Жиекжолда сырғыған «Самокат» жүр

Заманына қарай көлігі де түрленіп отыратын болу керек, соңғы жылдар бедерінде үн-түнсіз сырғып жүретін «самокаттар» қалада көбейіп кетті. Әуелде қарапайым етіп, балалар үшін шығарылған көліктің бұл түрі тұрмысқа кеңінен еніп, жылдам қарқын алып бара жатқаны сонша, жас та, кәрі де, әйел де, еркек те бұл көлік түріне құмартып алған сыңайлы.

Өтеш ӨТЕУЛІҰЛЫ

Уақыттың жүйткіген көлігі күн өткен сайын түрленіп, сыртқы тұлғасын өзгертіп, жаңарып, жасарып келеді. Көлемі үлкен «самокаттарға» отыратын орындық орна­тып, сүйегін ауырлатып, сән-салтанатын келтіріп, түрлендіре түскен. Осы қарқыны­мен кете берсе «самокаттарға» кабина орнатып, шағын автокөліктің деңгейіне жеткізетін түрі бар. «Самокат» құрылымы­ның күрделенгеніне байланысты құны да аспандап барады. Қарапайымдары 100 мың теңгенің үстінде болса, жетілдірілген түрлері жарты миллион теңгеге дейін жетеді екен. «Самокаттың» артық­шы­лығы – жанармай қажет етпейді, арнайы қондырғысын ток көзінен қуаттандырып алса,  30–35 шақы­рымға еркін жететін көрінеді. Күнделікті тұрмысқа қолайлы әрі шығынды аз қажет ететін «самокаттың» келешегі зор деген сөз. Өздерінің сатып алған «самокаттарының» артықшы­лығын айтып мақтанған жандар­дың сөздерін де естідік.

Дегенмен, жиекжолда ерсілі-қарсылы жүйткіген «самокаттардың» жаяу жүргін­ші­лердің жүріп-тұруына қиындық келтіре­тіні осы бастан мәлім болып қалды. Көшеде келе жатып, қарсы келген немесе соңыңнан қуып жетіп, зу етіп өте шығатын «самокат­тардан» сақтанып жүретін болдық. Бұдан біраз жыл бұрын қалада велосипед қозға­лысын дамыту туралы бастама көтеріліп, арнайы жолдар жасалғанымен, ондай жолақтар көп көшелерде жоқ болғандық­тан қос доңғалақты көліктер жаяу жүргін­шілер жүретін жиекжолдарға шығып кеткен еді. Енді олар­дың қатарына «само­каттар» қосылып, жаяу жүргіншілердің жүріп-тұруын қиындатып жіберді. Көліктер көп жүретін үлкен жолда және жаяу жүргіншілердің жиекжолында жүйткіп келе жатқан «самокаттардың» соқтығысып қалған жағдайының жиі кезігуі соның дәлелі болса керек.

Ондай келеңсіз оқиғаларды бұқаралық ақпарат құралдары жазып та, көпшілікке көрсетіп те келеді. Әзірше «самокаттарға» қатысты жолда жүру ережелерінің бір жүйеге келтіріл­меуінен осындай келеңсіз­діктер орын алып жатыр. Мұның бәрі жиы­лып келіп жаяу жүргіншілердің көшедегі жиекжолдармен емін-еркін жүріп-тұруын қиындатып жіберді. «Самокаттың» көшеде жүру ережесі тиянақталмағандықтан келеңсіз оқиға орын алған жағдайда кімнің кінәлі, кімнің кінәсіз екенін анықтау да қиынға соғатын түрі бар. Күннен-күнге қымбаттап, қала тіршілігіне ендеп еніп келе жатқан «самокаттарға» жеңіл көліктер сияқты салық та ұсталмайтын болу керек. Осы айтқандардан шығатын қорытынды – қала көшелерінде желдей ескен «само­каттардың» жүріп-тұруын ретке келтіретін кез келді ғой деп ойлаймыз.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *