ТУРКОМПАНИЯ ВИРУСТАН ҚОРЫҚПАУҒА ШАҚЫРАДЫ

2104Биыл ел аумағынан қасиетті Қағбаға тәу ету мақсатымен 5000 адам аттанбақшы

Биыл Қасиетті Қағбаға тәу ету мақсатымен ел аумағынан 5000 адам аттанады деп хабарлай­ды «Алматы» телеарнасы. Солардың бірі – 75 жастағы Жеміс әжей өмірінде бірінші рет қасиетті өлкеге бет түзеп барады. Ол жақтағы аптап ыстық пен түрлі дерт атаулары оны сескендіретін емес.

– Биыл Әкбар деп аталатын қажылыққа ат­тан­ғалы отырмын. Әрине, үлкен толқыныс үстіндемін. Бұл — әр мұсылманның парызы. Ешқандай қиын­дықтан қашпаймын, вирус дей ме, оны да бара кө­реміз. Ең бастысы, ешнәрседен қорықпау керек. Қа­сиетті қаланың топырағына жетсем, арманым жоқ, – дейді қажылыққа аттанушы Жеміс Шоқа­шова.

Биылғы жылы Меккеге қажылыққа бару са­па­ры 27 кыркүйек пен 16 қазан аралығында жүзеге асуы тиіс. Алайда, әрбір жолаушының міндетті түрде менингиттен қорғайтын екпе салдыртқаны жөнінде анықтама қағазы болуы керек. Онсыз халықаралық әуежайдағы кедендік бақылаудан өте алмайды.

– Біздің компания тұтынушыға міндетті түрде ескертпе жасап отырады. Сауд Арабиясына ғана қажылыққа апаратын компания болғаннан кейін біз барлық талаптарды бұлжытпай орындаймыз. Қазірдің өзінде 200-ден астам адам жолдамаға қол жеткізіп отыр. Мекке қаласындағы вирустардың таралуы жөнінде айтар болсақ, қажылық кезінде жаратқанның өзі мұсылманды сақтайды. Қажы­лықтан өтуге еш қорықпаңыздар, – дейді «Нұр-Қазақстан» қажылық компаниясының президенті Амангелді Әбдіхалық.

Еске сала кетсек, еліміздің бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин жұқпалы вирустар Мекке қаласының маңында ерекше белсенділік танытып жатқанын айтып, дабыл қаққан еді. Ол ел азаматтарына қажылыққа барудан қазірше бас тартуға кеңес берді. Бір өкініштісі, короновирусқа қарсы әлемде бірде-бір вакцинация ойлап табыл­маған екен.

– Бізде дәл қазіргі таңда екі бірдей қабылдау кабинеттері тәулік бойы жұмыс істеп тұр. Ол ме­нингиттен алдын алу екпелері мен тұмау вирусынан қорғайтын уколдар. Сондай-ақ, біз әрбір қажы­лыққа аттанушының денсаулығын алдын ала мұқият тексеріп аламыз. Себебі, өздеріңіз білесіздер, кез келген ағза вакцинацияларды көтере бермеуі мүмкін, – дейді Алматы қаласы Тұтыну­шы­лар­дың құқығын қорғау департаментінің эпиде­мио­логия бөлімінің жетекшісі Ольга Ассаева.

Қазіргі таңда короновируспен дерттенгендердің саны Сауд Арабиясында 400-ден асып-жығылса, Кувейт пен Катар елдерінде де осы індет тіркелген екен. Ал әлем бойынша қатерлі вирусты жұқтырып алғандардың саны 700 адамға жетіп отыр.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *