8 пәтерлі үй жанып кетті

8 пәтерлі үй жанып кетті
Сурет: gov.kz

Алматы облысының Заречный кентінде 8 пәтерлі үй өртеніп кетті. Облыс әкімінің тапсырмасымен баспанадан айырылған 24 адам, оның ішінде 10 бала қонақүйлерге орналастырылатын болады. Бұл туралы Almaty-akshamy.kz Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.

«17 тамыз күні сағат 03:57-де Алматы облысының Төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру бөлімшелері Қонаев қаласы Заречный ауылындағы Школьная көшесінде орналасқан 8 пәтерлі тұрғын үйдегі өрт бойынша шақыруға шықты.

Сағат 04:21-де өрт сөндірушілер келген уақытта үйдің шатыры мен екінші қабаты жанып, артынша шатыр опырылғаны анықталды.

Өрт туралы хабарлама кеш түскендіктен оны сөндіру жұмыстары қиындады. Қонаев қалалық өрт сөндіру бөлімінен оқиға орнына дейінгі қашықтық 20 шақырымды құрайды», - делінген ақпаратта.

photo

Құтқарушылар келгенге дейін 15 адам өз бетімен эвакуацияланып үлгерген, оның екеуі жарақат алды.

Жалын сағат 05:10-да оқшауландырылып, сағат 7:20-да толықтай жойылды.

Оттың тұтану себебі анықталып жатыр. Оқиға орнына Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінен 10 қызметкер мен 3 техника жұмылдырылды.

«Өртке қарсы қызмет органдарының қызметкерлері өз өмірін қауіпке тігіп, газ баллондарын алып шықты.

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев өрт орнына барып, зардап шеккен тұрғындармен кездесті (24 адам, оның ішінде 10 бала). Қонаев қаласының әкіміне зардап шеккендерді Қонаев қаласындағы қонақүйге орналастыруды тапсырды. Жергілікті атқарушы органдар заңнамада белгіленген тәртіпте өрттен зардап шеккендерге келтірілген залалды өтеу жөнінде шаралар қабылдайтын болады», - делінген ТЖМ мәліметінде.

photo