Алматыда арық желілері жаңартылып жатыр

Алматыда арық желілері жаңартылып жатыр
Сурет Алматы қаласы әкімдігі

Алматыда қала әкімінің тапсырмасымен су басуды жою үшін арық желілері жаңартылып жатыр, Almaty-akshamy.kz

 Бостандық ауданының тұрғынының сұрағы:-

-Сәтбаев-Масанчи қиылысын жаңбыр кезінде су басады. Бұл мәселені шешуге көмектесіңізші.

Алматы әкімі Ерболат Досаевтың жауабы:

- Қазір Алматыда құрылыс-жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде нөсер кәрізі бірге жабдықталуға тиіс. Сіз көрсеткен қиылыста мердігер жақын арада кәріз жұмыстарын аяқтайды, бұл жобада көрсетілген.

Су тасқынын жою мақсатында жүргізіліп жатқан арық желілерін жаңғыртуға сәйкес Алматыда барлығы 300 шақырымнан астам арық желісі ауыстырылып, салынады. Алдымен біз үнемі су басатын жерлерге назар аударамыз, бұл Түрксіб, Жетісу сынды қаланың төменгі аудандары. Бітелген арықтарды тазалаймыз. Қалада арық жүйелері ескі, көбінесе ағаштардың тамыры арықты бітейді, үнемі қоқыс жиналады.

Келесі жылы арық жүйесін тазартып тұруға, күтіп ұстауға қаражат бөлу туралы шешім қабылданды. Орталықсыздандыру аясында аудан әкімі су тасқынына байланысты мәселелерді шеше алады. Бұрын аудан әкімдері бюджеттің жоқтығын айтатын, енді олар өз бетінше жұмыс істей алады. Аудан әкіміне осы учаске бойынша жұмыстардың орындалу барысын қадағалауды тапсырамын. 

Айта кетейік, зерттеу нәтижелері бойынша Алматы қаласының аумағында үнемі су басатын 102 аумақ анықталды, олардың 56-сы аса маңызды. 2022-2023 жылдары су тасқынын жедел жою мақсатында қаланың осы 56 проблемалы аумағында құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталды, оның аясында қолданыстағы 13 коллектор мен 3 канал қалпына келтірілді, қосымша 6 коллектор мен 6 канал салынды, сонымен қатар, Ойжайлау, Боралдай және Қарасу өзендерінің сол жағалауын нығайту бойынша жұмыстар жүргізілді. Коллекторлардың өткізу қабілетін екі есе арттыру бұрын үнемі су басатын аумақтарда мәселені біржола шешуге мүмкіндік берді.

Сонымен қатар, Алматы әкімдігі 3 негізгі бағыт (Орталық, Шығыс және Батыс) бойынша 276 км қайта жаңарту және 100 км жаңа арық желілерін салу бойынша ауқымды жұмыс жүргізіп отыр. Бүгінде ұзындығы 84,8 км болатын 164 учаскеде жұмыс аяқталды.