Әуезов пен Бөкеев шығармалары ағылшын тілінде сөйледі

 

 Серік ЖҰМАБАЕВ

 

Алматыдағы Ұлттық кітап­хананың Н.Дәулетова атындағы залында Халықаралық қазақстан­дық ПЕН-клубының есеп беру жиналысы болып өтті. Онда клуб президенті Бигелді Ғабдуллин өткен жылы атқарылған жұмыс­тардың есебін беріп, биыл атқа­рылатын іс-шаралардың жай-жапсарын таныстырды.

 

Былтыр Халықаралық қазақстандық ПЕН-клубы бірқатар ірі жұмыстарды атқарған екен. Атап айтқанда, Мұхтар Әуезовтің «Красавица в трауре» кітабын «Рассел Пресс» баспасынан ағылшын тілінде шығарыпты. Оны шет  елдің әйгілі жазушы-аудармашысы Саймон Гейган аударған. Бір ерекшелігі, бұл кітаптың аудармасы Англиядағы шетелдік әдебиеттің үздік аудармаларының бірі деп танылған. Аталмыш кітаптың Алматы мен Астанадағы тұсаукесеріне танымал аудармашылар Саймон Гейган мен Саймон Холингсворт шақырылыпты. «Бұл кітап Пушкинді аударған Антони Вудтың қолына тиіп, сапалы аударылған жақсы туынды деген жоғары бағаға ие болды», – дейді Пен-клуб президенті Бигелді Ғабдуллин.

Бұдан бөлек, өткен жылы Халық­аралық қазақстандық ПЕН-клубының үш тілде ақпарат тарататын арнайы (qazaqpen-club.kz) сайты жасалған екен. Алдағы уақытта онда клуб мүшелерінің еңбектері жарияланып отыратын болады. Сонымен қатар, Ұлыбританияда Оралхан Бөкеевтің «Человек-Олень» атты кітабы ағылшын тілінде жарыққа шығыпты. Жақында бұл кітап туралы Астанада үлкен конфе­ренция өткізу жоспарланып отырған көрінеді.

Жаз айында Халықаралық қазақ­стандық ПЕН-клуб Шұға Нұрпейісова­ның «Человек в интерьере» атты кітабы туралы оқырмандар конференциясын өткізіпті. Қаламгерлер тарапынан жоғары бағаға ие болған бұл шығарманы Мәде­ниет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы арнайы алдыртқан екен. Осы ретте ПЕН-клуб мүшелері мәдениет пен руханиятқа қосар үлесі зор мұндай шығарманы мектеп оқушылары жастанып оқу керектігін жеткізіп отыр. ПЕН-клуб, сонымен бірге, жазушы-сатирик Ғаббас Қабышевтің «Көңіл көгінде» атты кіта­бын жарыққа шығарыпты. Бұл шығарма Қазақстанның өмірден озған жазу­шылары хақындағы тұтас бір энцик­ло­педия десек, артық айтқандық емес. Себебі, бұл кітапқа дүниеден өткен 50-ден аса қаламгердің өмірі мен шығар­машылығы туралы естеліктер енген.

Өткен жылы ПЕН-клуб белгілі қазақ­стандық ақын, эссеист, прозаик Адольф Арцишевскийдің 80 жылдық мерейтойын өткізіп, өлеңдер жинағын жариялапты. Одан бөлек, ПЕН-клубтың мүшелігіне екі адам: АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында тұратын әлемге әйгілі ақын Бақытжан Кенжеев пен қазақ­стандық жас ақын Мақпал Жұмабай қабылданған.

Айта кетейік, Халықаралық қазақ­стандық ПЕН-клубы биыл АҚШ, Израиль, Ресей, Франция елінің танымал жазушыларының қатысуымен Алматыда өтетін халықаралық конференцияға дайындық жұмыстары жүргізіп отыр, сондай-ақ, Швейцариядағы аудармашы­лардың халықаралық конференциясына дайындалуда.

Есеп беру жиынынан кейін халық­аралық қазақ ПЕН-клубының жыл сайынғы сыйлығы табысталды. Осы орайда, ақын, драматург Иранбек Ораз­баевқа «Мағжан Жұмабаев» атындағы алтын төсбелгі мен 10 мың АҚШ дол­ларын құрайтын ақшалай сыйақы берілді. Өз кезегінде ҚР Мемлекеттік сыйлы­ғының лауреаты Иранбек Оразбаев ПЕН-клуб басшылығына қаламгерлер қауы­мына құрмет көрсеткені үшін алғысын білдірді.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *