"Асыл Арман" тұрғын үй кешені маңында тоқтап қалған эстакада құрылысы қайта басталады

"Асыл Арман" тұрғын үй кешені маңында тоқтап қалған эстакада құрылысы қайта басталады
Cурет: All.biz

Жоба бойынша шарттық міндеттемелер орындалмауына байланысты мердігерлік ұйыммен шарт бұзылған болатын.

Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының ресми өкілі Ләззат Стамғазиева айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

Оның айтуынша, жақында «Асыл Арман» тұрғын үй кешенінен шыға берістегі екінші жол өтпесінің құрылысы жалғасады. Бүгінгі күні жұмыс 45 пайызға орындалды.

«Қазір құрылыс жұмыстарын жалғастыратын жаңа мердігер компания анықталды. Бұған дейін жоба бойынша шарттық міндеттемелердің орындалмауына байланысты мердігерлік ұйыммен шарт бұзылған болатын», - деді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ баспасөз хатшысы Ләззат Стамғазиева.

Еске салайық, ақпан айында Алматы-Бішкек бағыты бойында орналасқан «Асыл Арман» тұрғын үй кешенінің тұрғындары қалаға шыққанда және кері қайтқанда тек айналма жолдармен қатынауға мәжбүр екені айтылған болатын.

Осы мәселені шешу үшін «Алматы-Бішкек» автожолында «құбыр» үлгісіндегі жолайрық (18+700 шақырым) және Райымбек ауылына бұрылыстағы қосымша жаяу жүргіншілер көпірін (19+860 шақырым) салу үшін жеке жоба («Алтын-Орда» жобасына кірмейтін) әзірленді. Жолайрықтың жалпы ұзындығы - 264 метр. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының өкілі Ләззат Стамғазиеваның сөзінше, құрылыс жұмыстары 2023 жылы аяқталады.