ТОҚПАНОВТЫҢ ЛЕНИН РӨЛІНДЕ ОЙНАҒАНЫН БІЛЕСІЗ БЕ?

Қазақстан өзінің театр өнерін дамытуда тәуелсіздік алғаннан кейінгі отыз жылға жуық аралықта біраз шаруа тындырды. Басқа елдер барынан айырылып, өнер ордаларын жауып жатқанда, Елбасымыздың өзінің жеке қамқорлығымен, тікелей қатысуымен кең-байтақ еліміздің түкпір-түкпірінде жаңадан оннан астам театр ашылып, халыққа қызмет көрсете бастады.

Қайта құру, кеңестік мемлекеттер құрылымының ыдырауы, өтпелі кезең қиындықтарымен, тәуелсіздіктің алғаш­қы он жылдығындағы қаржылық дағда­рыстарға қосарлана, бұрынғы мәдени байланыстар үзіліп, әбден қан-сөлінен ажырай бастаған театр өнері қазір жаңаша қарқынмен дами бастады. Жұмыс істеу негізі репертуарлық театр болып қалыптасқан Қазақстан театрла­рының бүгінгі жеткен белесін, бағын­дырған көркемдік деңгейін сақтап қалу қажеттілігі күн тәртібінен түскен жоқ. Оның зымыраған уақыт тынысын сезетін, замана тыныс-тіршілігімен қатар соғар жүрек дүрсілін айқындай­тындай толыққанды жұмыс істеуіне жағдай жасау, қоғам өміріндегі орнын құқықтық тұрғыдан қайта қарауды, заң шығару және атқарушы билік меке­мелерімен қайшылыққа түспей, керісін­ше, түсіністікпен, шығармашылықпен үндесуіне мүмкін беретіндей етіп реттеу қажеттігі бүгінгі күннің басты мәселесі.

Енді Жамбыл облыстық қазақ драма театрына жаңа атау беріп, жаңа белеске қадам жасау турасында айта кетсек. Аталған театрға осыдан жиырма жыл  бұрын, ұлтымыздың кәсіби режис­сурасының негізін қалаушы, тұңғыш кәсіпқой режиссер, талантты актер, ұлы ұстаз, профессор Асқар Тоқ­пановтың есімін беру туралы ұсыныс жасалып еді. Сол ұсыныс сағызша созылып, кейін қабылданып, шешімін тапты.

Тұлға туралы айтар болсақ, әрине, оның тарихына үңілеміз. Асқар Тоқпа­нов 1915 жылы 13 қазанда Алматы облы­сы, Іле ауданы, Шилікемер ауы­лында дүниеге келген. 1994 жылы 22 қарашада Алматы қаласында бұл фәни жалғанмен қоштасты.

Оның талантты кәсіби режиссер, театр саласын зерттеуші қаламгер, драматург, аудармашы, өнер саласында жүздеген шәкірт дайындаған тәлімгер ұстаз ретінде еліміздің театр өнерінің қалыптасып, дамуына сіңірген еңбегі өлшеусіз. Асанәліні жұлдыз қылған, Тұңғышбайды құндыз қылған да осы Асқар Тоқпанов қой.

Асқар Тоқпановты талантты режис­сер ретінде танытқан сахналық қойы­лымдары өте көп. Ол, әсіресе, дүние жүзі драматургтерінің: орыс, қазақ, шет ел классиктерінің туысқан елдер  қаламгерлерінің туындыларын барынша қамтып сахналауға үлкен мән берген режиссер. Ол сахналаған спектакль­дердің жанры да, тақырып аясы да сан алуан. Мәселен, әр жылдары ол сахна­лаған Шекспирдің «Асауға тұсауы», Д.Гоу мен Д.Юссонның «Терең тамыр­лары», А.Штейннің «Намыс соты», Н.Кеккерилидің «Батыл хикая туралы аңызы», Н.Гогольдің «Ревизоры», Ғ.Мү­сіреповтің «Ақан сері – Ақтоқ­тысы», Ш.Құсайыновтың «Алдар көсесі» мен «Көктем желі», Ғ.Мұс­тафиннің «Миллионер», М.Ақынжа­новтың «Ыбырай Алтынсарині» Ә.Тәжі­­баевтың «Майрасы», Т.Ахта­нов­тың «Махаббат мұңы», Б.Майлиннің «Майданы» режиссердің осындай еңбектерінің жемісі. Сондай-ақ, Жам­был облыстық қазақ драма театрында сахналаған қойылымдарың ішінде де Бүкілодақтық және республикалық байқауларға қатыстырылып, жүлделі орын алғандары баршылық. Мысалы, Н.Погодиннің «Кремль куранттары» драмасы бойынша қойған спектаклі 1970 жылы Бүкілодақтық театр фестиваліне қатысып, лауреат атанды. Тоқпановтың өзі сол спектакльде В.И.Лениннің рөлін ойнаған.

Асекең туралы айта берсек, таңнан таңға жырлауға болады ғой. «Режиссер білімі актерден бір саты жоғары тұрмаса, бәрі бекер» деген екен Асекең. Әкем (бұрынғы актер Асан Омарбеков) Асқар Тоқпанов біздің театрға келген 1968 жылы жұмысқа кірген. Тоқпа­новтың  тоқпағын көрген артистердің бірі ғой. Менің шешемді (мәдениет қайраткері Несіпкүл Омарбекова) осы Тоқпанов жұмысқа қабылдаған екен. Мен өзім негізі, осы театрда туып-  өскенмін. Мен де, мектеп қабырғасын бітіре салып, әке-шеше жолын қуғандай осы театрға жұмысқа кірдім. 1968-1972 жылдары осы театрда қызмет атқарған Асқар Тоқпанов туралы әке-шешем жыр қылып айтып отыратын.

Енді Тоқпановпен қалай алғаш кездескенімді айта кетейін. Театрда жұмыс істеп жүрген кезім ғой. 1988 жылы астанамыз Алматыға оқуға түсуге бардым. Сөйтіп, құжаттарымды архитектура институтына тапсырдым. Желтоқсан көтерілісінен кейінгі жылдар. Желтоқсанның ызғары басыл­маған. Дәл сол желтоқсаншы Қайрат Рысқұлбеков оқыған институтқа барыппын. Барсақ, «ойбай, оңтүстіктен ешкімді қабылдамайды екен, тек Орал, Атырау, солтүстік жақтан келгендер өтеді екен» деген сыбыс есіп тұрды. Содан құжаттарымды кинотехникумға тапсырып, емтихан күндерін күтіп жүргенмін. Бір күні, жанымда жамбыл­дық үш-төрт жігіт бар, театр- көркем­сурет институтына қыды­рып барғанбыз. Сол жақта бір көшемен келе жатқан­быз. Жаспыз ғой, көз шеке­де, алақ-жұлақ етіп, салып ұрып келе­міз. Алды­мызда таяқ ұстаған бір кісі келе жатты. Жылдам жүріп, сол кісіні қағып кете жаздап алдына шығып бара жатқанмын. Бір кезде артымнан таяқпен сарт еткізді.

– Қайтеді екен мыналар! – деді. Сасқанымнан «извините» деппін. Бірден танымадым.

– Қайдан жүрсіңдер? Не жүріс? – деді санқ етіп.

– Жамбылданмын, – дедім.

–А-а-а, Асанәлінің ауылынансың ба? Әлде Тұңғышбайдың ауылынан­сың ба? – деді.

– Тұңғышбай Жаманқұловтың ауы­лынанмын, – дедім. Бір ауданнан едік.

– Ә, бәсе, көзің шақшиып, шашың додаланып, неғып жүрсің бұл жақта домаланып, – деді.

Осы кезде ғана мен ол кісіні таны­дым.

– Алматыға архитектурный инсти­тутқа түсуге келгенмін, ол болмады. Содан документтерімді алып, кинотех­никумға тапсырдым.  Консультация­ла­рына барып қоям, енді емтихан күндерін күтіп жүрмін, – дедім.

– А-а-а, киноны жағалайын дедің бе?! – деді қатқыл даусымен.

– Иә, енді.., – деп не айтарымды білмей күмілжіп қалдым.

– Е-е-е, қайда жүрсең де өнердің азаматы бол! – деп, таяғымен санымнан сарт еткізді, бара бер дегендей. Мен жылдам басып, жолдастарымның соңынан жүгіре кеттім.

Кейін осыны әкеме айтып едім. «Е-е-е, Тоқпановтың таяғы саған да тиген екен ғой», – деп күлді. Сол Тоқ­панов­тың таяғының әсері ме… отыз жылдай осы театрда тапжылмай қызмет еттім. Сахна жұмысшысынан бастап, жарық беруші, декоратор, ағаш шебері, дыбыс технигі, дыбыс режиссері… тағысын тағы. Не керек, барлық жұмысты да атқа­ра беру­ші едік. Бір шаңырақтын астын­да тұрған орыс театрында да параллель жұмыс атқардық. Марқұм актер Спандияр Мұқышев деген ағамыз: «Әй, Фархат, сен осы директорлық жұмыстан басқа жұмыстың бәрін істеген шығарсың, ә?..», – деп қалжыңдаушы еді.

Иә, театрмен ауырдым. Театрдан кете алмадым. Бір тылсым күш ұстап тұрғандай болатын. Осы театр өнерінің суығына тоңып, ыстығына күйіп, жан-тәнімізбен жұмыс істедік. Сонау 90-жылдардың «топалаңында» да театрды тастамай, айлап айлық аймай, жолкіре де ақша таппай, театрға жаяу барып, жаяу келіп, аянбай еңбек еттік.

Мен ұзақ жыл музыка бөлімінде жұмыс істедім. Небір режиссермен бірге шығармашылық қатынаста болдым. Менің ұзақ жыл бойы жұмыс істеген режиссерім Қуандық Қасымов еді. Ол да Тоқпановтың тоқпағын, театрдың соқпағын көрген дарынды да, талантты режиссер.

Иә, театр туралы, Тоқпанов туралы айта берсек, әңгіме көп. Театр өнері бекзат өнер десек, сол өнердің бекзаты боп өткен Асекеңді халқы бек ұмыт­пайды. Мен соған сенемін. Міне, биыл Жамбыл облысының 80 жылдығы қарсаңыңда облысымызда біршама іс атқарылып, Тараз қаласы түрленіп, гүлденіп, көшелерге жаңа атаулар бері­ліп, жаңа нысандар ашылып, жатқан тұста, облыстық қазақ драма театрына Асқар Тоқпановтың есімі беріліп, есткерткіші қойылды. Алматыдағы М.Әуезов театрын «Әкемтеатр» дейді. Астанадағы театрды «Қаллеки» дейді. Енді, біздің Жамбыл облыстық қазақ драма театры «Тоқпанов театр» деп аталатын күнге де жеттік-ау!

Торқалы той құтты болсын, Тоқпанов театры!

 

Фархат ОМАРБЕКОВ.

Тараз қаласы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *