Алматыда үздік кітапханашылар марапатталды

Алматыда үздік кітапханашылар марапатталды
Сурет: Almaty.tv

Бүгінде өңірде 144 кітапхана жұмыс істейді

24 қазан – кітапханашылар күні. Алматыда қызметкерлердің төл мерекесіне орай үздік мамандар марапатталды, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz. 

Осы салада бірнеше жылдан бері жұмыс істеп жүргендердің еңбегі еленді. Олар Алматы облысы әкімі мен Мәдениет және ақпарат министрлігі атынан алғыс хат пен құрмет грамотасын алды.

Еске салсақ, мереке өткен жылы Үкімет қаулысының бұйрығымен кітапханашылар күні болып бекітілген еді. Биыл екінші мәрте аталып өтіп жатыр.

– Бәрі интернетке ауысып кетті, бірақ ол мәңгілік емес. Ал кітап – рухани азық. Кітапхана – білім шаңырағы. Тарих, мәдениет, әдебиет, шежіре кітапханада сақталған, –деді Балқаш аудандық кітапханасының директоры Нүрия Қапсаланова.

Іс-шараны Алматы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы ұйымдастырып отыр. Бүгінде өңірде 144 кітапхана жұмыс істейді. Биыл 10 жаңадан ашылған. Алдағы уақытта аймақта зағип жандарға арналған кітапхана ашу жоспарланған. Қызметкерлер қосымша жұмыс орындарымен қамтылмақ.

– Қазақтың қасиетті қара шаңырағы Алматы қаласының төріндегі Ұлттық кітапханамен бірлесіп, Кітапханашылар күніне орай игі шара ұйымдастырылып отыр. Кітап қай уақытта да құндылығын жоғалтпаған. Алдағы уақытта жаңа мәдениет үйі салынып жатыр. Жанынан кітапхана ашу жоспарда бар, –деді Алматы облысы Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Данияр Әлиев.