«Алтын орда» базарының экс-басшысының соты кейінге шегерілді

«Алтын орда»  базарының экс-басшысының соты кейінге шегерілді
astana tv

Алматы облысында “Алтын орда” базарының экс-басшысы Эрмек Марқабаевқа қатысты алғашқы сот отырысы кейінге шегерілді. Себебі, күдікті айыптау актісімен таныспаған, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz astanatv.kz сілтеме жасап.

Ресми органдар дерегінше, Эрмек Марқабаев жазда “Алматы - Бішкек” тас жолында есірткімен ұсталған. Бірақ қорғаушысы Марқабаевтың қалтасына есірткі қасақана салынған дейді. Айтуынша, дәлел видеожазбалар бар көрінеді. Қарасай аудандық соты іске қатысты сот отырысын 6-шы қарашаға қалдырды.

- Полиция қызметкерлерінің іс әрекетінде заңға қайшылық көп. Айыптау актісін әлі күнге дейін Марқабаевтың өзі немесе қорғаушылары қолма-қол алған жоқ. Өткенде сотқа дайындау кезеңінде судья прокурорға айыптау актісін өзіне немесе қорғаушыларына тапсыруды міндеттеген. Бірақ қазіргі таңға дейін әлі айыптау актісін алған жоқпыз, қылмыстық істің материалдарымен танысқан жоқпыз. Телефонын тартып алған, мініп жүрген көлігін тартып алған. Сол көліктің ішінен 3 млн теңге көлемінде ақшасын біреу ұрлап кеткен. Соған көңіліміз толмай тұр, - дейді Э.Марқабаевтың қорғаушысы Динара Жұбатова

Күдіктінің өзі сот отырысына онлайн қатысты. Оның жақындары әділдік сұрап шырылдауда. Сөздерінше, тергеу изоляторында жатқан Эрмек Марқабаевтың денсаулығы күн сайын нашарлап барады.

- Менің ағам- кінәсіз. Оны ұстау барысында есірткіні қалтасына қасақана салғаны - факт. Оны видеоға түсіріп үлгерген әйелге де қысым көрсетілді. Әділдік орнасын деп талап етеміз. Ағамның қан қысымы жоғары, асқазанында жарасы бар, тамақ ауруының ауыр формасымен ауырады. Сондықтан ең болмағанда үй қамаққа жіберулерін сұраймыз, - дейді Э.Марқабаевтың әпкесі  Жылдыз МАРҚАБАЕВА