«Апалы-сіңлілі Нақыпбековалар: еркіндікке жол»

«Апалы-сіңлілі Нақыпбековалар: еркіндікке жол»
Сурет: Inform.kz

 Алматыда «Апалы-сіңлілі Нақыпбековалар: еркіндікке жол» атты деректі фильм көрерменге жол тартты.

Туынды классикалық өнердің хас шеберлері атанған қазақ қыздарының өмірі мен шығармашылығын баяндайды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 24.kz-ке сілтеме жасап.

Еске сала кетейік, бұған дейін фильм Лондонда таныстырылған. Енді қазақстандық көрерменге жол тартты. Алғашқы көрсетілімі  Esentai IMAX Kinopark 11 кинотеатрында көрсетілді. Апалы-сіңлілі Нақыпбековаларға арналған деректі фильмінің тұсаукесеріне олардың өзі қатыса алмады. Дегенмен, айтулы шараға осындағы өнерсүйер қауым жиналды.

Нақыпбековалар – әлемдегі ең үздік фортепианолық триолардың бірі. Эльвира скрипкада, Элеонора фортепианода, Альфия виолончельде ойнайды.  Батыста «Бековалар триосы» деген атпен кеңінен танымал. Фильмді түсіру туралы бастаманы  Франциядағы қазақ қауымдастығы көтерген.  

«Бұлар совет өкіметі тұсында осы елден  кетіп қалған. Оларды диссидент деп атаған. Солардың тарихы туралы.  Диссидент деген клеймо алды. Бірақ диссидент деген клеймосына қарамай, бұлар міне 30 жыл бойы дүниежүзінің сахнасында біздің елді құрметтеп көрсетіп жатыр», - дейді бар продюсер Берлин Иришев. 

Лондонға алғаш болып, Альфия барған. Ол 1981 жылы гастрольдік сапарда болып, қайтпай қалады. Кейін оған  екі әпкесі барып қосылады. Сөйтіп, қазақ қыздары классикалык музыканың майталмандарына айналады.

«Олар сол кездің өзінде Одақ көлемінде кеңінен танымал болды. Атақ, абыройдан кенде болмады. Бірақ музыкант қыздар шығармашылық еркіндікті аңсады. Шетелдің мәдениетімен, өнерімен жақынырақ танысқысы келді. Ал бұл жақта ондай мүмкіндік болмағаны белгілі. Альфия шетелде қалып қойған соң, олардың отбасы сол тұстағы  әміршіл-әкімшіл жүйенің зардабын бастан кешірді», - дейді сценарий авторы Нұргүл Түсіпбекова.

Деректі фильм бірнеше елде түсірілді. Қазір Альфия мен Элеонора Ұлыбританияда, Эльвира Италияда тұрады. Олардың өнеріне қай елде болмасын сұраныс жоғары.