Табиғатыңызды табиғи өнім ғана сақтайды

Бүгінде не көп, косметикалық өнімнен аяқ алып жүре алмайсыз. Бағасы қымбаты да, арзаны да толып жатыр. Тек бір өкініштісі, осы өнімдерді пайдаланып, болмысын сақтап, жасарып кетіп жатқандардың жоқтығы. Міне, атамекеніне келіп, кәсібін кәсіп етіп жүрген қандас бауырымыз Гүлшаш Әубәкірқызы тек табиғи қоспалардан тұратын, құрамында бет күтімін сақтап қалуға тікелей әсер ететін түрлі дәруменнен жасалған косметикалық өнімді ұсынып отыр. Бұл өнім өзіміздің елде дайындалып, Шымкенттен шығып жатыр.

Рая ЕСКЕНДІР

Гүлшаш Әубәкірқызы бұл салаға ұзақ жылғы дайындықпен келді. Әлемдегі ең беделді косметологтардан сабақ алып, осы саланың қыр-сырын әбден меңгеріп алғаннан кейін өзінің алғашқы сұлулық салонын ашқан еді. Бүгінде Гүлшаштың салондарының саны бірнешеу. Алматы, Астана, Шымкент қалаларындағы сұлулық салондарына барып, бет күтімін жақсартып жатқан жандардың алғыстан басқа айтары жоқ. Әлгінде айтып өткеніміздей, косметикалық өнімдердің көптігінен көз сүрінеді. Әлемдік брэндке айналған «L, Oreal», «Lumene», «Lancome», «Chrіstіna cosmetіcs», «Natura Bіsse», «Jansen cosmetіcs» сияқты бет күтіміне арналған косметикалармен қатар, «HUDA BEAUTY», «ANASTASІA BEVERLY HІLLS», «M.A.C», «Chanel», «Dіor», «Іnglot» аталатын декоративті косметикалардың қатарынан сәтін салса Гүлшаштың да «AG cosmetіcs» өнімдерінің орын алатын күні алыс емес.

Ішкі жан дүниесінің сұлулығын сыртқы бейнесі толықтырып тұратын құралай көзді Гүлшаш Әубәкірқызы кәсіби музыка маманы. Жалпы, өнер адамдарының көзі нұрлы, өңді болып келетіні бар ғой. Бірнеше музыкалық аспапта шебер ойнайтын Гүлшаштың даусы да керемет. Осындай мүмкін­діктері бола тұра, тәуекелге бел буып, қыз-келіншектерге сұлулық сыйла­ғысы келіп тұратын Гүлшаш былай дейді:

– Біздің қыз-келіншектердің бәрі әдемі. Тек күнделікті күйбең тірші­лікпен бет күтіміне мән бере бермейді. Бет деген күтімді ерекше қажет етеді. Өйткені, қысқы аязда да, күннің аптап ыстығында да, жел мен шаң-тозаңнан да бетіңізді көлегейлеп жүре алмайсыз. Сондықтан бетке арнайы уақыт бөліп, оған күтім жасап отыру керек. Бет – адамның айнасы іспетті. Ішкі жан дүниеңіз, көңіл-күйіңіз, тіпті тәніңіздің саулығының өзін бетіңізге қарап білуге болады екен. Өз елімізде отандық өнім шығару туралы көптеген жылдар бойы армандаған едім. Бұл жолда ұзақ іздендім. Менің күткен нәтижем де бірден бола қойған жоқ. Соған қарамастан, ұзақ жылғы ізденіс табысты болып, өзімнің арманыма айналған косметикалық өнімдерге қол жеткізіп отырмын, – деген Гүлшаш қазіргі қыз-келіншектер қолданып жүрген шетелдік өнімдердің кейбірінің құрамында ағзаға аса зиянды қорға­сынның болатынын жеткізді.

Кез-келген косметикалық өнімді пайдаланбас бұрын арнайы маманның ақыл-кеңесін тыңдап алғанның да артық емес екендігін ескертті. Гүл­шаш­тың сұлулық салонына жиі бас сұғатын Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева отандық өнімнің тұсаукесеріне арнайы қатысты.

– Мен қашаннан тынбай ізденіп, адал еңбек еткен жандарды қолдап жүремін. Бүгін де арнайы уақыт тауып келіп отырған жайым бар. Дәурен мен Гүлшаштың отбасы сондай бір еңбекті серік еткен жандар. Отанына келіп, өздері ізденіп, кәсіптерін ашып, елдің экономикасына да өз үлестерін қосып келеді. Міне, мына шығарып жатқан косметикалық өнімдерін мен де енді қолданатын боламын. Көбіне жұрт бізді шет елден киінеді. Шетелдік косметиканы пайдаланады деп ойлайтын болуы керек. Түк те олай емес. Менің үстімдегі киімдердің бәрі Қазақстанда тігілген. Жазғы демалысымда шет ел жағалап кетпей, өзіміздің Алакөлге барып демаламын. Германдықтардың «Ауди» деген машинасы бар. Бәрі сол көлікпен жүреді. Өйткені, патриоттық сезім­дері басым. Әрі дамыған мемлекет­тердің бәрі тек өз өнімдерін ғана тұтынады. Менің барлық қыз-келін­шектерге айтар ақылым – ақша­ларыңызды кез-келген косметикалық өнімге емес, өз елімізде шыққан, сапасы тексеруден өткен, сенімді өнімге жұмсаңыздар дегім келеді, – деп алғашқы өнімнің алушысы болды.

Отандық өнім туралы неліктен көп айтатын болып жүрміз? Өйткені, біз осы топырақтан нәр алғанбыз, осы топырақтан жаралғанбыз. Сондықтан бізге қандай да бір әсер беруі тиіс. Күнделікті тұтынып жүрген дәрі-дәрмектің өзі де солай. Көбіне біз кәріс, француз косметикасына жүгінеміз. Осыдан әсерленіп, өңінде өзгеріс болып жатқан қыз-келін­шектерді де тап басып көрсету қиын. Гүлшаш Әубәкірқызы шығарып отырған отандық өнімнің бет күтіміне ерекше әсері бар. Осы өнім арқылы бетті тартып немесе кеспей-ақ қалпына келтіруге болады. Тіпті, бетіңіздің табиғи қалпын ғана сақтап қоймай, қартаюдың да алдын алады. Бұл өнімдерді дайындауда отандық ғалымдардың да үлесі зор. Дәл қазір 12 түрлі өнім шығарылуда. Алғашқы өнім тек өз еліміздің нарығына шығарылса, ТМД мемлекеттерінің өнімдерімен де бәсекеге түскелі отыр.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *