Алматының Ерменсай шағынауданындағы көшеге асфальт төселді

Алматының Ерменсай шағынауданындағы көшеге асфальт төселді
Сурет: Almaty.tv

Бостандық ауданының халқы қала әкімімен кездесуде жол сапасына қатысты шағым айтқан еді

Алматының Ерменсай шағынауданындағы Талапты көшесі тақтайдай тегістелді. Жароков көшесі бойындағы гүлдер үшін суару жүйесі жаңартылды. Ал Қазақфильм ықшамауданында қураған ағаштар кесілді. Бостандық ауданы тұрғындарының қала әкімімен кездесуінде көтерген мәселелері көп ұзамай шешіліп жатыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Almaty.tv-ге сілтеме жасап.

Бұл – Ерменсай шағынауданына қарайтын Талапты көшесі. Бостандық ауданының халқы қала әкімі Ерболат Досаевпен кездесуде жол сапасына қатысты шағым айтқан еді. Олар көшедегі ойықтың көптігі жаяу жүргіншіге де, көлікке де ыңғайсыздық тудырады. Сондықтан жолдың тесілген 1 шақырымына асфальт төсеуді сұрапты. Айтқандарын қала әкімдігі екі етпеді.

«Иә, енді осы жерде айта кететін бір мәселе жаңағы көршілер жиналып, қала әкімдігіне барған екен. Енді соның нәтижесі жаңа асфальт түсті. Ризамыз. Жақсы бәрі», – деді қала тұрғыны Ақан Нұрманов.

Ал 4-тамызда өткен қала әкімімен кездесуде Қазақфильм ықшамауданының тұрғындары қураған ағаштарды кесуді сұраған. Өйткені шіріген бұталар адам өміріне қауіп төндіреді. Жұртшылықтың бұл тілегі де орындалды.

«Қала әкіміне алғысымыз шексіз! Қала әкімімен кездесу кезінде өтініш айтқанбыз.  Ағаштар үйдің шатырына құлап, қиындық тудырған еді.  Соның бәрі кесілді», – деді қала тұрғыны Абай Молдалиев.

Тағы бір тұрғын Жароков көшесін екі бөлікке бөліп тұрған жолақ ішіндегі жасыл-желекке алаңдаған болатын. Онда суару жүйесі істемейтіндіктен гүлдер жаз мезгілінде қурап кетеді.  Сондықтан бұл мәселені назарға алуды сұраған еді. Көп күттірмей түйткіл шешімін тапты.

«Тұрғындар Жароков көшесінің ортасындағы жасыл-желектерді суғару үшін су құбырын қайтадан қалпына келтіруді өтінген. Қазіргі кезде жөндеу жұмыстар жүріп жатыр.  Қараша айында аяқтаймыз. Келесі жылы суару жұмыстарын осы жүйемен суарамыз деп отырмыз», – деді Бостандық ауданы көріктендіру бөлімінің басшысы Арман Мизамбеков.

Аудандық әкімдіктегілер Алматы әкімімен кездесуде айтылған сұрақтардың бірі қалмай шешілетінін айтты. Тек аз ғана күту керек. Халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасын басшылыққа ала отырып, жауаптылар айтылған сұрақтарды рет-ретімен қарап, шешуге тырысатынын жеткізді.