ЖАНАМ ДЕГЕН ЖҮРЕККЕ ОТ БЕРЕМІН

44Кеш Төлеген Айбергеновтің туған күніне арналды

Алаштың арманы мен ойын, сезімі мен танымын жүректерге қонатындай етіп ақ қағазға өрнектеп кеткен сыршыл ақын­дарымыздың көп  ішінде  көрікті жыр қалдыр­ғаны болса, ол – Төлеген Айбергенов болатын.

ХХ ғасырдың  өлең сөз зергері, махаббат пен жастықтың жайсаң жанды, жомарт   жүректі, нар тұлғалы ер көңілді жыршысы – ақын Төлеген Айбергенов  өз заманында, бәлкім, кеңестік кезеңнің бұғауы болар,  өз биігінде ұлықталмағаны рас.  Алайда, ақынның  қиял қанатындағы ұлы «бір тойы» «кемпірлерге қыз күнін сағындыртып», нанотехнологиялар заманында тойлана бастағаны да  өтірік емес.

Бұл тұрғыда  Төлеген жырын сүйген ұрпақ, ақын рухына:

«Қашанғы қазақы әдетпен,

Тағы да біздер кеш қалдық.

Кеш те болса еске алдық,

Кешіре гөр, жан аға», –  деп жыр арнауда.

Дәл сондай  мерекелердің бірі – жуырда ақынның туған күніне орай, Алматы Поли­графия колледжінде болып өтті. «Айбер­геновтің әдеби-ақындық әлемі» атты әдеби-өнер бәйгесіне 14 – 20 жас аралығындағы  республикамыздың  ЖОО, кәсіптік білім беру, орта білім беру мекемелері студенттері мен оқушы­лары қатысып, ақын  өлеңдеріне зер салды.

Сондай-ақ, оған қатысушылар «Менің анкетам» – үміткердің өзін-өзі таныстыруы, «Мен енді қара өлеңнен қар боратам» – ақын өлеңдерін мәнерлеп оқу, «Төлеген мұрасы – жастар назарында» – Төлеген өлеңдеріне жазылған бір ән орындау немесе ақын рухына ескерткіш ретінде картина, кесте, портрет, сахналық қойылым, қолөнер заттары секілді жанр түрлерінде жасалған авторлық шығар­маларын қорғау, немесе  естеліктер айту), Айбергеновтің әдеби-ақындық әлемі (ақынның өмірі мен шығармашылығына байланысты викториналық сұрақтарға жауап беру) бБөлімдері бойынша сынға түсіп, бақ сынады.

Сайыстың төрелігін айтып, өнерпаздардың еңбектерін Алматы полиграфиялық  колледжі­нің аға оқытушысы, филолог Сәуле Мақашева, «Кітап өндіру мәдениетіне қосқан зор үлесі үшін»   орденінің иегері, білікті корректор Ботагөз Файзуллина, ақынның қызы,  респуб­ликалық «Айбергенов әлемі» журналының бас редакторы,  филология ғылымдарының канди­даты, доцент Салтанат Айбергенова, Алматы қалалық №4 кітапханасының маманы Ақбота Әбдіманапқызы саралады.

Кештің шымылдығын «Мирас» музыкалық-драма театры  ақын өлеңдерінен жасалған «Махаббат миниатюралары» сахналық көрі­нісімен ашып,  көпшілік көңілі төрінен орын алды.  Осы тұста байқағанымыз, Төлеген өлеңдері  көпшілік жастардың қызыға оқитын поэзиясына айналыпты. Сондай-ақ, ақын кешіне арнайы келген жас әнші Айжан Рамазанова мен республикалық ән байқау­ларының жеңімпазы Рахман Бисенов, Айнұр Хамит, KN  топтары  ақынның  өлең­деріне жазылған түрлі әндерді  орын­дағанда,  қалың  көрермен тік тұрып қошемет көрсетті.

Байқау қызу тартысқа толы өтті. Алғашқы таныстыру бөлімінде Алматы телеком­муни­кация колледжінің  түлегі Шапағат Фаруд­динова мен Іле ауданы №20 орта мектептен келген үміткеріміз Абибулла Яхия үлкен залды аузына қаратса, поэзия оқу бөлімінде Қуандық Мұтанов, Гүлзат  Сәтімса ерекше көзге түсіп жатты, ал үшінші бөлімге келгенде  сайыс онан сайын қызып, әрбір көрерменнің делебесі қоза бастады. Бұл жерде Алматы Полиграфиялық колледжінің намысын арқалап шыққан Серікбол Матай Мұқағалидың Төлегенге арнал­ған «Алғаш көрдім өлгенін шын ақынның»  атты өлеңін оқып, баршаның жа­нарын жасқа малса, осы оқу орнының үкілеген тағы бір үміті – Әбдікәрім Балнұр  ерекше  иллюстрациялық картинасымен әділқазылар алқасын бірден бестік баға қоюға мәжбүр етті. Ал сайыстың  ең жас үміткері Яхия Абибулла ақынның сөзіне жазылған Роза Әлқожаның «Атамекен» әнін орындап, баршамызды әсем әуеннің ырғағында тербетті. Осы тұста кештің шырайын ашып, әр әнге сүйемелдеу жасаған «Арнұрлы» би тобын да атап кеткеніміз жөн, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты, Т.Жүргенов атындағы Қазақ  Ұлттық өнер академиясының түлегі – Арнұр Жолдығалиева жетекшілік ететін бұл топ та концертке ерекше үлкен дайындықпен келгенін байқатты.

Сонымен сайыс қортындысы бойынша бас бәйгені Алматы Полиграфия колледжінің студенті Серікбол Матай иеленсе, жүлделі бірінші орынды Іле ауданы №20 орта мектептің 7-сынып оқушысы – Абибулла Яхия қан­жығасына байлады. Байқаудың  екінші орнымен Алматы Полиграфия колледжінің студенті Балнұр Әбдікәрім мәртебеленсе,   үшінші орынды Алматы сервис колледжі білімгері Қуандық Мұтанов жеңіп алды.

Кеш соңында сөз алған Салтанат Айбер­генова «Махаббат миниатюралары» инцени­ровкасы үшін «МИРАС» музыкалық драма театрына және кешті ұйымдастырғаны үшін Алматы Полиграфия колледжінің кітап­ханашысы Фарида Махмұтқызына және колледж білімгері Гүлман Бейсенбекке алғыс білдіріп, кітапхана қорына ақынның өлеңдер жинағын және  «Айбергенов әлемі» журналын табыс еттіп, ақынның «Бір тойым бар» өлеңін оқып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Сондай-ақ, кешті ұйымдастырған әнші, актриса, хореограф, балетмейстер Арнұр Бақыт­қалиқызы жайлы да көрермендер жылы пікір­лер айтып жатты.

Нұрбек ЖАҢҒАБАЕВ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *