Ыстық су құбырынан неге суық су ағады?

1911Байқаған боларсыздар, осы қазан айының алғашқы күндері Алматыда ауа-райы айтарлықтай суық болды. Тіпті, өткен сәрсенбі мен бейсенбіде шаһарда қар аралас жаңбыр жауып, даланы салқындатып жіберді. Бұл ретте осы жақында өткен 2014-2015 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық жөніндегі штаб отырысында қала әкімі Ахметжан Есімов «Биыл қалаға жылу қуаты белгіленген мерзімнен ертерек беріледі. Бірінші кезекте әлеуметтік нысандарды – балабақша, мектептер мен ауруханаларды 8 қазаннан бастап жылумен қамтамасыз етуді бастау керек» деген болатын. Осыған байланысты біз қаланы жылытудың қалай жүріп жатқанын бақылап көрген едік.

Құттыбек АЙМАХАН

Әрине, қай кезде де қаланы толықтай бір күнде жылумен қамтамасыз ету, тіпті, мүмкін емес. Бұл ретте жылу тарату – қаладағы 6 пайдалану алаңдары арқылы бірте-бірте жүзеге асырылады. Атап айтқанда, егер жылу қалаға әкім айтқан 8 қазанда беріле бастаса, бүкіл қала тек 10 қазанда жылынар еді. Осы орайда әкімнің тапсырмасына орай қаладағы әлеуметтік нысандарға жылу шынымен-ақ 8 қазанда беріле бастаған. Соның нәтиже­сінде сол күні-ақ қаладағы барлық балабақшалардың 45 пайызына, мектептер мен ауруханалардың 35 пайызына жылу беріліп үлгерді. Олай болса, осы демалыс күндері қала толық жылытылады деуге негіз бар.

Айта кететіні, үстіміздегі жылы қалада қысқа дайындық жұмыстары өте қарқынды жүрді. Осы мақсатта, яғни, қала шаруашылықтарын қысқа дайындау үшін бюджеттен 55 млрд. 300 млн. теңге қаржы бөлінді. Соның арқасында қазір қаладағы қуат көздері мен энергия желілері қысқы жылу беру маусымына толық даярланып қойылды. Әсіресе, жылу беру қаладағы барлық білім беру, денсаулық сақтау нысандарында, тұрғын үй қорында 100 пайыздай жүзеге асырылып қойылды деуге болады.

Осы ретте жыл аяғына дейін Талғар газ тарату бекетінен тартылған газ құбыры 1-ЖЭО-на жетіп, қала экологиясы айтарлықтай жақсармақ. Сонымен қатар, биыл қалаға магистральды құбыр желілерін жаңартуға 7 млрд. теңгеден астам қаржы бөлініп, соның нәтижесінде шаһарда 21 шақырым құбыр желісін ауыстыруға мүмкіндік туды.

Дегенмен, күзгі суықтар қала тұрғындарын қазірдің өзінде бүрсең қақтырып жатқанын көріп-біліп жатырмыз. Осы орайда соңғы жылдары жылу берілгенше қалада осындай жағдайлар жиі орын алатын болып жүр. Соған байланысты «Ақшамның» редакциясына телефон қоңыраулары көптеп түсуде. Өйткені, көпшілік үйлерде жылу берілмегені былай тұрсын, көп жағдайда ыстық су құбырларынан суық су ағып тұрады екен. Соның салдарынан кішкентай сәбилері бар пәтерлерде қоңырсалқын жағдай орнап, бұның өзі тұрғындардың мазасын алуда. Мысалы, биылғы жылу беру маусымы басталатын 15 қазанға дейін 8-9 күндей уақыт қалғанда Алмалы ауданынан Майраш есімді келіншек редакцияға қоңырау шалып, «Біздің ыстық су құбырымыздан суық су ағып тұр. Тіпті, кей-кездері балаларымызды жуындыру үшін ыстық су құбырындағы суды жылығанша 30-40 минутқа дейін ашып, сарылдатып ағызып қоюға мәжбүрміз. Одан қалды, қазірдің өзінде таңғы 6.00-де тұрып, жұмысқа жиналған біздер сағат 7.30. – 8.00-ге дейін жуына алмаймыз. Өйткені, ыстық су құбырынан суық су ағып бітпейді. Бұл дегеніміз, суды құр бекерге ысырап ету емес пе?» дегенді айтады.

Дәл осындай күй кешіп отырған алматылықтар туралы жақында «Алматы» телеарнасы да көрсетті. Онда қала тұрғыны Мақпал Ахметова су есептегіш құралын көрсетіп, «Қараңыз, мына суық су 21 градусқа да жетпейді. Киім-кешек, ыдыс-аяқ жуамын. Осы ретте айына 25 текшеметр ыстық су, 2 текше метр суық су пайдаланамын. Сөйтіп, жарытып ақпаса да мен ыстық су үшін 9 мың теңге қаржы төлеймін. Неге?» деген болатын.

Ал енді осыған байланысты «Алматы Жылу» холдингі» МКК жалпы есептеу құралдарын орнату бөлімінің басшысы Дана Байдосова: «Біздің мекеме ыстық суды бекітілген нормаға сәйкес босатады. Бірақ, құбырлардың ескіруінен қаланың шет аймақтарында ыстық судың таралуы азайып, өз температурасын жоғалтады. Сондықтан, біз көппәтерлі үйлерге жалпыүйлік жылу есептегіш құралдарын орнатуға кеңес береміз. Ол ыстық судың көлемі мен температурасын қадағалап, оның құнын дұрыс есептеуге мүмкіндік береді», – дейді.

Шынында да мамандардың айтуы бойынша, жалпыүйлік есептеу құралының (ЖЕҚ) мұндай жағдайда пайдасы бар екен. Өйткені, ЖЕҚ-ры екі арна бойынша – біреуі – су шығынын өлшеуді, ал екіншісі оның температурасын есептеуді жүргізетін көрінеді. Осыған сәйкес, ыстық су құны екі құрамадан құралады. Мысалы, 1 тонна су 36 теңге тұрады (ҚҚС-сыз) десек, ондағы 1 гигакалория жылу бағасы 3891 теңгені құрайды. Демек, ыстық судағы негізгі баға жылу мөлшеріне қарай есептеледі дейді. Олай болса, ЖЕҚ – ыстық су құбырындағы суық суды есепке алмайды екен.

Айта кететіні, ыстық су құбырынан көпке дейін суық су ағудың негізгі себебі мынада – Алматы қаласында 1961 жылы орталықтанған жылумен қамтамасыз ету тәртібі енгізілген. Ол бойынша жылумен қамсыздандыру ашық су бөгетінен жүргізіледі екен. Оның басты кемшілігі – құбыр желісінің біреуін жөндеу барысында судың айналысы тоқтап және құбырдың өн бойында тұйықталу учаскелері пайда болатын көрінеді. Сондықтан да жылу мен ыстық су жүктемесін бір мезгілде атқару үшін есептелген құбыр желісінің көлемі мен ондағы су шығыны сәйкес келмейді. Демек, ыстық су мен жылу құбыры бір болғандықтан, жылу берілмейтін кездері оларды қалыпты деңгейде ұстап тұру мүмкін емес екен.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *