Алматыда церебралды сал ауруына шалдыққан балаларды оңалтумен 12 медицина мекемесі айналысады

Алматыда церебралды сал ауруына шалдыққан балаларды оңалтумен 12 медицина мекемесі айналысады
Сурет: ашық дереккөз

Медициналық сақтандыру қорының Алматы қалалық филиалы «АРДИ» ҚҚ базасында балаларды оңалту, соның ішінде церебралды сал ауруына шалдыққан балаларға арналған реабилитация тақырыбында баспасөз турын өткізеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

Балалар арасындағы мүгедектік Қазақстандағы өзекті мәселенің біріне айналып отыр. Статистикаға сүйенсек, елімізде 98,2 мыңнан астам мүгедек бала өмір сүреді. Оның 19 мыңнан астамына балалардың церебралды сал ауруы деген диагноз қойылған, деп мәлімдеді МСҚ Алматы филиалының баспасөз қызметі

Бүгінде медицина бұл дертті толық емдеп жазуға қауқарсыз. Орталық жүйке жүйесіндегі ақау салдарын сапалы реабилитация мен баланың өз бетінше жүріп-тұру қабілетін дамыту арқылы реттеуге болады. 

Қазіргі таңда Алматыда церебралды сал ауруына шалдыққан балаларды оңалтумен 12 медицина мекемесі айналысады. 2023 жыл басынан бері 2700-ден астам оңалту шарасы жүргізіліп, оған Қор тарапынан 652,2 млн теңге төленген.
«АРДИ» қоғамдық қоры балаларды оңалту мен денсаулықты қалпына келтіруге бағытталған ем-домның 3-ші кезеңі бойынша қабылдайды. Бір айта кетерлігі, Орталық әлеуметтік бағдар ұстанады және балаларды МӘМС пен қала әкімдігінің әлеуметтік қорғау бағдарламалары негізінде емдейді. 

Айта кетейік іс-шара 2023 жылдың 15-маусымында Алматы қаласы, Нүрпейісов көшесі, 2а мекенжайында "Арди" ҚҚ өтеді.