Жүйелі ойға, киелі сөзге ынтызар ақын

3413«Сөз алды» дейтін лебізінде ақындық кредосы тайға таңба басқандай айқын сипатталған. Бұл – иірімі күшті, құды­ретті шешен сөз іспетті. Ақын «масат­шылық өнерге құлаш ұрдым» деп ағы­нан жарылып, жұлдыздай ағады. Ма­сат дегеніміз – шалқыған көңіл, қы­зықты, қуанышты күй. «Құрметпен Балағаздың атын байлап, Масатпен отырушы ед күліп-ойнап», – деген әйгілі Исаның жыр жолдарынан кейін бұл сөз қолданыла қойған жоқ-ау деп ойлай­мын.  

Ақын «масат» ұғымын өзіндік жұмбақ ойларымен түрлендіреді. Әр дыбысқа мағына арқалатады: Мәтін – Адым – Саз-күйі – Айта білу – Тыңдай білу. Өлең сөздің басты сипаттары, не­гізгі шарттары – осылар. «Сөз биі» тір­кесімі соны. Сөз – билік – кесім, үкім айтудың кепілі. Ұлт тарихындағы көсем де данагөй би-шешендердің пәрменді, жалынды сөздері ұлтты ұйыстырды. Сөзде кие болды. Әділетке, ұжданға, даналыққа, көркем­дікке малынған сүйек балқытарлық киелі сөздің иесі би болды, биде билік болды, елде береке болды. «Сөз биінде дес бер­мей күшті ағысқа, кертолғаулы қайыру – қысқа-нұсқа» деуінде телегей сыр бар.

Ортағасырлық түркі шайыры Махмұдта «көңіл би» деген тіркес бар екен (Шейх Ахмет Құдайдад Тарази. Көркем сөз өнері. Оқу құралы. – Ал­маты: «Таңбалы», 2013 жыл, 135-бет).

Ақын сырына жүгінейік:

«Артын бағып

әліптің, үндеместен,

Қалдың қалай біреуді күндеместен?

Жарқыл қағып

жүрсейші есіп-есіп,

Алтын балық

секілді сумен ескен!

 

*   *   *

Сумен ескен

секілді алтын балық

Есіп-есіп жүрсейші жарқыл қағып!

Күндеместен

біреуді қалдың қалай,

Үндеместен,

әліптің артын бағып?».

Шабыттың жемісіндей, көркемдік тәжірибенің нәтижесіндей. Сөздің серкесі бар, әулиесі бар. Түйдектің (шумақтың) ішкі тұтастығы, күйлі-қуаттылығы, мағыналық тереңдігі, суреттілігі бар. Және де қос түйдектің  бас-аяғын, сөз бен сөз тіркестерін дыбыстық құбылтулармен безендіріп өрнектеген, қызықты ойнатқан, ойын жайнатқан. Ой-сананы билейтін ой мен сезім толқындары оқырманды қанаттандырары даусыз.

Ақынның ойлау мәдениеті жоғары болса, сөз саптау мәдениетінің деңгейі, логикалық пайымдауы да ойдағыдай шығады. Ой мен сөздің жарасымын ақын Төрегелді Тұяқбай өз жыр­ларында айрықша құнттайды.

«Ой жүйелі

болғанда сөз киелі,

Келешектің кеңейер көкжиегі.

Бейжің елі

болғанда ойға жиен,

Ой жиені

көсемсіп, кегжиеді!

 

*   *   *

Кегжиеді

көсемсіп ой жиені:

Ойға жиен болғанда Бейжің елі.

Көкжиегі

кеңейер келешектің

Сөз киелі

болғанда ой жүйелі!»

Сөздің мәнін, сымбат-сәнін, орамын, ретін қиюластырып келтіру, тігісін жатқызу, өрелі ой-пікірлермен тұздықтау, оқыр­манның зерде, сана айнасында терең із қалдыру – ақын Төрегелдінің сүйікті мәнері.

Қазақтың жалпақ тілінің мұхитын­дағы қасқалдақтың қанындай қымбат, жанды жылытар, толқытар, іс-әрекетке бастар сөз биін тауып, анық танып, шеберлікпен ойлауын, қиыстырып сөйлеуін мына бір саф таза түйдектерден айқын көруге болады:

«Қойға қарап

қотанда шабаланбай,

Досқа – күлкі, дұшпанға таба болмай,

Ойға қамап

ұрпағын Ер түрік тұр,

Айға қарап

ұлыған абадандай!

 

Абадандай

ұлыса, тұлға тыңдар!

Азат елдің ұлдары, үн қатыңдар!

Ада болмай,

адам боп сөйле, Қас сақ,

Сақ адамдай

намысы қымбат ұлдар!».

Жыраулар мұрасында, әсіресе, Шал­киіз жырауда «абадан» сөзі қолданылған. Бұл – ұялы қасқырлардың қолбасшысы, яки, аңның сырттаны деген мағына береді. Сирек қолданылатын сөз-ұғымды қолда­нысқа енгізуі – ақындық тапқыр­лықтың белгісі.

Тағы бір тұста:

«Кәркидендей

Жер-көкті майқандаған,

Майдандасқан пілдер жүр қойқаңдаған!» – дейді.

Абайда «Кәркиден пілдей қуатты» дейтін сөйлем бар. Яғни, кәркиден – пілдің ең зоры. Айтайын дегенім, ақын тілінің лексикасында халық тілінің, ел әдебиетінің мөлдір айдынынан алынған жаратындылар бар.

«Сөз – ғасырдың жемісі, ой – ға­сыр­лардың жемісі» (А.М. Карамзин). Сол жемістерді жидекше теру, көр­кемдік игілікке пайдалану – азаматтық тұлғасы ірі ақынның асқақ мұраты болса керек.

Ақын Төрегелді Тұяқбай поэзия­сында бедерлі сөз нақыштары, көрікті, келісті сөз байламдары жеткілікті. Бұл ретте «көңіл аулы», «кеден-өлең», «жеңіс-пейлім», «жырау-көңіл», «латифа күй», «замантірек зиялы арыстарым», «тілі мірдің оғындай оғландарым», «заңғарым-ай, зиялы замантірек», «ай қонақтап алмаңа, жүзіңе – күн», «шын­­дықтың қызметіне», «өмір-сейдін», «үлпілдеген үкілім үлдіріктей», «тас­бақаңдай төңкерілген», «ұлы далам ұйыған ұлылыққа» және т.с.с. тізбелей беруге болады.

Сондай-ақ, «Бай мен кедей», «Жат­қан халық өз күнін өзі көріп», «Неме­неңе жетісіп той тойладың» деген сөз биі түй­дектерінде ел тұрмысы, тойымсыз «кәпір көздер» жайы күйінішпен жырланады.

Ақынның түйдекті жырларында ұлт­тық-рухани құндылықтар жүйесі, ха­лық­тық дүниетаным, мәдени-тарихи деректер бейнелі, жанды түрде жарқын суреттелген.

«Сөз биі бұл – өз биім, өз биігім!», «Төрттағандап өтейін «түйең» болып!» деуінен ақынның шынайы, имани сырын танимын.

 

СЕРІК  НЕГИМОВ,

Л.Н. Гумилев атындағы

 Еуразия ұлттық университетінің профессоры,  филология ғылымдарының  докторы.

 

СӨЗ  БИІНІҢ  САРДАРЫ

Төрегелді ТҰЯҚБАЙҒА

Төрегелді,  құрдасымсың, досымсың,

Толға десең, досың неден тосылсын.

Құтты болсын асқаралы алпысың,

Басыңа бас, жасыңа жас қосылсын!

 

Ақ дегелек, тыңдап өстің, қар үнін,

Арман қуған басылған жоқ арының.

Алпар дүние тылсымымен арбады,

Ардақ әлем құпиясын таныдың!

 

Құм қайраққа  бүйрегің тым бұрыпты,

Қайрауы кем қанжар жайын кім ұқты…

Құм сағаттың тілі сонда шығыпты,

Қанжарын ұл сертке тағып тұрыпты!

 

Тәуір жаздың махаббаттың ғазалын,

Жырға қосып көктем әнін, жаз әнін.

Оқырманға мол рахат сыйладың,

Өзің тарттың мехнатын, азабын!

 

Белгісіздеу болса-дағы тұрағы,

Ғылым үшін көп болса да сұрағы…

«Қар адамы» дастаныңмен қорқыттың,

Қорқытсаң да оқығым кеп тұрады!

 

Енді, бірде, үңгір,үңгір, үңгір деп,

Кеудеңнен бір күй бұрқады күмбірлеп.

Үгіттедің үңірейген үңгірден

Үміт шамын жағып шық деп бір-бірлеп…

 

Ғұмыр кештің махаббаттан от алып,

Жар шетіне жүрдің талай тақалып.

«Сүймегендер сағынбайды!»  –  дейсің-ау,

Әуел бастан  Шахановтан бата алып!

 

«Бастау» деген жинақпен жол бастадың,

Ауыр жүгін арқаладың баспаның.

Баспанаға зар қазақтың шер-мұңы –

«БОМЖ» деген дастан жазып тастадың!

 

«Жан дауысы» –  бұл да соның жалғасы,

Жаһандағы жанайқайдың арнасы.

Жырға орап халық мұңын, ел қамын,

Алпыс жасқа келдің талай қар басып!

 

Жабылып жыл, жарқырап күн, жылжыпты ай,

Жыр жалауын биік ұстап, жүр жықпай.

Парламентте талай сөзді қотарып,

Парызыңды өтеудесің бұлжытпай!

 

Кейде өлең қырдан қашқан жез киік,

Жезкиік жыр болар кейде көзкүйік.

«Төрт тоғыс» деп аталатын кітабың –

Тылсым, терең, таңғажайып сөз биі!

 

Төрегелді, досым әрі құрдасым,

Құтты болсын алпыс асу бұл жасың!

Ұшқыр уақыт тоқтамасын, зырласын,

Алдымыздан тағдыр торын құрмасын!

Өмір  болсын мұңдасың,

Өлең болсын сырласың!

 

Әділғазы ҚАЙЫРБЕКОВ,

Халықаралық «Алаш»  әдеби сыйлығының лауреаты.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *