Анар ФАЗЫЛЖАН, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры: Тілдік фактордың экономикалық дамуға әсері зор

Анар ФАЗЫЛЖАН, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры:  Тілдік фактордың экономикалық дамуға әсері зор

Бүгінгі таңда еліміздің рухани өміріндегі маңызды мәселелердің бірі – мемлекет өмірінің негізі болып табылатын дәстүрлі құндылықтарды жаңғырту және сақтау, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу. Ал ұлттық болмыстың сақталуына ықпал ететін елдің әлеуметтік өмірінің негізгі факторлары – ұлттық мәдениет, әдебиет, халықтық салт-дәстүр, менталитет және дүниетаным. Бұл ретте, тіл – қарым-қатынас құралы, мәдениеттің негізгі элементі ғана емес, ұлттың мәдени кодының және патриоттық тәрбиенің маңызды құрамдас бөліктерінің бірі, сонымен бірге ұлттық болмыстың, бірегейліктің нышаны, тарихи жадының іргетасы да.

Біз осы орайда, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бүгінгі тыныс-тіршілігі, осы саладағы маңызды жайттар мен атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде аталған мекеме басшысы, белгілі ғалым Анар Фазылжанмен сұхбаттасқан едік.


– Қазіргі таңда Қазақстанда ғылым саласына баса назар аударылуда, – дейді Анар Фазылжан. – Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстан Ғылым академиясы қайта құрылып жатыр. Енді ғалымдардың жалақысы бұрынғы деңгейде қалмайтыны анық. Өйткені Президенттің ғылымға қатысты берген тапсырмаларының орындалып жатқанын жыл сайын сезіп келеміз. Біз сияқты Ғылыми-зерттеу институттары қарасты ҚР Ғылым және Жоғары білім министрлігі жылына бірнеше мәрте бағдарламалық-нысаналық қаржыландыру және гранттық-зерттеу жобаларына конкурс жариялайды. Бұрын ол конкурс 3 жылда бір рет жарияланатын да, содан өткен ғалымдардың ғана 3 жыл бойы жалақы алуға мүмкіндігі болса, қазір ол әртүрлі номинациялар бойынша жылына бірнеше мәрте  жарияланады да, ешбір ғалым жалақы алу мүмкіндігінен айырылмайды. Бұл бізге жақсы көмек болды. Мысалы, біз биыл Ғылым және Жоғары білім министрлігінің қолдауымен екі бағдарламалық-нысаналық қаржыландыру жобасын ұтып алдық. Оның біріншісі – «Жаңа Қазақстан контексінде тілдік сананы қалыптастыру  мен дамытудың тілтанымдық құралдары мен IT әзірлемелері» деп аталады.

– Жобаны бұлай атаудың және оны қолға алудың маңызы неде?

– Кез келген қоғам бір сарында, бір арнада ойлау үшін, игі істерге жұмылу үшін ол қоғамда ұлттық сана болуы керек. Сол ұлттық сананың өзі бірнеше элементтің тұтастығынан тұрады. Ұлттық сана – тілдік санадан, тарихи санадан, эстетикалық, ахлахтық, құқықтық, саяси санадан тағы басқа да осы сияқты сана түрлерінен жинақталған күрделі жүйе. Осы айтылғандардың ішіндегі, барлық саналардың үстінен төңкеріліп түсіп, оларды тұтас етіп тұратын ұлттық сананың маңызды элементі, ол – тілдік сана. Егер біздің тілдік санамыз өзге тілдің негізінде қалыптасса немесе ұлттық санамыздың мен айтқан элементтері, мысалы, қоғамдық сана, ғылыми сана, діни сана өзге мәдениеттің, өзге тілдің құралдары арқылы қалыптасса, онда оның тұтастығына нұқсан келеді. Ал ұлттық сананың тұтастығына нұқсан келсе ол мемлекеттік бірегейліктің әлсіреуіне әкеліп соқтырады, мемлекет халқының біртұтас халық болып бір іске жұмылуына кедергі келтіреді. Сондықтан біз осындай тақырып ұсынып отырмыз. Яғни біздің еліміздегі мемлекет құрушы ұлттың тілі – қазақ тілі, ол – біздің жалпы мемлекеттік бірегейліктің негізгі факторы. Сондықтан жаңа Қазақстан контексінде тілдік сананы жаңғырту құралдарын әзірлеп жатырмыз.

– Ол қандай құралдар?

– Мысалы, «Қазақ тілінің ұлттық корпусы» деген үлкен мега-жоба осы зерттеу аясында жалғасын тауып жатыр. Ол біздің бұрынғы зерттеулеріміздің де нысаны болған. Қазақ тілінің ұлттық корпусы, жалпы, әлемдік корпустар сияқты үнемі толығып, жетіліп, базасы кеңейіп отыратын мәтіндердің ақылды цифрлық кеңістігі. Қазір онда қазақ тілінің барлық стильдері мен жанры бойынша жинақталған 40 миллионнан астам сөз қолданыстан тұратын мәтіндердің ақылды базасы бар. Оның сайтына кірген тұтынушы кез келген сөзді іздесе сол сөз қолданылған барлық контекстер самсап алдына шығады. Ол контекстер кімдікі екені туралы ақпарат метабелгіленімде белгіленеді. Яғни мәтіннің аты, авторы, қай кітапта, қай жылы жарияланғаны, қай жанр, қай стиль екені түгел көрсетіліп тұрады. Сонда сіз кез келген қазақ сөзінің қолданыс кеңістігін, аясын және сол сөздің өзіңіз іздеген кезде шыққан барлық контекстегі грамматикалық, фонетикалық түрленімінен хабар аласыз. Бұл – тіл үйренушілер үшін де таптырмайтын құрал. Ал тілтанушылар үшін қазақ тілінің ұлттық корпусы биологтардың микроскопы сияқты қызмет атқарады. Біз тілдегі фактілерді бұрын көз майымызды тауысып, барлық жазба мәтіндерден жинайтынбыз. Ал ауызша көріністерін экспедицияға шығып, ауыл-ауылды аралап, диктофонға жазып алатынбыз. Қазір корпустың базасына кіре салып, кез келген сөздің алуан түрлі қолданысынан әп-сәтте ақпарат ала аламыз. Яғни ол корпус тілтанушы үшін микроскоп қызметін атқарады. Ал тіл үйренуші, тілді тұтынушы немесе сол тілде өнім жасаушы маман үшін ол – таптырмайтын ақпараттық құрал. Мысалы, биолог корпустың базасынан биологияға қатысты өзін қызықтырған кез келген терминді, сөзді, қолданысты іздеп табады. Оның семантикасын, түрленімін, статистикасын және ол сөздің әр жылдардағы қолданыс ерекшелігін де көре алады. Өйткені сөз де адам сияқты әртүрлі тағдырлы кезеңдерден өтеді. Бір кезеңде тілде белсенді болады, келесі кезеңде белсенділігінен айырылып қалады, тағы бірде тіпті ұмытылып, қолданыстан шығып қалады немесе жаңғырып, қайта қолданылады, бір кезеңде өзінің бастапқы мағынасынан басқа мағынада қолданылады. Қолыңызда корпус болса, ұялы телефоныңыздағы сайтта бүкіл қазақ тілінің матрицасы жүреді.

– Ол қанша уақытта әзірленді?

– Бұл корпус бізде 1996 жылдан бастап дайындала бастады. Тіл білімі институтында қызмет еткен профессор Асқар Құдайбергенұлы Жұбанов өзінің «Қазақ тілін автоматтандырудың формалды-тілдік модельдері» деген докторлық диссертациясында осы корпустың лингвистикалық негіздері туралы алғаш рет айтып, зерттеп кеткен. Бірақ корпус жасау ісімен ол кісі кейіннен 2000 жылдардан бастап жүйелі айналысты. Бірнеше гранттық жобалар ұтып алды. Сөйтіп корпустың базасы ол кісінің кезінде шамамен 3-4 миллиондық мәтіннен тұрды. Кейіннен ол кісінің идеясын түсінген институт ғалымдары, соның ішінде профессор Айман Жаңабекова бар, оны жетілдірді. Енді 2020 жылдан бастап, осы институтқа келгелі мен осы жобаның әртүрлі ішкорпустарын әзірлеуді қолға алуды ұжымға ұсындым. Ұжымымыз қолдап, қазір соны жүзеге асырып жатырмыз.

Мақсатымыз өте ауқымды. Біз корпустың базасын 1 млрд сөз қолданысы деңгейіне жеткізсек дейміз. Онда жаңағы мен айтқан лингвистикалық белгіленім санын арттырғымыз келеді. Мысалы, тілді тұтынушының сұранысы әртүрлі болуы мүмкін. Ол тек қана сөздің әртүрлі контекстегі грамматикалық құрылымын ғана емес, этимологиясын білгісі немесе басқа аудармасын көргісі келуі, басқа да түрлі ақпаратты алғысы келуі мүмкін. Мысалы, қазір поэтикалық, терминологиялық, ономастикалық ішкорпустарды жасап жатырмыз.

– Әртүрлі ішкорпустар жасаудың қажеттілігі неден туындады?

– Бір ғана мысал келтіріп кетейін. Мысалы, ономастикалық ішкорпус не үшін керек? Біз қазір еліміздің жер-су, кісі есімдері сияқты басқа да толып жатқан нысандар атауларының ортасында өмір сүріп жатырмыз. Ол біздің құндылықтарымызды, дүниетанымымызды білдіреді. Оны танып-білген сайын патриоттық сезімің, жеріңе, Отаныңа деген сүйіспеншілігің  артады. Себебі психологияда адам өзі танымайтын, білмейтін нәрсесін сүймейді, оны ешқашан қорғамайды. Сондықтан Қазақстан азаматы өз Отанын қорғасын, өзінің жерін сүйсін десек, біз қазақтың сол жер-су аттарының астарында сақталған дүниетанымы, мәдениеті туралы білімдерін көрсетуіміз керек.

Ономастикалық ішкорпусты жасағаннан кейін біздің арманымыз – қазақтың ең танымал атауларының этимологиясы, шығу төркіні, тарихы туралы мәліметтер ұсыну, егер ол қандай да бір тарихи оқиғаға байланысты болса сол оқиға туралы нақты деректерді түгел көрсету. Мысалы, егер сіз қазіргі кездегі ономастикалық корпустың бастапқы үлгісін пайдаланып, «Марқакөл» деп терсеңіз, «бұл екі сөздің түбірінің қосындысынан жасалған, бірге жазылады, бөлек жазылатын формасы қате болып саналады. Марқакөл Шығыс Қазақстандағы, теңіз деңгейінен осынша метрде орналасқан көл» деп оның географиялық орналасуы туралы да ақпарат береді. «Көне түркі тілінде «марқа» деген «үлкен» деген мағына берген, яғни бұл «үлкен көл» дегенді білдіреді» деп этимологиясын да көрсетеді. Міне, осындай ақпараттарды білген адам қалайша өзінің жерін жақсы көрмейді, қалайша қорғамайды?

Осындай жұмыстардың барлығы былай қарағанда қарапайым ғана тілдік факторлар сияқты көрінеді. Ал оның астарында үлкен, ауқымды, мемлекеттік, стратегиялық маңызды міндеттер орындалып жатыр.

Институт ғалымдары басқа қандай жобалармен айналысуда?

Біз Ахмет Байтұрсынұлының мұрасын тілтанымдық рефлексия тұрғысынан қайта қарауды қолға алдық. Рефлексия – танымдық анализ. Ахмет Байтұрсынұлының мұрасы туралы біз көбінесе эмоционалдық тұрғыда сөйлеуді жақсы көреміз. Ал оны нақты ғылымдармен байланыстырып зерттесе, таңқаларлық ақиқаттар ашылады. Сондықтан Ахметтану бөлімі қазір қызу жұмыс үстінде.

Социолингвистика бөлімін аштық, ол «Әлеуметтік тілтаным» деп аталады. Себебі біздегі зерттеуші бөлімдердің көбі тілдің құрылымдық бөлімдеріне арналған. Мысалы, фонетика, лексикология, грамматика сияқты бөлімдер. Әрине, олар классикалық филологиялық ізденістерден тұрады. Бірақ қазіргі кезде тіл мен қоғам арасындағы байланысты зерттеу аса өзекті болып тұр. Себебі тіл – қоғамдық құбылыс. Қоғамның тұтастырушы құралы болғандықтан, тіл – саясаттың да құралы. Осы тұрғыдан тілдік проблемаларды қарауымыз аса қажет екен. Мысалы, бір қызық айтайын: кеңестік кезеңде социолингвистика бойынша жүргізілген зерттеулерде әдетте қазақстандық ғалымдар ресейлік ғалымдардың статистикалық деректеріне көп сүйенетін. Ал сол Қазақстан бойынша тілді білу деңгейіне, тағы басқа мәселелерге қатысты деректерді келтірген Ресей ғалымдары Қазақстанда тұрмаған, мұндағы жағдайды білмейді. Демек олардың деректері қаншалықты объективті екенін де біз сол кезде бағалай алмадық, бірақ үнемі соған сүйендік. Осыны ойлана келе, біз «Неге өзіміздің социолингвист ғалымдарымызды тәрбиелемейміз?» деп социолингвистика бөлімін аштық.

Қазіргі кезде бөлімнің айналысып жатқан проблемаларының бірі – тіл мен экономиканың байланысы.

Ал тілді экономикамен байланыстыруда қандай мән-мағына бар?

– Біз әдетте тілдің экономикаға қатыстылығы туралы мүлде ойланбайды екенбіз. Нарық билеген заманда тілдің экономиканы дамытуға әсер ететін,  мықты дивидент әкелетін құрал екенін ескермеппіз. Егер экономика ұлттық тілде дамыса, онда ол ұлттық тілдің бүкіл құрылымдық, терминологиялық, лексикологиялық жүйесін жаңа бір үлкен деңгейге көтеріп тастайды екен. Яғни экономика мен тілдің арасында тікелей байланыс бар екен. Біз осыны зерттеп жатырмыз.

Одан кейін бұл жердегі тағы бір қызық мәселе, мысалы, қандай да бір тілдік қауымдастықтың ішінде оның өкілдерінің капиталы, экономикалық даму деңгейі әртүрлі. Ғалымдар енді бұған тіл факторы әсер ете ме, әсер етпей ме деген сауалға жауап іздеген. Сөйтсе әсер етеді екен.

– Қалайша?

– Мысалы, орыс ғалымы Станислав Белецкий «Америкада ағылшын тілін білетін мамандардың капиталы көп болса керек» деген гипотезаны зертеген.  Сөйтсе, оның болжамы дұрыс болмай шыққан. АҚШ-та испан тілін білетін адамның қалтасы ағылшын тілін ғана білетін адамнан әлдеқайда қалың екен. Неге? Өйткені ол жерде испантілді мигранттар өте көп. Оларға сол өздерінің тілінде қызмет көрсеткен адамның тауары немесе қызметі басқаларға қарағанда өтімді болып тұрады екен. Осындай проблемаларды алға қойып, біз қазір қазақ тілін лингвоэкономикалық аспектіде социолингвистика бөлімінде зерттеп жатырмыз.

Енді тағы бір бөлімді ашу жоспарланып отыр. Ол – психолингвистика бөлімі.  Бүгінде адам баласы реалды кеңістікте ғана емес, соған параллель ирреалды кеңістікте өмір сүруге көшті. Яғни тек қана реалды кеңістікте өмір сүргендегі тіл мен қазіргі адам екі кеңістікте өмір сүріп жатқан кездегі тілдің айырмашылығы көп. Реалды кеңістікте ғана өмір сүрген адамзаттың тілі атқарған қызметтерді қазіргі тіл атқара алмайды, басқаша, жаңа қызметтер атқарады. Тілде басқаша процестер, теңденциялар пайда бола бастады. Неге? Өйткені біз бәріміз екі кеңістікте өмір сүріп жүрміз. Қазір мысалы, ақиқат дүниеде сіз барсыз және виртуалды кеңістікте сіздің акаунтыңыз, электронды почтаңыз, әлеуметтік чаттарда виртуалды тұлғаңыз бар. Сосын мынау интернет, диджитал, ұялы телефон, цифрлық заманда балалардың тілі де біртүрлі болып бара жатыр. Көп жағдайда баяу шығады, жартыкеш тілділік көбейіп барады, әсіресе жас балалардың қай тілде сөйлеп тұрғанын білмейсің. Сосын тілдің көркемдеуші құралдары көмескіленуде. Көнеден бәрімізге белгілі айқын фразеологизмдер, бейнелі оралымдар, тұрақты тіркестер, мақал-мәтелдер қазіргі күнделікті тұрмыстағы тілімізде аз қолданылады. Осының барлығын зерттеу үшін біз тілді психолингвистика тұрғысынан қарау керектігін түсіндік.

Қазіргі таңда альцгеймер, деменция сияқты аурулар да көбейіп барады. Ол да цифрландырумен, жаһанданумен байланысты болса керек. Мұның алдын алу үшін осы ауруға шалдығу қаупі жоғары тілдік тұлғаларды анықтаудың жолдары бар және олар тілмен байланысты. Альцгеймердің де, деменцияның да алғашқы көріністері адамның тілінен байқалады екен. Әлемде оны анықтаған көп ғалымдар бар. Бірақ біз отандық бір ғалымымызбен әріптестікте гранттық жоба ұсынғалы жатырмыз. Сол жоба өтсе онда біз соның базасында психолингвистика бөлімін ашамыз. Бұған дейін біз халықаралық психолингвистика секциясын ашып, ол секцияның қатарына ресейлік, еуропалық ғалымдарды қосып, үлкен семинар, жиындар өткіздік. Мысалы, ресейлік ғалымдардың ішінде ең белгілісі – Татьяна Владимировна Черниговская деген ғалым, көрнекті нейролингвист, нейролог, мидың жұмысын зерттеп жүрген әйгілі ғалым. Ал еуропалық ғалымдардың ішінде атақты психолингвист Христо Кучуков бар. Жақын арада Христо Кучуков біздің институтымызға келіп, психолингвистика бойынша білімізді жетілдіреді, өзінің еркімен, қызығушылығымен келе жатыр. Қазір ол – біздің институттың осы психолингвистика бойынша халықаралық кеңесшісі.

Жұмыстың түр-түрі жүріп жатыр. Ондағы біздің көздегеніміз – жұрттың, ең бірінші, ғылыми қауымдастықтың сұрауын өтеу, солар арқылы қазақтың тіл білімін әлемдік тіл білімі дамып жатқан деңгейге жеткізу, бұрыннан жоғары деңгейде келе жатқан салаларды сол межеден төмендетпеу. Негізгі мақсатымыз – осы.

– Институттың қоғаммен байланысы, жүзеге асырылып жатқан шаралардың нақты тәжірибеде қолданылуы қалай?

– Қоғаммен байланысты нығайту үшін біз институтымызда бірнеше тілтанымдық алаңдар аштық. Тілтанымдық алаңдар дегеніміз – ғалымдар және сол ғалымдардың зерттеуін пайдаланатын қауымдастық бірге отырып мәселелерді талқылайтын, насихаттайтын орта. Мысалы, біз 2000 жылдан бері «Тілтанымдық мектептер» алаңы бар. Олар әртүрлі форматта, яғни дәрістер циклы, семинар, конференция, қоғамдық дәріс, көшпелі семинар, дөңгелек үстел болуы мүмкін. Шараларымыздың барлығы әлеуметтік желідегі фейсбук парақшамызда, инстаграмм арнамызда тұр, тик-ток ашып қойдық, телеграмм арнамызға жазылушылар саны біраз бар.  Сол сияқты, біз оны институттың өзінің сайтында да насихаттаймыз және бізде YouTube арнамызда бүкіл жиындардың видеолары қойылған, кіріп, тыңдап, көруге болады. Тілтанымдық мектептерде біз өз мектебін қалыптастырған отандық ғалымдардың мұрасын насихаттаймыз. «Ахмет оқулары» деген алаңда Ахметтану бойынша жүргізілген зерттеу нәтижелерін, Ахметтануға қатысты басқа да мәселелерді талқылаймыз. «Тіл және қоғам», «Тіл және сана», «Тіл және мәдениет», «Асқар Жұбанов оқулары» деген алаңдарымыз да бар.

– Ахметтанудың нақты ғылымдармен байланыста зерттеліп жатқанын айтыңыз. Осы орайда қандай тың деректерге, нәтижелерге қол жеткізілді?

– Мысалы, Ахмет Байтұрсынұлының мәтіндері, ол кісінің сол заманда жазған «Тіл құралы» оқулығы, әліпбиі қазақ қауымына неге бірден түсінікті болды? Ол кісі қалайша өз еңбегінің жемісін, өзі жазған оқу құралдары арқылы қазақтың сауаттанғанын көзі тірісінде көріп кеткен бақытты ғалым болды? Соның сыры неде дегенде Е.Поливанов деген атақты шығыстанушы ғалым: «А.Байтұрсыновтың әліпбиі математикалық формула негізінде жасалған. Біз оны әлі зерттеуіміз керек» дейді. Енді қазір қарап отырсақ ол кісінің мәтіндерінде артық қолданылған бір сөз жоқ, мағынасыз тұрған, қызметі жоқ бір құрылым кездеспейді. Ш.Жалмаханов деген ғалым бар, сол кісі Байтұрсынұлының терминдерін санап шығады. Сйтсе, ол кісі өзінің еңбектерінде  300-ден астам термин жасаған екен, соның 118-і қазіргі қазақ тілінде белсенді қолданыста. Ал орыстың атақты академигі В.Виноградов: «Егер ғалым өзінің зерттеулерінде 3 терминнің атауын беріп, оны белсенді қолданысқа енгізсе, ол – ұлы ғалым» деп айтқан. Осының бәрін зерттеуіміз керек. Бұл – адамның танымымен байланысты нәрсе. Ахмет Байтұрсынұлы термин жасағанда қазақ ұлты танымының ең кіші бірліктеріне, оларды когниталогияда «концепт» дейді, соларға сүйеніп жасаған. Сондықтан да ол терминдер өміршең. Бұл – біз анықтаған алғашқы нәтиже. Одан да зор нәтижелер анықталатынына сенімдіміз.

– Әңгімеңізге рахмет! Жұмыстарыңыз жемісті болсын!

   

Теги: Ахмет Байтұрсынұлы, тіл білімі, ғылым