Алматыда Халықаралық «International Haileybury FIRST Championship» чемпионатының жеңімпаздары анықталды

Алматыда Халықаралық «International Haileybury FIRST Championship»  чемпионатының жеңімпаздары анықталды
almaty-akshamy.kz

Алматыда Халықаралық «International Haileybury FIRST Championship» чемпионатының жеңімпаздары анықталды. Олар: «Champions Award» номинациясында Орал қаласының «HighTech» командасы, «Winning Alliance Captain» номинациясында Алматы қаласының «Balga men Shege» командасы, «Inspire Award Winner» номинациясында Жаңаөзен қаласының «Rebels» командасы.

Әр номинация бойынша чемпионат жеңімпаздары мен үздік номинация иегерлері Білім басқармасының дипломдарымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.  Сондай-ақ, үздік нәтиже көрсеткен оқушыларға Қазақстан-Британ техникалық университеті мен «Тұран» университетінің білім гранттары табыс етілді.  International Haileybury FIRST Championship чемпионатына Қазақстан, Біріккен Араб Әмірліктері, Қырғызстан және Өзбекстан барлығы 250-ден аса оқушыны қамтитын  36 мектеп командалары қатысты.

Робототехника бойынша халықаралық International Haileybury FIRST Championship чемпионатын Алматы қаласының Білім басқармасы «USTEM Robotics» қорымен және Haileybury Almaty халықаралық мектебімен бірлесе отырып, Алматыда 2023 жылдың 28-29 маусымында өткізді.

Чемпионаттың негізгі мақсаты – ғылым, технология, инженерия және математика (STEM) саласындағы дағдыларды дамыту;  ғылым, технология және техника саласында шетелдік ұжымдармен тәжірибе алмасу; түрлі шет елдердің жастары арасындағы қарым-қатынас пен достықты нығайту.

Чемпионат 2 категория бойынша өтті: FIRST LEGO League Challenge және FIRST Tech Challenge. Қатысушылардың жас санаты 10-18 жас аралығын қамтыды.

 Халықаралық чемпионат жобалардың техникалық аспектілерін ғана емес, сонымен қатар командалардың креативтілігін, тиімділігін және бірлесіп жұмыс істеу қабілетін бағалайды, бұл жарысты одан әрі қызықты және тартысты етеді, сондай-ақ, робототехника саласындағы ең жарқын және ең дарынды жастарға арналған үлкен байқау болып табылады.

Жыл сайын робототехникамен айналысатын балалар саны артып, осы бағыттағы үйлесімді жұмыстың нәтижесінде алматылық мектеп оқушылары робототехникадан үздік нәтижелер көрсетіп келеді.

Қазақстандағы робототехника тарихында алғаш рет Даллас қаласында (АҚШ) өткен Vex Spin Up категориясы бойынша әлем чемпионатында Алматының құрама командасы үздік ондыққа кіріп, өз дивизионындағы 80 команда арасынан алдыңғы қатардан көрінді. 

Сондай-ақ, алматылық оқушылар Хьюстон қаласында (АҚШ) өткен FIRST World Championship әлем чемпионатында бірден үш номинацияны жеңіп алды. Үндістанның Пуна қаласында FIRST Tech Challenge India Championship 2023 турнирінде біздің оқушылар беделді Finalist Alliance Captain Award сыйлығына ие болды.

Чемпионат робототехника саласындағы өзара тәжірибе алмасатын және шабыттандыратын бірегей алаңға айналды және жан-жақтан жиналған жас қатысушылар өз шеберліктерін көрсете отырып, ғылым мен технологияның болашақ көшбасшылары болуға мүмкіндік алды. Бұл Қазақстандағы STEM бағытын дамытудағы үлкен және жемісті жолдың бастамасы.