Жауынгерлер әрдайым отан үшін отқа түсуді парыз санаған

Мемлекет басшысы жоғары әскери және арнаулы атақтар, сыныптық шендер мен мемле­кеттік наградалар тапсыру рәсіміне қатысты.

Рәсімге қатысушыларға арналған сөзінде Елбасы Қазақ­станда Отан қорғаушы күні мен Жеңіс күнін мерекелеудің маңыз­дылығын ерекше атап өтті.

– Мен бүгін Жоғарғы Бас қолбасшы ретінде жоғары әскери және арнаулы атақтар, сондай-ақ қызметтегі жетістіктері үшін мемлекеттік наградалар тапсыра­мын. Осындай жоғары марапатқа еліміздің бейбіт өмірі мен тыныш­тығын сақтайтын әскеріміз бен арнаулы қызметтердің үздік өкілдері ие болып отыр, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев әлемде белең алып келе жатқан тұрақ­сыздық жағдайында мемлекеттің әскери-күш саласы ерекше маңызға ие болатынын айтты.

– Біздің әскеріміз бен құқық қорғау құрылымдарымыз ел қауіп­сіздігінің берік қалқаны әрі егемендігіміздің мызғымас кепілі болып саналады. Мемлекет барша қазақстандықтардың бейбіт өмірі мен тыныштығын сақтау жолын­дағы сіздердің ерліктеріңіз бен қажырлы еңбектеріңізді жоғары бағалайды, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті еліміз­дің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өскелең ұрпақты тәрбиелеуісінде әрбір әскери қызметшінің зор рөл атқаратынын атап өтті.

Жауынгерлер әрдайым Отан үшін отқа түсуді парыз санаған. Бұл – жәй сөз емес. Біз мұны Ұлы Отан соғысы тарихындағы ерлік істерден және ата-бабамыздан қалған мұралардан білеміз. Әрқашан осылай болған және бола береді. Еліміз өз армиясы мен құқық қорғау органдарын бағалап, құрмет тұтады, сондай-ақ сіздерді адал әрі қалтқысыз қызмет етеді деп сен­еді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Соңында Мемлекет басшысы салтанатты шараға қатысушы­лардың барлығын Отан қорғаушы күнімен және Ұлы Жеңіс мере­кесімен құттықтады.

Рәсім барысында ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен – М.Таласов, М.Құсайынов, М.Сатов, Қ.Жа­қып­баев, І дәрежелі «Ай­бын» орденімен – Д.Кұрмашев, А.Тө­леуов, ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен – Ж.Жақыпов, А.Ка­линин, Д.Пластовец, «Құрмет» орденімен – Э.Омарова, «Ерлігі үшін» медалімен – Ғ.Әлеуханов, В.Калмыков, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен – Н.Залмұқанов марапатталды.

AKORDA.KZ

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *