Жаңғыру тәрбиеден бастау алады

Сергей ӘЗІМОВ,

кинорежиссер, кинопродюсер, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері:

 

«Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарла­масы әлемдік кеңістікке шыққан егемен елімізді жаңа жетістіктерге бастайтын, ұлтымызды ұлы мұраттарға ұмтылдыратын тарихи маңызды құжат. Адамзаттық құндылықтарды алтын арқау еткен, ұлттық мәдениетіміздің бай қазынасын қадірлеуге негізделген бұл мемлекеттік бағдарлама жастардың жан-дүниесін біліммен байытуға, ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеуге, руханиятымызды өсіруге бағытталған. Тәуелсіз еліміздің дамуы үшін, дүниежүзілік саясат сахнасында биік шыңдардан көрінуі үшін бұл бағдарламаның маңызы зор. Ұлттық сана-сезімімізді асқақтатуға, рухани қоржынымызды байытуға бағытталған бұл мемлекеттік бағдарлама біздің қанымызға сіңіп, ділімізге дарып, өмірлік заңға айналғаны абзал.

Ұрпақ тәрбиесі – келешек ұлт тағдыры. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы келешегіміздің кірпішін қалайтын, еліміздің ертеңін жалғайтын жастарға тағылымды тәрбие беруде әрі ұрпақ санасын сәулелендіріп, білімге баулуда ерекше ықпал етеді. Астарында концептуалдық идеялар бар бұл күрделі бағдарламаның негізгі мақсаты ұлттық сана-сезімді ояту әрі дамыту болып табылады. Ежелден тамыр жайған төл тарихымызға үңілсек, аттың жалында, түйенің қомында жүріп, көшпелі ғұмыр кешкен дана бабаларымыз әрқашан адамзаттық рухани құндылықтарды қастерледі, адамгершілік асыл қасиеттерді қадірледі, ұлттық құндылықтарды ардақтады. Тарихи үлкен өмір жолынан өткен, тағдырлы ғұмыр кешкен бекзат болмысты бабаларымыз ар-намысын сақтап, өмірде ұлт деген ұлы ұғымды бәрінен биік бағалады, бәрінен биік қойды. Жаны мен қанына ана сүтімен сіңген адамгершілік асыл қасиеттері ауызбіршілігі мықты, асқақ рухты, ар-намысты ата-бабаларымыздың талай-талай тарихи трагедиялардан ұлт ретінде аман қалуына септігін тигізді. Адамзаттық құндылықтарды алтын арқау еткен аталған мемлекеттік бағдар­лама бүгінгі балапан буынды ұлт деген ұлы ұғымды ардақтауға барынша баулиды. Сондай-ақ, жас ұрпақтың жүрегіне ұлтжандылықты ұялата отырып, өзінің рухани болмыс-бітімінен бастау алатын ұлттық құндылықтарын, ұлттың тарихи тағдырын, ұлттық танымын, ұлттық қасиетін, ұлттық мұратын ұлықтауға үйретеді. Бағдарламада аталған «Туған жер» бағдарламасы, «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы әрбір қазақтың жүрегінде туған жеріне, туған еліне деген сүйіспеншілік сезімін асқақтатып, тарихи алтын тамырына жақындататыны ақиқат.

Қасиетті қазақ жерінің тағылымды тарихы таудай тұлғалардың ескірмес есімімен тығыз байланысты. Еліміздің тарихымен тағдыры тамырлас Әбу Насыр әл-Фараби, Қожа Ахмет Яссауи тәрізді әлемге әйгілі шығыс данала­рының өнегелі өмірі әлі талай ұрпаққа шырай­лы шежіре шертіп тұрады. Адамзат атаулы мәңгілік мұраларынан рухани нәр алатын ұлы ғұламалардың ғұмыры қазақ халқының тарихи тамыры тереңде жатқандығын дүние жүзіне дәлелдейтін нақты тарихи дерек болып табы­лады. Әлемде Аристотельден кейінгі «екінші ұстаз» атанған Әбу Насыр әл-Фараби баба­мыздың ғанибетті ғұмыры қазақ елінің тарихын үш ғасыр бойы бұрмалап жазғандарға біздің көне тарихымыз бар екенін дәлелдейді, көне тарихтың тұңғиығына зер салдырады. Сондықтан данышпанның даналық нәрінен сусындататын рухани мұраларын бүгінгі жас ұрпаққа, кең-байтақ әлемге жан-жақты насихат­тауды жалғастырғанымыз жөн. Бүгінгі жылдар­дың биігінен қарағанда, отаршылдық саясаттың салқындығынан бұрмаланып жазылған тарихы­мызды жан-жақты талдап, әлі дұрыс баға берген жоқпыз. Мәңгілік мұраларынан әлі талай ұрпақ тағылым алатын тарихи тұлғалардың тағды­рымен танысу туған өлкеміздің өткен өмірімен жақын танысуға септігін тигізетіні сөзсіз.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы ұлттық рухани құндылықтарымызды – мәдени мұра­ларымызды алдыңғы қатарға қойып, ұлттық сана-сезімімізді дұрыс бағытта тәрбиелеп, қазіргі қазақ отбасының жағдайын жақсартуға бағытталған. Негізі, қоғамды құрайтын әрбір азамат өзінің жан-дүниесін тазартып, ұлттық сана-сезімін жоғары қойып, жамандыққа жетелейтін әдепсіз әрекеттерден арылып, өзін-өзі рухани тазалыққа тәрбиелегені абзал. Себебі, адамның жан-дүниесіндегі жаңғыру рухани тұрғыдағы тәрбиеден бастау алады. Адамның ой-санасы тазарса, айналадағы қоғамның да ой-санасы тазарады. Жан-дүниесін рухани тұрғыда тәрбиелеген, ой-санасын рухани тұрғыда тазартқан қоғам жемқорлық, нашақорлық, маскүнемдік тәрізді дендеген дерттен, кертартпа қылықтардан арылады.

Қазақ елі ежелден жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған халық екендігі тарихтан аян. Өкінішке орай, өмірге енді ғана келген сәбиді қоқысқа немесе дәретханаға тастап кететін бүгінгі таңда жиі кездесетін жантүр­шіктіретін жағдай қазақтың қасіретіне айналғаны ақиқат. Осы орайда еліміздің ертеңін ойлайтын ер-жігіттеріміз қыз-келіншектерді – болашақ аналарды, жалпы әйелдер қауымын құрмет­теудің өшпес өнегесін көрсетіп кеткен ата-бабаларымыздан таудай тағылым алғаны абзал демекпіз. Себебі, ана өмірдің жалғасы, болашақ­тың бастауы, жапырақтай жүрегіндегі теңізден терең махаббатымен ғаламат ғаламшарды жылытып тұратын тіршіліктің тірегі, адамзат атаулы сұлулығына сүйсіну үшін ғана жара­тылған жарық әлемнің ең әдемі гүлі.

Елбасы­ның «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарла­масы қазақстандықтардың жан-дүниесін рухани жаңартуға жетелеп, аяулы ананың, Отан–Ананың алдындағы перзенттік парызымызды өтеуге құлшындырады. Қазақ халқын жұды­рықтай жұмыла туған жерге, туған елге қызмет етуге ұмтылдырады. Осы орайда «Әр қазақ – менің жалғызым» деген ақын Сабыр Адайдың сөзі ауызбіршілігі мен ынтымағы жарасқан ұлтымыздың ұранына айналғаны абзал деген ниетпен ойымызды қорытынды­лағымыз келеді.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *