ТАЛАНТТАРЫМЕН ТАНЫЛҒАН СОЗАҚ

Жақында Түркістан облысының шалғайына орналасқан, Тәкен Әлім­құловтың сөзімен айтсақ: «Жер көле­міне Бельгия сияқты бес мемле­кет емін-еркін сыйып кететін», Оңтүстік өлкесінің тең жартысын алып жатқан Созақ ауданының құрылғанына 90 жыл толу құрметіне арналған «Созақ – жыр, Созақ – қария, Созақ – өнер» атты кең ауқым­ды мерекелік шаралар болып өтті.

Мерейтойдың алғашқы күні ауданнан шыққан Еңбек Ерлеріне қойылған кеуде мүсіндерінің ашы­лу рәсімі болды.  «Сырлы Со­зақ» ақын­дар айтысы да көрер­меннің көңілінен шықты. Сара­ғаш­тық Жарқынбек Наушабеков бас бәйге, созақтық Қалижан Білдәшов бірінші орынды жеңіп алып, ақшалай қомақты сый­лыққа ие болды. Ертеңіне Созақ ауданының 90 жылдығы аясында аудан орталығында жаңадан пай­да­лануға берілген нысандардың ашылу рәсімі өтті.

«Созақ – жыр, Созақ – сөз, Созақ – өнер» атты ғылыми-тәжі­рибе­лік конференцияны жазу­шы Мархабат Байғұт жүргізді. Аудан­ның өткені мен бүгінінен сыр шер­тетін деректі фильм көрсетілді. «Алматы ақшамы» газетінің арда­гер журналисі Өтеш Қырғызбаев «Туған жерге ту тіккендер, ата мекенді жыр еткендер», Қазақ-түрік университе­тінің профессоры Мұхтар Қожа «Со­зақтағы көне тарихи ескерт­кіштер», Оңтүстік Қазақстан универ­ситетінің дека­ны Нариман Нұрпейі­сов «Созақ елінің рухани жаңғыру әлемі»  тақырыбында баяндама жасады. Түркістан облысының әкімі Жан­сейіт Түймебаев аудан халқын торқалы мерейтойымен құттық­тап, бір топ азаматтарға облыс әкімінің Алғыс хатын табыс етті. Созақ ауда­нын әр жылдары басқарған Досыбай Шерімқұлов, Қуаныш Айтаханов, Созақбай Әбдіқұлов, Аманғали Аймұрзаев­тар құттықтап, өткен кезең­нен естеліктер айтты. Түскі астан кейін ауданның  90 жылдығына арналған ұлттық спорт ойын түрле­рінен жарыстар өткізілді. Кешкілікте «Достар» стадионында «Теріскей – таланттар мекені» атты республикаға танымал өнер жұлдыздарының қаты­суымен үлкен гала-концерт берілді.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назар­баевтың «Болашаққа бағдар: руха­ни жаңғыру» мақаласының «Туған жерге тағзым» тарауында айтылған міндеттермен тікелей ұштасатын Созақтың көне тари­хы – жалпы қазақ­тың тарихымен тығыз байла­нысты, мұсылман әле­міне аты мәлім Ысқақ бап, Баба­түкті Шашты Әзіз, Саңғыл ата, Қарабура әулиелердің мәңгілікке қоныс тепкен құтты меке­ні. Созақ­тан түлеп ұшқан, қазақ әдебиетінің классик жазушы­лары Сәуірбек Бақбергенов, Тәкен Әлімқұлов, Төлеген Тоқбергенов, Асқар Сүлейменовтердің, кеше ғана өмірден өткен Керімбек Сыздықов пен Дулат Тұрантегілер осы аудан­нан түлеп ұшқан азаматтар. Ұлттық өнерде өзіндік қолтаңбаларын қалдырған шертпе күйдің шеберлері Сүгір Әліұлы, Жаппас Қаламбаев пен Төлеген Момбековтер осы өлке­де өмір сүріп, өздерінің өшпес шы­ғар­маларын өмірге әкелген. Аудан­ның ірге тасын қаласып, қаз тұрып кетуіне барлық саналы ғұмырын арна­ған азаматтардың да есімдері ілтипатпен аталды.

Созақ ауданы тілге оралғанда бірінші кезекте оты­зыншы жылғы атышулы Созақ көте­рілісі еске түседі. Бұл тақырыпқа әр жыл­дары қаламгер ағаларымыз – тарихшы Талас Омарбеков, Мұ­ха­­метжан Рүс­темов, Дулат Тұран­тегі, Сүлеймен Тәбірізов пен Жарылқа­сын Боран­баевтар қа­лам тартты. 1930–1932 жыл­дары мемлекет және қоғам қайраткері, жерлесіміз Сұл­танбек Қожанов үкімет тарапынан Созақ елін аштықтан құтқару мақсатында арнайы комиссия құрып, ашқұр­сақ елге «Шүлен көже» ұйым­дастырды. «Шүлен көжеге» қатық бол­май қалған күндері елдің бас көтерерлері, колхоз төрағалары Ыбырай Жәуке­баев өзінің мініп жүрген ақжал жор­ғасын, келесі күні Жанәділ Исаұлы қара жорға­сын сойдырды. Сұлтанбек Қожа­нов елдің басы жиналған жерде екеуін үлгі етіп, мақтап жүрді. 1937 жылғы жап­пай саяси қуғын-сүргінде Сұлтанбек Қожанов тұт­қындалып, «Онымен жақын бай­ла­нысты болған» деген жаламен Ыбырай Жәукебаев пен Жанәділ Исаұлы да «халық жауы» ретінде ұсталып, итжеккенге айдал­ды. Созақ көтерілісінен кейін пар­тия бұл ауданның кадр мәселесіне үлкен күдікпен қарап, іскер әрі қабі­летті жастарын басшылық қыз­метке жоғарылатпады. Ком­пар­тия тарап, еліміз егемендікке қол жеткізгенде жетпіс жылдан кейін аудан басқаруға өз перзенті  Созақбай Әбдіқұлов келгенде халқының қалай қуанғаны­ның куәсі болдық. Одан кейін Аман­ғали Аймұрзаев пен Мақсат Исаев­тар аудан басқарып, туған өлкенің әлеуметтік-экономи­ка­лық жағдайын жақсартуға білім-қабілеті мен іскер­лігін жұмсады. Тәуелсіздік таңы арай­лап атқан тоқсаныншы жылдар­дың басында Созақ ауданының халқы да қоғамдық өзгерістерге бейім­деліп, дамудың даңғыл жолына түсті. Ауданда мал шаруашылы­ғымен бірге жерасты байлығын игеру қарқынды дамып, халқының көп­шілігі өндіріс орындарында жұ­­мысқа тартылды. Соның нәти­же­сінде жергілікті тұрғындардың әл-ауқаты жылдан-жылға жақса­рып, бүгінгідей деңгейге жетіп отыр.

 

«Ақшам-ақпарат».

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *