалт айтпайды» демекші, нарықтағы қымбатшылық жылдан-жылға ауыздықтауға бой берер емес. Осыны ескерген Президент Қ.Тоқаев жылжымайтын мүлікті жөнсіз қымбаттатқандарға жаза қолданылатынын ескерткен болатын.

Сарапшылар не дейді?

Қазіргі таңда Алматыда үй бағасы тұрақты дейді  Krisha.kz сайтының сарапшылары. Олардың айтуынша, зейнетақы қорындағы ақшаның бір бөлігі азаматтарға беріле бастағанына орай тұрғын үй бағасының күрт өсуі, үй сату, сатып алуда нарықта жаппай дүрбелең байқалмайды. Еліміздегі ірі қалалар Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкенттегі тұрғын үй бағасының өсуін бақылаған сарапшылар өткен жылдың желтоқсан айында үй бағасында сәл ғана өзгеріс болғанын айтады. Шамамен 1,5 %-ға өскен. 2018-2019 жылдары желтоқсан айында бұл көрсеткіш 2% болған еді. Жалпы, 2020 жылғы үй бағасының өсуі  5,2%-ды құрайды. Өткен жылы бағаның өсуі қазан айында байқалса, төмендеуі қаңтар айында болған. Қазір көрсеткіш 2016 жылғы көрсеткішпен сәйкес келеді. 2019 жылы жылдық өсу динамикасы төмендеу болған, шамамен 2%, 2018 жылы бұл көрсеткіш 3% болды. Дегенмен, бағада айтарлықтай тұрақсыздық жоқ дейді сарапшылар.

Өткен жылы пандемияның салдарынан жылжымайтын мүлік нарығы да біраз зардап шеккен болатын. Пәтерлерге сұраныс азайып, жеке тұрғын үйлерді сатып алушылар саны артқан. Биыл тұрғын үй нарығында аздап болса да қозғалыс ширай түсті. Кейбір сатушылардың айтуынша, қала тұрғындарының құрылыс нысандарына қызығушылығы артқан. Сатып алушылардың біразында белгілі бір жинаған қорлары бар. Ал сатушылар баға көтеріліп қала ма деген оймен абайлап әрекет етеді.

Нарықтағы тұрақсыздықтың болмауына бірнеше себеп бар. Басты себеп, зейнетақы қорындағы жинағының бір бөлігін ала алатындар қатары аса көп емес. Салымшылардың үштен бір бөлгінің есепшотындағы қаржы миллионға да жетпейді. Тағы бір бөлігінің шоттағы ақшасы шамамен 2-3 миллион. Мұндай салымшылардың көбі жинақтан алатын ақшасын ипотекалық қарызын жабуға пайдаланады. Жинақтағы қаржы есебінен баспаналық жағдайын жақсарта алатындардың көп емес екенін осыдан-ақ байқауға болады. Дегенмен, зейнетақы қорындағы жинақтың үй бағасына нақты қалай әсер етінінін нақты болжау әзірге мүмкін емес. Уақыт көрсетеді.

Көптеген экономистердің пікірінше, 2021 жылы әлемдік экономика жандана түседі. Бұл коронавирустан вакцинаның пайда болуына да байланысты.

Бір шаршы метр қанша?

Қазіргі таңда Алматыда жылжымайтын мүлік сатушылар үйдің шаршы метрін орта есеппен 466 133 теңгеге бағалауда. Бұл өткен жылдың желтоқсан айымен салыстырғанда 1,8%-ға қымбат. Бағаның максимальды өсуі өткен жылдың наурызында (+2,8%), сәуір (+2,7%) және қазан (+2,7%).

Көктемге қарай өте қымбат үйлердің бағасы аздап төмендеуі мүмкін екенін айтады сарапшылар. Ал қалған кластағы үйлердің бағасы 1,5-2%-ға өсуі ықтимал. Бұған қолжетімді баспана аясын кеңіту мақсатында қабылданған мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларының да әсері болуы мүмкін. Бұл –«Баспана Хит», «7-20-25», «Нұрлы жер», «Бақытты отбасы» және «Өз үйім» бағдарламалары. Мемлекет жылдан-жылға тұрғын үй бағдарламалы арқылы азаматтардың баспаналы болуына жағдай жасап, үй алу шарттарын жеңілдетуге, алғашқы салымның мөлшерін азайтуға, жылжымайтын мүлік бағасының көтерілмеуін бақылауда ұстауға тырысып келеді. Дегенмен, тұрғын үй бағасы доллармен емес, теңгемен есептелетін болса да, доллардың курсы үй құнына жанама түрде әсер етінін жоққа шығара алмаймыз. Халықаралық сарапшылар биылғы доллардың курсы 398-430 теңге мөлшерінде болатынын айтуда. Егер осы курс сақталса, үй бағасында қымбатшылық болмайды деген болжам бар.

Дәурен ӘЙТКЕНОВ, BI Group сарапшысы:

 Ұсыныс көбейсе, баға тұрақтанады

Былтыр пандемия нарықтағы девальвациямен қатар келіп, осы кезде жылжымайтын мүлік құрылысында біраз дағдарыс болды. Осындай қиын-қыстау кезде мемлекет құрылыс компанияларына жұмысын тоқтатпауға рұқсат берді. Қазір жаңадан салынған үйлерге сұраныс жоғары. Нарық талабына сәйкес сатып алушылардың сұранысын қамтамасыз ету үшін сатылымға жаңа жобаларды шығара бастады. Сұраныс ұлғайған сайын бағаның өсетіні де заңды ғой. Алайда, нарықтағы құрылыс компаниялары арасында бәсекелестік жоғарыласа, ұсыныстар көбейсе, баға да тұрақты болмақ.

Қазіргі таңда еліміздегі тұрғын үй нарығын дамытудың негізгі қозғаушы күші ипотекалық бағдарламалар болып отыр. Несиеге алынатын үйлердің үлесі 20 пайыз ғана болғанымен, болашақта дами түсуге мүмкіндігі зор. Бұл үшін мемлекет пайыздық мөлшерді субсидиялауды жалғастыра беруге тиіс. Құрылыс компаниялары шығынды барынша үнемдеп, қолжетімді үйлер салуды арттырғаны жөн. Ал жергілікті әкімдіктер құрылыс компанияларына қолдау білідіріп, үйлер салынатын жер телімдерін қажетті магистральдық инженериямен қамтамасыз етуі керек.

Сәдуақас ҚҰНЫПИЯҰЛЫ, зейнеткер:

 Әр қазақтың үйі болсын

– Мен Алматыға 17 жасымда келдім. Ол кезде ауылдағы ата-аналарымыз баласын қалаға жібергенде аса алаңдамаушы еді. Өйткені, оқуға, жұмысқа келген жастардың көбі жатақханаларға орналастырылатын. Мен біраз жыл құрылыс саласында істеген еңбегімнің арқасында Алматыдан үйлі болдым. Ол кезде де екінің бірінде қаладан үй алу мүмкіндігі бола бермейтін. Ал қазіргі жастар үйлі болуды мақсат етіп, мемлекеттік бағдарламалар арқылы баспаналы болып жатыр. Қазіргі жастардың талпынысына риза боламын. Кейбір жастар өздеріне ғана емес, болашақ балаларына үй алып қоюды да ойластырады. Меніңше, қазір жастарға оңай емес, бәсекелестік жоғары. Мемлекет тарапынан жастардың баспаналы болуына қолдау барын білеміз. Жылжымайтын мүлікке қатысты бағдарламалар арқылы бала-шағаларымыз, туыстарымыздың баспаналы болып жатқанына қуанамыз. Дегенмен, әлі де пәтер жағалап жүрген қаракөздеріміз аз емес. Өйткені, көпқабатты үйлердің бағасын көбінің қалтасы көтермейді. Тұрақты табысың болмаса, үйлі болуың екіталай. Елімізде көпқабатты үйлердің бағасы қымбат. Жер алып, үй салу да оңай болмай тұр. Өйткені, базарға барған сайын құрылыс заттарының қымбаттағанын байқаймыз. Осы қымбатшылық адамдарды күйзелтеді. Әр қазақ баспаналы болса дейміз. Бұған мемлекеміздің қуаты жетеді.

Айнұр СЕНБАЕВА

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *