Алматы полициясы Өзбекстан азаматын ұрлап кеткен күдіктілерді ұстады

Алматы полициясы Өзбекстан азаматын ұрлап кеткен күдіктілерді ұстады
Сурет: Polisia.kz

Адам ұрлау туралы ақпаратты “102” операторы тіркеген, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Ақтөбе қаласының тұрғыны телефон соғып, оның 23 жастағы ағасын Алматыда ұрлап, BMW көлігімен белгісіз жаққа алып кеткенін хабарлады.

«Әйел адам оған ағасы мен белгісіз біреудің хат алмасқан жазбасын жібергенін айтты. Хатта жігітті қорқытып, Шымкент қаласына өз бетімен оралуын талап еткен. Ұрланған адамның Өзбекстан азаматы екені және Шымкенттегі кірпіш зауытында жұмыс істегені белгілі болды. Жұмыстан шыққан кезде жұмыс берушілер оның төлқұжатын қайтарудан және төлем жасаудан бас тартты. Сондықтан жігіт Өзбекстан елшілігіне хабарласу үшін Алматыға қашып кеткен. Келіп түскен дабылдан соң Алматының ҰҚҚКБ мен Әуезов аудандық полиция басқармасының қызметкерлері Шымкентке барды, онда 31, 29, 31 жастағы үш жұмыс беруші ұсталды. Оларға айып тағылды. Олардың басқа да ықтимал қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр», – деді Алматы қалалық ПД бастығының орынбасары Дидар Аханов.

ҚР ҚК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етілмейді.  ҚР Конституциясының 77-бабы 3-бөлімі 1-тармағы, ҚР ҚК-нің 19-бабы 1-тармағына сай кез келген азамат сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін кінәсіз деп саналады.