Алматыда самокат пен мопедтердің қозғалысына бауқылау күшейтілді

Алматыда самокат пен мопедтердің қозғалысына бауқылау күшейтілді
Сурет: almaty-akshamy.kz

Алматылық полицейлер көктем, жаз мезгілдерінде қаланың жолдарында апаттық жағдай тудыратын жекелеген көлік түрлерін бақылауға көшті.

«Тәжірибеде мотоциклдер мен мопедтердің иелері тікелей ағынды қондырғыларды пайдалану дерегі көп кездеседі. Бұл әсіресе түнгі уақытта азаматтардың тыныштығына әсер етеді және олар рұқсат етілмеген жарыстарды, сондай-ақ маневр жасау және жылдамдықты шектеу ережелерін өрескел бұза отырып, ұйымдаспаған топтық қозғалыстарды ұйымдастырады. Бұл қала тұрғындары мен басқа да жол қозғалысына қатысушылардың шағымдарын тудырады. Осыған байланысты Алматы полициясы баламалы көлік түрлерін жүргізетін адамдардың құқық бұзушылықтарын анықтау жұмыстарын күшейтті. Қазір рейдтер жүргізіліп жатыр», — деді Алматы қалалық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы Серік Шумаев.

Оның мәліметінше, рейд барысында қала жолдарында 168 құқық бұзушылықты анықталып, 13 мас жүргізуші ұсталды. Сонымен қатар, 68 мопед және 23 самокат жүргізушісі әкімшілік жауапқа тартылды, 38 мопед айыппұл тұрағына қойылды.

«Мотокөліктердің қатысуымен болатын жол апаттарының негізгі себептері — белгіленген жылдамдықты сақтамау, қарсы бетке шығып кету, көше қиылыстары мен маневр жасау ережелерін бұзу және т. б. Өткен жылы мопедтердің қатысуымен 554 жол апаты болып, 541 адам жарақат алып, 16 адам қаза тапқан», — деді Серік Шумаев.

Сондай-ақ, өткен жылы Алматыда самокат пен мопедтер 617 жол апатына себепкер болған.