50 жастан асқандарға жаңа дағдылар тегін үйретіледі

50 жастан асқандарға жаңа дағдылар тегін үйретіледі
Сурет: Еgemen.kz

2,1 мың адам оқып, сертификат алды.

Арнайы ашылған бөлімге 2,9 мыңнан астам адам тіркелген, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

"Күміс жас" жобасы аясында 50 жастан асқан қазақстандықтар одан әрі жұмысқа орналасу үшін Skills Enbek платформасында жаңа дағдыларды тегін үйрене алады. Мүгедектігі бар азаматтардың жеке көмекшісі болғысы келетіндер және мүгедектігі немесе созылмалы ауруы бар отбасы мүшесімен бірге еріп жүретіндерге арналған кәсіптік курстар бұл санаттағы азаматтар арасында көбірек сұранысқа ие.

Сонымен қатар Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрлігінің мәліметінше, жобаға қатысушылар бройлер балапаны мен жылыжайларда лимон өсіру, ара шаруашылығы және тағы басқа курстарды оқуды жөн көреді.

"Skills Enbek платформасындағы "Күміс жас" қосымша бетінде ақпараттық технологиялар, ауыл шаруашылығы, қаржы, білім беру, әлеуметтік қызмет көрсету, маркетинг және туризм сияқты бағыттар бойынша 120-дан астам курстар бар. Пайдаланушыларға курстан өткені туралы сертификат беру көзделген. Ол Enbek.kz порталындағы түйіндемеде автоматты түрде көрсетіледі. Жұмыс беруші жұмыскерді іздеген кезде ізденушінің түйіндемесінен сертификаттары мен алған дағдыларын көре алады", делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі таратқан ақпаратта.