«Ауыл аманатына» 1 трлн теңге бөлінеді

«Ауыл аманатына» 1 трлн теңге бөлінеді
Сурет: El.kz

Бұл туралы Премьер-Министр Әлихан Смайылов «Amanat» атынан сайланған мәслихат депутаттарының республикалық форумында айтты.

«Ауыл аманаты» жобасына жеті жылда 1 трлн теңге бөлінетінін айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz  ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

«Агроөнеркәсіп кешенінде 536 млрд теңгені құрайтын 300-ге жуық жоба іске асырылуда. Көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына жеңілдетілген кредит беру көлемі биыл 140 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Ауыл шаруашылығы техникасына жеңілдікпен кредит беру 145 млрд теңгеге жетті. Жеңілдетілген бағамен егіс жұмыстарына 419 мың тонна дизель бөлінді. Сонымен қатар егін жинауға қосымша 400 мың тонна арзандатылған дизель отыны қарастырылған», - деді Үкімет басшысы.

Сондай-ақ Премьер-Министр биыл мемлекет меншігіне қосымша 5 млн гектар ауылшаруашылық жерлері қайтарылатынын атап өтті.

«Ауылдық аумақтардағы әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымдарын жаңғыртуға баса назар аударылып отыр. Ауыл халқының табысын арттыру үшін «Ауыл аманаты» жобасы іске асырылуда. Соның шеңберінде микрокредит беру және кооперацияны кеңейту көзделіп отыр. Биыл 100 млрд теңге бөлінді. Жоба 7 жыл ішінде 1 млн-нан астам ауыл тұрғынын қамтиды. Оған жалпы 1 трлн теңге қарастырылады», - деді Әлихан Смайылов.