Қазақстанның танкистері 15 қыркүйекте кәсіби мерекені атап өтуде

Қазақстанның танкистері 15 қыркүйекте кәсіби мерекені атап өтуде
Сурет: Gov.kz

Танкистер ерлігімен, төзімділігімен және батылдығымен ерекшеленеді.

Табандылығымен және беріктілігімен ерекшеленетін танкистер кәсіби мерекесін атап өтуде, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

«Бұл күн тарихта 1942 жылы Шымкент жастары «Қазақстан комсомолдары» деген жазуы бар 46 Т-34 танкін жетінші және он үшінші жеке танк полктеріне беретін оқиғамен есте қалды. Танк легінің құрылысына қажетті қаражатты жинауға бүкіл республиканың жастары жұмылды. Танктер бүгінгі күні де әлемнің көптеген елінде әскерлердің негізгі жауынгерлік қуатын көрсететіні белгілі. Олардың басты артықшылығы – қорғанысы мен жауынгерлік қуатында»,– делінген Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінің хабарламасында. 

Қазақстанның Қарулы Күштерінде танк бөлімдері мен бөлімшелері елдің әр өңірінде орналасқан, сондай-ақ жауынгерлік тұрғыда ұдайы әзірлікте.   

«Танкистер іс-қимылдың жаңа тәсілдерін игере отырып, үздіксіз жауынгерлік даярлық деңгейін арттырып, кәсіби шеберліктерін шыңдауда. Ауқымды «Алдаспан-2020» оқу-жаттығу барысында танк бөлімшелері «Танк каруселі» тәсілін сынады. Ал «Қалқан-2021» кезінде жеңілу ықтималдығын азайтуға және қарсыласты адастыруға мүмкіндік беретін «Сақ қорғаны» әдісін қолданды», – деп хабарлады мамандар. 

Танкистер ерлігімен, төзімділігімен, табандылығымен, беріктілігімен және батылдығымен ерекшеленеді. Танк әскерлерінің офицерлері ұдайы оқу-жаттығулар мен маневрлерге қатысады. Олар тактиканы және шапшаңдықты, әскерлерді ұрыста қолдануды, қару-жарақ пен әскери техниканың негіздерін жетік меңгерген. Қазақстан Қарулы Күштерінің басшылығында барлық жылдарда танк бөлімдері мен бөлімшелерінде қызмет етіп, әскери өмірге жолдама алған генералдардың болуы кездейсоқтық емес.

«2014 жылдан бастап жылда біздің команда жүлделі орындар алып, Армия халықаралық ойындарының «Танк биатлоны» конкурсында ел әскерінің намысын қорғап келеді. 2021 жылы қазақстандық команда 19 ел қатысқан сайыста үшінші орын иеленді. Біздің танкистер Ресей мен Қытайдан келген танкистерге есе жібергенмен, Әзербайжан, Беларусь, Сербия, Өзбекстанның үздік экипаждарынан басып озды»,– делінген Қорғаныс министрлігінің хабарламасында. 

Бүгінде жауынгер-танкистер танк әскерлерінің даңқты дәстүрін мұқият сақтай отырып, жалғастырып келеді. Олар жоғары кәсіби шеберлікті көрсете отырып, іс-қимылдың жаңа әдістері мен тәсілдерін табысты меңгереді және жауынгерілк оқу-жаттығу тапсырмаларын толық деңгейде орындайды.