Жақсыны көруге ұмтылайық

Біз неге бірден жаман жағымызды һәм кемшілік­тері­мізді айтуға құмармыз осы… Қит етсе болды, әлеуметтік желіге абайсызда сөзден сүрінген шенеу­нікті, қапелімде аяғын шалыс басқан пенде мен ойлан­бастан қателік жасаған жанның әрекетін әшкерелеп, елдің талқысына салып жатамыз. Неге? Ешкім бір бәлеге әдейі ұрынайын демейді-ау. Әлбетте, ешкім мінсіз емес. Жағымды-жағымсыз қасиет бәрімізде бар. Бірақ… соның барлығын жөн-жосықсыз жалпақ жұртқа жария етудің қаншалықты қажеті бар?..

Иә, әлеуметтік желі бүгінде мықты ақпарат құра­лына айналды. Желдей жүйткіген хабарды айналасы 5-10 минуттың ішінде-ақ алу қазір түк емес. Соның әсері­нен біз қарауға тұрмайтын, мағынасы  таяз, дәнегі жоқ арзан ақпараттар легін еш кедергісіз қабылдай беретін болдық. Алайда, бұл сөзім әлеуметтік желіні пайдасыз дегенді білдірмейді. Ғаламтордың жақсы жақтары баршылық. Кез-келген ақпаратты – аудио және видео­жазбаның қолжетімділігі, ақпарат іздеу мен алмасу, қайда жүрсең де бейнеқоңырау арқылы сөйле­су секілді артықшылықтары жетерлік. Әлеу­меттік желі арқылы көңілге түйіп, көкейге тоқитын сүбелі дүниелер өте көп. Бүгінде басқа желіге қосыл­маса да, ватсапты пайдалан­байтын жан жоқ. Үлкеннің де, кішінің де телефонында бар. Яғни ватсап арқылы тәрбиелік мәні бар құнды дүниелерді көбірек оқиты­нымыз рас. Ал фейсбук, инста­грамм арқылы ұлттық мүдде тұрғысынан жазы­латын тілшілердің мақала­ларын бір деммен оқу­дың мүмкіндігі мол. Салмақты ой, саралы сөз айтатын танымал тұлғалардың жазба­ларынан ләззат аласың. Ой-пікір алмасудың таптыр­мас құралы екені екібастан. Міне, бұл әлеуметтік желінің бізге рухани дем беретін пайдалы жақтары…  Бірін айтып, біріне кетті демеңіз, енді мен бастапқы айтар ойыма оралайын…

Күні кеше ғана ғаламторды «ақтарып» отырып, небір сұмдықты көрдім. Жалпы, өз басым, өзгенің оғаш қылығын, біреудің артық әңгімесін тыңдап, көріп отыруға  онша әуес емеспін. Ондайға алтын уақытым­ды арнағым да келмейді.  Бірақ анда-санда ватсаппен келетін ұнамсыз дүниелерді көрген соң, арнайы көз жүгіртуге тура келді. Шынымды айтайын, бірінен бірі өткен сорақы бейнежазбаларды қарап отырып, өзгенің емес, өз ұлтыңның  мазаққа айналған қылықтарына ішім удай ашыды. Бетің қызарып, жүзің ұялатын қаншама жайттарды көрдім. Әсіресе, той-томалақтағы жастардың ерсі би қимылдарын, ұзын көйлек киіп алып, етегін алай бір, бұлай бір көтере билеген келіншектердің қылықтарын, арзан сөз, жеңіл күлкіге құрылған әзілдер мен асабалардың ұйымдастыруымен болатын ыңғайсыз ойын түрлерін көріп, жағамды ұстадым… Масқара! Сонда бұл бейнежазбалардан ел-жұрт қандай өнеге алып жатыр деймін де… Оны көрген жас бала кейін дәл сол ерсі биді «е-е-е, солай болады екен» деп қайталамасына кім кепіл?!

Біз қазір әлеуметтік желімен тығыз байланыс орнат­қанбыз. Бірақ сол байланыс құралын өзгенің кемшілігін көрсетуге пайдаланатынымыз өкінішті. Мәселен, сіз өзіңіз жайында жағымсыз ақпарат жүк­тер ме едіңіз? Жоқ, әрине. Әсілінде, Сіз әлеумет­тік желі­ге өзіңіздің бақытты екеніңізді көрсететін, әдемі бей­­неңізді ғана саласыз. Таныс-тамырларыңызға өзіңіз­дің толыққанды өмір сүріп жатқаныңызды, шет ел асып, жер көріп жүргеніңізді көрсеткіңіз келеді. Жұрт­­тың Сізді жақсы жағыңыздан ғана танығанын қалай­сыз. Жалпы, кез-келген адам өзгенің көзіне бақыт­­ты көрінгісі келетіні қалыпты жағдай ғой… Біз әлеуметтік желінің қолдауынсыз-ақ бақытты бола аламыз.

Ащы болса да айтайын, арамызда өзін зор, өзгені қор санайтындар бар. Әйтпесе, олар жаман жағы­мызды һәм кемшін тұстарымызды жариялауға асық­паған болар еді… Оның орнына біз әлеуметтік желіге көпке үлгі болар іс тындырып жүрген азаматтарды, әдемі әдебімен ел сүйсінткен келіндерді, талантымен таңқалдырған балақайларымыз жайында көбірек жариялайық. Нағыз таланттар халық арасында жүр. Міне, солармен мақтанайық! Бұдан былай ағайынның жаман атын шығаратын бейнежазбаларға жол бер­мейік! Біз «жақыныңды жаттай сыйла, жат жаныңнан түңілсін», «өсер елдің баласы бірін-бірі батыр дейді…» деген дана халықтың ұрпағы емеспіз бе?! Ендеше, «жақсымызды асырып, жаманымызды жасырайық!». Мүмкіндігінше жақсы сөз айтудан жалықпайық! Егер әр адамның ойы таза, ниеті түзу, жүрегі ақ болса, бізде бәрі жақсы болады.  Себебі, жақсы нәрсенің барлығы бізді жақсы ойға жетелейді. Ал жақсы ойдың шындыққа айналатынын сіз жақсы білесіз…

Ойлаған ойымыз жақсы болсын…

Бір жолаушы шөл далада көп күн жүріп, кездей­соқ бір саялы ағашқа кездеседі. Ағаштың жаны­на барып, көлеңкесіне біраз отырады да, шөлін қандыруды ойлайды. Сол сәтте оның алдында су құйылған құмыра пайда болады. Жолаушы шошып қалады. Бірақ қатты шөл шыдатып тұра ма? Суды алып, ішеді. Шөлі қанған жолаушы «енді бір тамақ­танып алсам ғой, шіркін…» деп ойлады. Сәлден соң алдына тамақ толы үстел пайда болады. Тамаққа тойып алған жолаушының демалғысы келеді. Демде алдында жататын орын пайда болады. Кенет ол «мұның бәрін кім істеп отыр, мүмкін бұл бір құбы­жық шығар» деген ой келеді. Әп-сәтте алдында қорқы­­нышты құбыжық тұрады. «Бұл мені өлтіруі мүмкін ғой» деп ойлады жолаушы, сол-ақ екен құбы­жық оны өлтіреді.

Ендеше, ойлаған ойымыз жақсы болсын. Бұл ойымыз таза болса, жолымыз ашық болады дегенді білдіреді!

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *