ЖЫРАҚТА ЖҮРСЕМ ДЕ, БАУЫРЛАРЫМНЫҢ АМАНДЫҒЫН ТІЛЕЙМІН

Франциядан жолданған хат

 

Әлемді шарпыған коронавирус індетінің жаңа дерегі күн санап артып келеді. Өкінішке қарай, бұл індет еліміздің барлық  аймағын  қамтып  отыр. Осыған  орай  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен наурыз айында басталған  төтенше жағдай  сәуір  айының  соңына  дейін  ұзартылды. Қазір  қауіпті індеттің алдын алу жұмыстары күшейтілуде.

 

Ермек  ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

 

Коронавирус індетімен өз өмірлерін қатерге тігіп, күн-түн демей күресіп жүрген дәрігерлер қауымына   алғыстан  басқа  айтарымыз  жоқ.  Бүгінде  Қазақ­станның  қатерлі  індетпен күресудегі  тәжірибесіне  әлемнің  әр  шалғайынан  қолдау  білдіріп  жатқандар  да  бар. Жақында  сондай  қолдаулардың  бірін  Францияның Сен-Жень қалалық  мәс­ли­­хатының  депутаты,  қандасымыз  Жанар Төребаева жолдады. Бүгінде  Фран­цияның Ренн қаласындағы 4 мың­нан  аса дәрігердің  басын  қосып  отыр­ған Франция Денсаулық сақтау  ми­нистрлігінің Дәрігерлер  орталы­ғын­да  кеңесші  болып  қызмет  атқаратын  Жа­нар  Төребаева «Қазақстан»  арнасы­нан  қазақ  халқына  осынау  қиын  кезде төзімді  болуға   шақырған үндеу жария­лады.

Біз  бұған  дейін  газетімізде  «Фран­цуз  дәрігерлерінен  Гиппократ  антын қабылдайтын  қазақ  қызы» (№127, 8 қа­раша  2018 жыл)  атты  тақырыппен  ол  туралы  мақалада жазған    болатын­быз. Бұл жолы Жанар өз үндеуін  Фран­циядан  таза  қазақ  тілінде  жасап, өз  бауырларын  сабырлық  пен  қайсар­лыққа   шақырды.

Француз  халқының ыстық-ықыла­сына  бөленіп  отырған Жанар  Төре­бай­қызы өзі  қызмет  ететін Орталық  дәрі­герлерінің  Тағамтану  және  Ақыл-ес орталығымен  бірге  ұжымдық  жұмыс  істеуге  дағдыланғанын айтады.  Бұл  орталықта негізінен жасы үлкендер жан-жақты тексеріліп, оларға  әлеу­мет­тік тұрғыда көмек көрсетіп келеді. Ме­ди­цинаның  гериатрия саласы  ретінде дамып  отырған орталық қазір  қарттар­ды  өз  бақылауларына  алып  отырған  көрінеді.  Иммунитеті  әлсіз  қарттарды  өз  қамқорлықтарына  алудағы  осы  тәжірибені  Қазақстан  жағдайында да  қолдануға  болатынын  еске  салады.

Қазіргі  таңда  қауіпсіздік шаралары барынша күшейтілген десек те, індеттің күн санап көбеюі тұрғындардың тыны­шын   алып отырғаны жасырын емес.

Тиісті мекемелер халыққа барынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ескер- тулер жасауда. Мұндай  жағдайда дәрі­герлер үшін қорғаныш костюмдерін  пай­даланып, оларды  маскалар мен меди­циналық қолғаптармен  қамтамасыз  ету  ең   қажетті  шара  болып  табы­лады.

– Қазақстанда денсаулық  сақтау  саласы  жүйелі   түрде  дамып  келеді. Қазақ­станның  түкпір-түкпірінде  озық  технологиялармен  жабдықталған  жаңа  медициналық  мекемелер  ашылуда.   Бұған  барынша  қуанамыз, – дейді  Франциядағы  қазақ қызы.

«Франциядағы ең  жоғары  жалақы  медицина саласының  қызметкерлеріне  беріледі.  Коронавирусқа қарсы күреске   атсалысып жатқан қазақстандық ақ желең­ді абзал жандарға қосымша қара­жат бөлініп, еңбекақыларына  қосым­ша  үстемақы   ретінде сыйақы  төленуі  өте  құптарлық  шара.

Қазіргі таңда бұл  індеттің  бүкіл әлем­ді алаңдатуы халықаралық қоғам­дастықты онымен бірлесіп күресуге үндейді. Бүгінде әлем  халқы үлкен сынақ­тың алдында тұр. Бұл мәселе   ха­лық­аралық  қауымдастықтың  барлы­ғына да қатысты.  Індет  халықтың  тұр­ған  жеріне, ұлтына,  дініне  қарап  таң­дамайды.  Ол  барлығына  бірдей  соққы  береді.   Сондықтан   Франция да басқа мем­лекеттер сияқты әлемнің  бұл тығы­рықтан сүрінбей шыққанын қалайды.

Әрбір адамның денсаулығы мен амандығы қымбат. Бұл ретте азамат­тардың өздері де қауіпсіздік шараларын мейлінше сақтап, ортақ тәртіпке бағынғандары жөн. Соңғы деректер бойынша, әлемде қатерлі  індеттен    қаза  тапқандар саны 100  мыңнан асып кеткен.  Бұл өте  қатерлі  сипат.  Адам өлімі  оның  алдын  алмаса  одан  да   көп болуы  мүмкін. Инфекцияның таралуын тоқтатудың жалғыз жолы –  сақтандыру  шараларын  ұстау,  үйден шықпау,  ере­жеге  бағыну.  Қазір   Францияда зей­нетке шыққан медицина қызметкерлері   де  коронавируспен күрес жұмыстарына тартылып, мыңдаған волонтерлар  госпитальдарда қызмет етіп жүр.

Билік органдары  адамдардың бір  жерге  топталмауын барынша қатаң қада­ғалап отырса, екінші жағынан    тұрғындардың бір сәтте біржерде  ұзақ­ты   кезекте тұруларына мәжбүр   бол­мау­ларын қадағалап отыр. Қалалық   бақылау органдары қызмет көрсету  орын­дарының  сапалық қауіпсіздігін қамтамасыз   етумен  қатар,  карантиндік ре­жимнің   сақталуын   да  қатаң бақы­лауына  алған.

Франция   аумағында эпидемиолог мамандар коронавирус инфекциясының алдын алу мақсатында тәулік бойы толассыз жұмыс атқаруда. Бірақ бұл жұмыстар тұрғындардың қолдауларын­сыз нәтиже бермейді. Сондықтан да әрбір азаматтың профилактикалық мін­деттерді сақтауын өтінеміз. Әрбір тұр­ғыннан бұл мәселеге жауапкершілікпен қарауды сұраймыз. Індетті қарапайым қағидаларды қатаң сақтау арқылы да жеңуге болады. Бүгінгі ушығып тұрған жағдайда әрбір азаматтың карантин талаптарына  бей-жай қарамағаны абзал.

Бүгінде ақ халатты абзал жандар – дәрігерлер мен медицина қызметкерлері аяқтарынан   тік тұрып, халықтың   ден­сау­лығы үшін аянбай еңбек етіп жатыр  екен.  Әріптестерімді  осы  қайсарлығы  мен ерлігі үшін  құрмет  тұтамын.  Осы­нау сын сағатта өзіміздің берген  анты­мызға  адалдық  танытайық  деп  шақы­рамын.   Сіздерге  деген құрметім бұрын­ғы­дан да арта түсті. Қиын  сәтте төзімділік танытуға  тиіспіз. Президент  тапсырмасына  сай мемлекет тарапынан ақшалай да  көмек көрсетіліп жатыр  екен. Мұның барлығы – адамның өмі­рін сақтау үшін жасалып жатқан дүние. Халық осыны түсініп  жатқанына  қуа­намын.   Адамдардың  карантин ереже­лерін қатаң сақтауы арқылы бір-біріне ғана емес, мемлекетке де көмектесе алатынын  ескергені  дұрыс-ақ.

Президенттің   менің әріптестеріме,   медицина қызметкерлеріне  көңіл  бөлуі оларға деген үлкен құрметі, жоғары баға­сы деп санаймын. Міне, осылардың барлығы елімізге тән қамқорлық  пен жанашырлық  қасиетін көрсетеді. Оны  француздық әріптестеріме марқая  айтып  бердім.  Ал қарапайым адамдар­дың бұған қосатын жалғыз үлесі – тәртіп­ бұзбау, үйінен шықпау. Панде­мия қанша жерден қауіпті әрі қор­қынышты болғанымен, жалпы плане­талық сана-сезімге өзгерістер енгізуге  қауқарсыз,  ол біздің ынтымақ, бірлі­гі­мізден  қаша­ды.

Қалай дегенде де,  бүгін  бүкіл пла­неталық ақыл-ой пандемияны бірлесе жеңуге ойысып келе жатқаны – оң нышан мен тәубеге келудің белгісі. Оларсыз өмірде мәңгілік ештеңе жоқ, бәріде өзгереді деген диалектикалық даму заңдылықтарына сүйенсек, коро­навирустың да белі бүгіліп,  қауқары  қашатын   кезі келетініне ешқандай күмән келтіруге болмайды. Бәріміз де сол күндерге аман-есен жетейік»,  – дейді  Франциядағы дәрігер  қазақ  қызы  Жанар  Төребайқызы.

Иә, өмір  сүрудің  бір заңы – өзіңе сақ  болу.  Денсаулығын  біреуден  күте­тін,  оны қамтамасыз  етудің  жолын  іздегісі  келмейтін  адам  ешуақытта  өзін-өзі  қорғай  алмайды. Өз  денсаулы­ғың  – өз  қолыңда.  Оны жаса,  сақтан.

Егер адам  ұйқысынан  аман-есен  оянса,  онда  ол  сол  түні  өліп кеткен  1  миллион адамнан  бақытты.  Егер  адам  сыр­қатқа  ұшырамаса, жалғыздық  аза­бын тартпаса, жақынының  жан қина­лысын  көрмесе,  онда  ол жер  бетіндегі  500 миллион  адамнан  бақытты.  Ден­саулығы  мықты  адам  3 миллиард  адам­нан  бақытты.  Сол  бақыттың  арасынан  табылайық,  ағайын!

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close