ӘЖЕМНІҢ ӘҢГІМЕСІ

немесе үйдің ұяты жайлы мөлтек сыр

Әжем ақырындап өз бөлмесінен шығып, қонақ бөлмеге кіріп келе жатты.

Келіні:

– Балам, кел, дастарханға отыр, сорпаңды құйып қойдым, суытпай ішіп ал, – деді.

Қонақ бөлменің бір бұрышындағы өзінің ауылдан алып келген көрпесінің үстіне отырып жатқан әжесін көрген немересі:

– Әже, келіңіз, бірге тамақ жей­міз, – деді.

Қарт ана бір күрсініп алып:

– Үйдің отағасы келмей тұрып дастарханға отыруға болмайды. Әкең келсін, бірге жейміз, бұйырса! – деп тіл қатты.

Келіні:

– Ойба-ай, апа! Бұл әдеттердің заманы өтті, ескірді ғой.  Қазір кім аш болса дастарханға сол отырады, балаңыз келгенде өзі жей береді, – деді.

– Қызым, адамдардың өз әдебі секілді, үйдің де өз әдебі, заңдары бар.

Немересі шыдай алмай, сөзге араласып:

– Ой, әже, не ол үйдің әдебі деген?! – деді.

Сонда қарт ана былай деді:

– Біз кішкентай кезімізде әкеміздің алдында дұрыс отыруды үйренетін едік. Үйде ата-анамыздың алдында аяғы­мызды созып отырмайтынбыз, үлкендер сөйлесіп отырғанда олар рұқсат берме­генше сөзге араласпай­тынбыз. Бөлмеге үлкендеріміз келгенде тұра қалып орын беретінбіз. Әкеміз дастарханға отырмай тұрып біз ешқашан отырмайтын едік. Әкеміз келіп «бісмілла, ал келіңдер!» дейтін. Барлығымыз жүгіріп келіп отыра қалар едік. Соңында дастархан батасы оқылатын. Отбасымен жеген тамақтан дәмді тамақ бола ма, құлыным! Бұл – дастархан әдебі!

Немересі:

– Ой, әже, бұлардан стресс болмайсыз ба?! – деді.

– Жо-о-оқ, құлыным! Біздің заманымызда құрмет болған жерде махаббат бірге жүретін. Махаббат болған жерде қайдан стресс болсын. Тамақтар дәмді, ұйқымыз тыныш. Білесің бе, мен стресс деген сөзді осында, қалаға келіп үйрендім. Біздің ауылымызда ақылының кемістігі бар бір бала болатын. Бәрі оны «жынды Ибрахим» дейтін. Ол кезде сол жынды Ибрахим де стрессіз, бақытты болатын. Кешке дейін көшеде балалармен ойнайтын, қарны ашса, бір есікті қағатын. Қай есікті қақса да, оны үй иелері тойғы­зып жіберетін еді. Шашы өсіп кетсе, шаш­тараз шашын қиып қоятын. Хамамшы оны шомылдырып тұратын. Жұма күндері ауыл кісілері оның қолынан ұстап, намазға апара­тын. Ешкім оны кемсітпейтін. Қазір ешқандай нәрсеге құрмет қалмады. Қарашы, үйлерге де құрмет жоқ! Кеш болса да перделер жабылмаған, барлық үйдің іші көрініп тұр, бірақ ешкім ұялмайды.

Біз кеш батпай тұрып, перделерді жауып, жарықтарды қосатын едік. Перде жабық болса да, үстімізді ауыстыруға ұялып, жерге шөгіп ауыстыратын едік. Сырттан көлеңкеміз көрінбеуін ойлап ұялатын едік.

Осы кезде беті қызарған келіні ақырын­дап тұрып перделерді жапты.

– «Үйдің әдебі пердесінің жабылып, жабылмағанынан белгілі болады» дейтін еді үлкендеріміз. Үйдің алдына ешкім іш киімдерін іліп асып қоймайтын, көрші­лерден ұялатын еді. Мен кішкентай кезімде шалбарымды үйдің алдына іліп қойған едім, анам келіп: «қызым, әкең бүгін аулаға шыққан кезде сенің шалбарың ілулі тұрған, қалай ұялғанымды білсең ғой. Екінші рет ортаға ілме, үйдің артына іл, үстінен жұқа мата іліп қой» деді. Мен ол кезде 12 жаста едім. Анам мұны маған сөйлеген кезде жер жарылып жерге кіріп кетсем екен деп тұр­дым ұялғанымнан. Қазір қалай? Өткенде таза ауамен дем алайын деп балконға шығып едім, қарсыдағы көршіміз барлық кірін асып қойыпты, ұялғанымнан ішке кіріп кеттім.

Бүгінде тамақтарды сыртта жейтін болған, «көз құрметі» деген болады, оны еш­кім ойламайды. Біз базардан сатып алғанымызды әдемі пәкетпен үйге алып келіп, сонымен  дәмді тамақ жасайтын едік. Көзге құрмет жасауымыз керек, қыз­ғаныш болады… Ол тамақты алуға ақшасы жетпейтіндер де бар, соларға құрмет көрсетуіміз керек. Біздің Пайғамбарымыз (с.а.с), «Тамағыңыздың иісімен көршіңіздің үйінде аза оқымаңыз» деген.

Үйдің тағы бір әдебі бар, ең маңыздысы да осы: үйдегі жағдайлар ешқашан сыртқа шығарылмауы керек. Мысалы, жегеніміз, ішкеніміз, әңгімелер, ұрыстар… Бұл да үй­дің бір әдебі, ешкімге айтылмауы керек. Сол үшін үй ішіндегі мәселелер оңай ше­шіледі. Пайғамбарымыз да, әсіресе, әйелі мен күйеуі арасындағы әңгімелер ешкімге айтылмайды, бұл күнә болып табылады деген хадистер айтқан. Солай емес пе Ләйла? – деді келініне бұрылып.

Ләйла ұялыңқырап:

– Иә, анашым, – деді ақырын дауыспен.

Немересі:

– Әже, қазір фейсбук деген нәрсе бар, адамдар ресторанда отырғанын, не жегенін суретке түсіріп, мыңдаған адамға көрсетеді, – деді.

Қыдырған жерлері, не жегенін, не кигенін, жұбайлары алған гүлдердің үстіне жазылған тілектердің де фотосуреті бар.

– Құлыным-ау, сен не айтып отырсың? Ақырзаман жақындап қалды ма? Үйлер тыржалаңаш қалды ма? – деп көзі жасқа толып, әңгімесін одан әрі жалғастырды.

– Біз отағамыздың алдында бірге жүруге ұялатын едік, жесірлер бар, тұрмыс құра алмайтын қыздар бар. Олардың көңілдерін жаралағымыз келмейтін. Отағамыздан бір қадам артта жүретінбіз. Қазір болса, көшеде ұрсысып тұрады, сүйісіп тұрады жастар. Әрине, ар-ұят болмаған жерде мейірім де қалмайды. Үлкендерімізге құрмет етсек, бұл үйіміздің берекеті болар. Үйдің ұяты жа­былған перделер болатын. Ал махабат­тың ұяты –жасырыну. Көздің ұяты – көзде. Дененің ұяты – жабық киімдер. Ұялу, ар намыс иманнан келетін нәрселер.

Келіні:

– Дұрыс айтасыз, анашым. Біз ар-намысымызды ұмыттық! – деді.

Немересі қасығын үстел үстіне ақырындап қойып жатып:

– Мен әкем келгенде тамақ жеймін, анашым! – деді.

Әжесі айтқан сөздерінің келіні мен неме­ресіне әсер еткенін байқап, Құдайға шүкір деді.

 

(Ғаламтордан алынды).

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *