Алматы әкімдігінде Медеу ауданындағы су мәселесі қалай шешіліп жатқаны айтылды

Алматы әкімдігінде Медеу ауданындағы су мәселесі қалай шешіліп жатқаны айтылды
Сурет: ашық дереккөз

Алматыда сумен үздіксіз жабдықтау мәселесі Наурызбай ауданындағы Ақжар мен Шұғыла шағын ауданы мен Медеу ауданының жоғарғы бөлігіндегі тұрғындар үшін өзекті болып табылады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

«Былтыр күзде тұрғындардан келген көптеген өтінішті ескеріп, «Qazaq stroy» жеке инвесторын тартып, биыл наурыз айынан бастап магистральдық су құбырын, сорғы станциясын және су резервуарларын салу жобасы әзірленіп, іске асырылуда. Олардың барлығы биыл 1 тамызда пайдалануға берілді. Ақжар және Шұғыла шағын аудандарының 35 мың тұрғыны қамтылды», - деді Ерболат Досаев Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Алматы қаласын дамыту жөніндегі кеңесте. 

Әкімнің айтуынша, Медеу ауданының Каменск үстірті, Көлсай, Мұзтау және Юбилейный шағын аудандары сумен үздіксіз жабдықталған жоқ. Бұл мәселені шешу үшін биыл наурыз айында Балқаш су жинағышындағы ТЖ желісі бойынша қуатты тәулігіне 7,2 мың м3 4 ұңғыма мен 2 резервуардың құрылысы басталды, ол 2023 жылдың соңына дейін аяқталады. Бұл 20 мың тұрғынды сумен қамтуға мүмкіндік береді. 

«Жер үсті су көздеріне тәуелділікті айтарлықтай төмендету үшін әкімдік қаланың әл-Фараби даңғылынан жоғарғы бөлігін 2023 жылдың соңына дейін сумен үздіксіз қамтамасыз ету үшін 3 су жинағышты жобалауды бастады», - деді Ерболат Досаев.