ЖАЛПЫҚАЛАЛЫҚ СЕНБІЛІККЕ 240 МЫҢНАН АСТАМ АЛМАТЫЛЫҚ ҚАТЫСТЫ

4Адамзат баласының алтын бесігі болып табылатын Жер бетін таза ұстау, тіршілік еткен мекенін келешек ұрпаққа тап-таза күйінде аманат ету – ақыл иесінің асыл парызы. Тазалық – әрбір қаланың айнасы, шаһардың шырайын кіргізетін көз қуанышы. Әлемге әйгілі шаһарлардың шуақ шашқан шырайына және мұнтаздай тазалығына қарап сол қалада өмір сүретін жергілікті тұрғындардың мәдениеттілігі, тәрбиелігі, туған жеріне деген сүйіспеншілігі мен құрметі, қоршаған ортаға қамқорлығы бірден байқалады. Туған жерінің тазалығына ес білген баладан бастап, еңселі азамат та  немқұрайлы қарамауы тиіс. Біле білсек, адам денсаулығының жақсы болуы және оның ұзақ ғұмыр сүруі тұрған жерінің тазалығына тікелей байланысты.

Өткен сенбіде Алматыда қала көшелерін, аула аумақтарын, көпшілік пайдаланатын орындарды, арық арналарын, бос жерлер мен жасыл аймақтарды, сондай-ақ, өзен, су қоймаларының аңғарлары мен жағаларын санитарлық тазарту бойынша жалпықалалық сенбілік өтті. «Адем» сауда орталығына қарама-қарсы орналасқан саябақтан бастау алған іс-шараға қала әкімі Бауыржан Байбек, шығармашылық зиялы қауым өкілдері, спортшылар, қоғамдық және жастар қорларының өкілдері мен ПИК өкілдері қатысты. Солардың ішінде Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов, белгілі альпинист Мақсұт Жұмаев, ҚР еңбек сіңірген әртісі Майра Ілиясова, қоғам қайраткері Аружан Саин және басқалар болды.

Алматы қаласының барлық аудандарында тазарту жұмыстары мен ағаш егу шараларына 240 мыңнан астам алматылық атсалысты. Алматы қаласы әкімдігі сенбілікке қатысушылардың бәрін қажетті құрал-саймандармен қамтамасыз етті. Іс-шараға қалалық коммуналдық қызметтерінің атынан барлығы 600 бірлік арнайы техника қатысты. Жалпықалалық сенбілікке қатысушы­лардың күшімен 6 250 текше метр қоқыс жиналды.

– Қалада жасыл желек қорын жаңарту белсенді жүргізілуде. Егер бүгінгі жалпықалалық сенбілікте 6 мың ағаш егілсе, үсті­міздегі жылдың соңына дейін 20 мың жапырақты және қылқан жапырақты ағаш түрлерін отырғызу жоспарлануда, – деді Бауыржан Байбек.

Әкімнің айтуынша, бұдан басқа күз мезгілі ішінде көпшілік пайдаланатын орындар мен аулаішілік аумақтарда мемлекеттік бюджеттің қатысуынсыз, демеушілер қаражаты есебінен 100-ден астам балалардың ойын және спорт алаңдары салынады. Бұл жұмыс 2016 жылдың көктеміне дейін жалғасады. Жалпы алғанда, 350-ден астам алаң орналастыру жоспарланған.

– Мен бүгін біздің Елбасымыздың саясатын қолдап жатқан кәсіпкерлерімізге алғыс білдірдім. Солардың арқасында кем дегенде біздің 30 пайыз азаматтарымыз спортпен айналысатын болады. Сол үшін олар өз қаражаты есебінен аулаішілік аумақтарды қалпына келтіріп, спорт және ойын алаңдарын салуда, – деп атап өтті қала басшысы.

Сондай-ақ, сенбілік барысында қала әкімі «Үздік ПИК» байқауының жеңімпаз­дарына жүлделер мен дипломдар тапсырды. Осылайша, І орынды иеленген Медеу ауданының «Самал» ПИК-не Б.Байбек жүк-жолаушы көлігінің кілті мен дипломын табыстады. Екінші және үшінші орын иелеріне – Әуезов ауданының «Қуаныш мекені» және Жетісу ауданының «Розовая» ПИК-теріне сәйкесінше қар тазалайтын арнайы техника мен теледидар табысталды.

Қаланың санитарлық жағдайын жақ­сарту мен көріктендіру шараларынан басқа, сенбілік күні қаланың эстетикалық көркін жетілдіруге де ерекше көңіл бөлінді. Қоршау, турникет, тіректер мен орындықтарды, сауыт­тар мен жарнамалық қалқандарды бояу жұмыстары жүргізілді.

Естеріңізге сала кетейік, Алматыда үстіміздегі жылдың 26 қыркүйегінен бастап күз және көктем мезгілдерінде апта сайын жалпықалалық сенбіліктер өткізу тәжірибесі енгізілген болатын.

Балнұр АХМЕТ

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *