Елорда іргесінен Сұлутам мен Сырлытам кесенелері табылды

Елорда іргесінен Сұлутам мен Сырлытам кесенелері табылды
Сурет: Inform.kz

Астана іргесінен Алтын Орда дәуірінде салынған қос кесене табылды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Ғалымдар бұл академик Әлкей Марғұлан жазып кеткен – Сұлутам мен Сырлытам кесенелері деп пайымдап отыр.

24.kz арнасының хабарлауынша, тарихшылар Қорғалжын ауданының бұл тұсы Ұлы Жібек жолының бойы екенін айтады. Сол себепті стратегиялық маңызға ие.

Тарихшылар бұл маңда бес кесене барын мәлімдеп отыр. Соның екеуін Әлкей Марғұлан кезінде Сырлытам мен Сұлутам деп сипаттап, жазып кеткен. Археологтар сол кесенелердің дәл үстінен түскеніне сенімді. Бұған қазба кезінде табылған құмыра сынығы дәлел.

«Орта ғасырлық қыш өндірісі тарихында мұндай таңбалар рудың таңбасы немесе сол ыдысты жасаған шебердің таңбасы болуы мүмкін. Көріп тұрғандарыңыздай бұл қазақ ру тайпаларындағы мына таңба қатты келмейді», - дейді ҚР ұлттық музейі археологиялық тарих бөлімінің жетекшісі Пердехан Мұсылманқұл.

Қазба орнынан табылған тағы бір құнды дерек – сырлы қыш. Мұны сол заманда кесененің қасбетін әсемдеу үшін қолданған.

«Мына жерде де сол құйылып оның сырты сырлы бояумен боялып жасалған. Демек, Сырлы там осы болуы мүмкін деген теорияны растауы мүмкін ғой. Мүмкін ия, сол кездегі Марғұлан айтып кеткен Қорғалжын ауданы аумағындағы Сырлытам ескерткіштері деректердің осы қазба жұмыстары дәлелдеуі мүмкін», - дейді Пердехан Мұсылманқұл.

Тарихшылардың сөзінше, сәулет өнерінің сырлау техникасы негізінен Оңтүстік аймақтағы орта ғасырлық ескерткіштерге тән. Кесекте сақталған сыр да Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде қолданылған бояуға келіп тұр. Бұл да Жібек Жолы бойындағы елді мекендер арасында алыс-берістің дамығанының айғағы.

Қазір толықтай аршылған екінші кесене де сәулет тұрғысынан осыған ұқсас болуы мүмкін. Оның да орта ғасырларға тән белгілері бар. Есігі сол кездегі наным-сенімге сай, солтүстік-батысқа қараған.

Тарихшы-археолог Сырым Есенов кесененің күмбезі болған деген болжам жасап отыр.

«Ішінен көріп тұрған аппақ, бұл әкпен ақталған. Іші сыланған жақсылап тұрып, ал енді есігінен тек қана табалдырығы сақталған. Қалған жері өкінішке қарай, шіріп кеткен. Енді бұл кесененің ерекшелігін көрсетеді. Яғни ішінен әктелған болу себебі, яғни оның үстінде күмбез болғанын дәлелдеп тұр. Ашық болса, оны әктеудің қажеті жоқ қой. Яғни, төбесі жабық болған. Үлкен кесене болған», - дейді ол.

Телеарнаның хабарлауынша, кесене маңында 1973 жылы академик Әлкей Марғұлан бастаған археологиялық экспедия кезінде табылған Бытығай кесенесі бар. Тарихи ескерткішті 2007 жылы сәулетші Марат Сембин қалпына келтірген.

Ғалымдар Ұялы ортағасырлық қорымды зерттеуге бірнеше жыл керек екенін айтады. Дегенмен, Алтын орда дәуіріне қатысты құнды деректер Қазақстан тарихының көптомдығына енгізілетіні анық.